Алаш қайраткерінің есімі мүлде ұмытылғандай: Базарбай Мәметов жайлы не білеміз?

Уақыты: 23.05.2023
Оқылды: 2905
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс екенін атап өткен еді. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды. Алаш қайраткерлері жөнінде зерттеу жүргізіліп, еңбектер жарияланған сайын оның ашылмаған қырының көп екеніне көз жеткізіп келеміз. Әсіресе, Жетісудағы Алаш қайраткерлерінің өмірі, қызметі, тағдыры турасында зерттеулер некен-саяқ.

Жетісудағы алаштықтардың арасында өзгесінен ерекше, дара тұлғаның бірі – Алашорданың, Жетісу облыстық қазақ комитеті кеңесінің мүшесі, Лепсі уезі қазақ комитетінің төрағасы Базарбай Мәметов. Базарбай 1888 жылы тамыз айында Жетісу губерниясы, Лепсі уезі, Балқаш-Лепсі болысында (қазіргі Көктерек ауылы) Мәмет Әсіпұлының кедей отбасында дүниеге келген. Оны дәйектейтін архив қорына тіркелген – 1898 жылғы тамыз айында Жетісу (Семиречье) облысы Лепсі уезінің басшысына уезд дәрігері Закатальский мен учаскелік дәрігер Галинов берген куәлік. 

1899 жылғы тамыз айында Верный ерлер гимназиясының дайындық сыныбына оқуға қабылданды. Сол кезде оның бастапқы тегі өзгертіліп, аты-жөні  Базарбай Мәметов деп жазылды. 1910-1911 оқу жылының наурыз айында Базарбай Мәметов емтихандарын сәтті тапсырып, гимназияның 8-сыныбын тамамдап, 1911 жылғы 2 маусымда орта білім туралы Халық ағарту министрлігі берген  №1807 аттестатты иеленді.

Гимназияны аяқтағаннан кейін көп ұзамай Базарбай әскери маман болуды көздеп, Мәскеу қаласындағы Алексеев әскери училищесіне оқуға түсу үшін сынақ тапсыруға бел буды. Сол заманның өзіндік талаптарына сәйкес үміткерге  Верный ерлер гимназиясының директоры арнайы куәлік беруге тиіс болған. Сондай куәлік гимназия директоры В. Дейнеконың атынан Базарбай Мәметовке 1911 жылғы 2 маусымда табысталды. Алайда Базарбайдың бұл талпынысы сәтсіздікке ұшырады, өйткені Ресей империясының әскери бағыныштылық туралы жарғысында бұратана халық өкілдерінің әскери қызметке шақырылмайтыны анық көрсетілген еді. Жетісу облысының әскери губернаторының 1911 жылғы берген куәлігінде  Верный ерлер гимназиясын бітірген, жергілікті тұрғын Базарбай Мәметовтің 1897 жылы жарық көрген Ресей заңына сәйкес әскери міндеткерлікті атқара алмайтыны ашық жазылды. Себебі заң бойынша «бұратана» халық өкілдері әскери міндеткерліктен босатылған-ды. Сол себепті Базарбай әскери училищеге қабылданбады. Бұдан өзге Жетісу облысы 1804-1917 жылдар аралығында Қазан қаласы орта және төменгі Еділ өңірі (Поволжье) губернияларының оқу округі саналғаннан осы аймақтың тұрғындары Орынбор, Омбы, Қазан тәрізді қалаларда білім алуға тиісті еді. Осылайша Базарбай Қазан императорлық университетінің заң факультетіне оқуға түсті. 

Осыған орай Жетісу облысының әскери губернаторынан жоғары оқу орнында оқу үшін шәкіртақы тағайындауын сұрап, өтініш жазған. Өтінішіне 1912 жылдың 5 наурызында генерал-майор М. А. Фольбаум шәкірт-ақы тағайындай алмайтыны, ол Қазан университетін бітірген Аманжоловқа беріліп отырғандығы жөнінде жауап берген. Тығырықтан шығатын өзге жолды іздестіру мақсатында кездейсоқ Ташкент қаласында Тынышпаевқа жолығып, князь Константин Константиновтың кеңсе меңгерушісі, полковник Беловпен таныстырып, одан көмек беруді өтінген. Өтініші қанағаттандырылып,  Базарбайға бір жыл көлемінде айына 20 рубль стипендия тағайындалған. 

Бұдан кейінгі уақытта Базарбай университетте өз күшімен оқыды. Талай қиындықты бастан кешірді. Алайда ол мойымады, тығырықтан адал еңбегінің арқасында шықты. Қазан қаласында репетитор ретінде еңбек еткендер айына 5-20 рубль ақша табатын. Осындай табысты Базарбай да тапқан. Табысын тұрған жерінің, тыңдаған дәрістерінің ақысына және ас-суына жұмсаған. ХХ ғасырдың басында қымбатшылық етек жайған Ресейде  бұл қаржыны Базарбайдың үнемдеп жұмсаса да жетпегені анық.   

