ЕҢБЕККЕ ЕРТЕ АРАЛАСҚАН ЖҰП

Уақыты: 11.05.2023
Оқылды: 2883
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Күллі әлем жұрты Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын ұмытқан жоқ. Еске алған сәтте кеуде тұстағы бір уыс ет шым ете түседі. Жыл өткен сайын жеңістің де бағасы артып, оқиғалар аңыз іспеттес өрілуде. Тарих бетінде бедерленген оқиғаның әлі де айтылар һәм жазылар тұсы бар. Арамызда балалығы соғыс кезіне тап келіп, еңбекке ерте араласқандар қаншама? Ескелді ауданында тұратын тыл ардагерлері, ерлі-зайыпты Зейнұрғали Райымбековпен Серафима Райымбекова да аталған тізімде.  

Ескелді ауданы ес білгелі қызылшаның Жетісудағы негізгі ошағы. Соғысқа дейін оқушыларды лек-легімен Газ ММ машинасына тиеп алып, қызылша алқаптарына алып барып, тергізіп, оларды тазалататын. Сонда әр қызылша 2 және оданда көп келі тарататын. Оқушылардың шамасы жетпегені сондай, жерге қойып тазалайтын. Бұл көріністер Қарабұлақ ауылында 1936 жылы дүниеге келген Зейнұрғали Халықбергенұлының әлі де көз алдында. 1944 жылы әкесі қан майданнан ауыр жарақатпен елге оралады.

Бұл сәтте Зейнұрғали 1-сынып оқушысы. Жұмысқа ерте жалданған. Шаруаға араласып, масақ теріп, табысына жарты келі бидай алып отырған. Әр табысына ата-әжесі де риза. Бұл сәтте еліміздің батыс өңірінде, Атырау қаласында Серафима Евгенийқызы өмірдің бір сынағын басынан өткеріп жатты. Әкесі 1941 жылы соғысқа кетіп оралмаса, көлденең келген кесел алты баламен жесір келіншекті әбігерге салған.

Ақырында анасын ауру алып тынады. Жетімдіктің тауқыметі басталғанда үлкен әпкесі темір жол қызметінде жұмыс істесе, соған ілесе жүріп 6 жастағы қаршадай қыз перрон тазалап, күту залын жуып еңбек етеді. Сынақтың әр кезеңін еңбекпен, табандылықпен, қайсарлықпен жеңіп шығады. Отты жылдары тылда еңбектеніп, балалықтарына қарамастан жұмыстың ауыртпалығын көрген.

Серафима 1954 жылы мектепті тәмамдап, бала арманын орындау үшін мұғалімдік жолды таңдады. Алғашқы 3 курсты сол кездегі Гурьев институтында оқып, қалғанын Алматыдағы Абай атындағы білім ордасында жалғастырады. Артынша арнайы жолдамамен Ақсу ауданына келіп, табан аудармастан 5 жыл ұстаз болды. Бұл тұста Зейнұрғали қазақ ауылшаруашылық институтын тәмамдап, 4 жыл 7 ай солтүстік флотта әскери міндетін орындап, кезекті демалыспен Ақсуды аралап келген. Екеуі 1958 жылы танысып, 1961 жылы шаңырақ көтереді.

Бүгінде екі қызынан, нөмере, шөбере көріп отыр. Өз ұрпағының күліп-ойнап жүргенін, алаңсыз өсіп келе жатқан балаларының ұйқысының тыныш болуын тілейді. Өйткені балалықтың асыл қадірін дәл осы жандар біледі. Бүгінгі ұрпағының мейірімді жүзін, қуанышты бейнесін көру үшін еңбекке ерте араласты. Өмірдің 60 жылын бірге өткізген ерлі-зайыпты Жеңістің әр жылдардағы мерейтойға арналған медалдармен марапатталып, арнайы Құрмет қағаздарын алған. Еңбектің қашанда бағасы мен өтеуі болады. Елге сыйлы, халыққа да құрметті етеді.

Материал соңында кейіпкеріміз, бүгінде Ескелді ауданының Құрметті азаматы болған Зейнұрғали Райымбеков: «Өндірістің кез келген саласында өрендеріміз өркен жайып, өрістей берсін. Ұлт үшін жан беріп жұмыс істеңдер. Туған жерге деген қызмет жүрек тоқтағанша, жан шыққанша жалғасу керек. Әр азамат өз туған топырағының қадірін жете білсін» дейді.

Қали АСҚАР