Оқуға ден қойған Базарбай Қазан университетінде іргелі білім алып, білікті маман болып қалыптасты. Білікті заңгер, саясаткер, елі мен жерін сүйген азамат болуына аталған университет ұстаздары зор үлес қосты. Көргені мен көкірегіне түйгені көп ұстаздардан тәлім-тәрбие алған, Ресейдің қайнаған саяси-қоғамдық  өміріне  етене араласқан бозбалалардың, соның ішінде Базарбайдың саяси санасы ерте оянды. Бодандықтың қамытын киген елінің басына түскен ауыр жағдай Базарбайды есейтті, азаттық жолындағы күреске ұмтылдырды.  

1917 жылғы мамыр айында университетті тамамдады. Оқуын аяқтаған Базарбайдың қызмет жолы Ақпан революциясының жеңісінен кейінгі кезеңге дөп келді. Наурыз айынан бастап барлық облыста ұлт-азаттық қозғалыстың жаршылары қазақ комитеттері құрылды. Базарбай қазақ комитеттерінің жұмыстарына белсене араласып, қызмет жолын бастады. 1917 жылдың 1 сәуір – 7 мамыр аралығында облыстық қазақ съездері Орынборда, Алматыда, Оралда, Семейде, Омбыда өтті. Базарбай 1917 жылғы 12 сәуірде ашылған Жетісу облыстық съезіне қатысты. 

Бұдан кейін тұңғыш жалпықазақ съезіне Жетісу облысынан қатысқан 11 өкілдің қатарында болды. Құрылтай жиналысына депутаттар сайлауы съездегі аса маңызды мәселелердің бірі еді. «Алаш» партиясы ұсынған кандидаттардың басым көпшілігі бұл уақытта өзінің ұлт мүддесі үшін қоғамдық күресімен танымал қайраткерге айналған. Съездің Жетісу облысынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылғандардың «№3 список» деп аталған тізімінде заңгер Б. Мәметов 5-ші болып тұрды. Мұнымен қоса бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шоро-и-Исламға) өкіл етіп сайланды.

Тарихтан белгілі  қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралған ІІ жалпықазақ съезінің күн тәртібіндегілердің ішіндегі ең негізгісі ұлттық автономия еді. Съезде Алаш автономиясының Алаш- орда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) Ұлт кеңесі құрылып, оның құрамына 15 адам сайланды. Солардың қатарында Жетісу облысынан Салық Аманжолов, облыстардан тыс Алашорда құрамына Базарбай Мәметов және Отыншы  Әлжанов  сайланды.

ІІ жалпықазақ съезінде көтерілген мәселелерді жүзеге асыру үшін облыстық съездер шақырылды. 1918 жылдың 10-31 қаңтарында Верный қаласында Жетісу облысы қазақтарының екінші съезі өткізілді. Съезде төрағасы Ыбырайым Жайнақов болған облыстық Алашорда қазақ кеңесінің құрамына Сатылған Сабатаев, Иса Тергеусізов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Салық Аманжолов, Төлембай Дүйсебаев, Біләл Сүлеевпен бірге  Базарбай Мәметов сайланды.

Қазақстанда большевиктер билігі толық орнығып болмай жатып кеңес өкіметі тұтандырған азамат соғысы басталып кетті. Соғыс майданы  Қазақстан аумағын толығымен қамтыды. Жетісу  Кеңес өкіметіне қарсылық ошағына айналды. Лепсі уезінің қазақ ауылдары қорғансыз күйде қалып, ақ гвардияшылдар Қызыл әскердің тонауы мен зорлығына жиі ұшырады. Большевиктер халықты тонап, малын тартып алып, мүлкін талан-таражға салды. Тұрғындар малының жартысынан айырылды. Әскери қимылдарға байланысты алым-салық көбейді. 1918 жылдың жазында бір ғана Лепсі уезінде 10 мың сәйгүлікті тартып алды. Осындай қиын жағдайда Алашорда Кеңесімен бейбіт тұрғындарды қарулы отрядтардан қорғайтын, қазақтардан құралған әскердің қажеттілігі анық байқалды.
Ел басына күн туған ауыр кезде Жетісу қазақтарына көмек комитеті құрылды. Оған Алашорда үкіметінің мүшелері Салық Аманжолов және Базарбай Мәметов жетекшілік етті. Алайда оның жұмысы көп ұзамай 1919 жылы тоқтап қалды. Большевиктер жетісулық зиялылардың пайдалы қызметін революцияға қарсы әрекет ретінде таныды.

1918 жылғы 25 маусымда ІІ жалпықазақ съезінің шешіміне сәйкес Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов халық милициясын құру туралы қаулыға қол қойды.  Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында Семей қаласында капитан Х. Тоқтамышев басқарған І Алаш полкін ұйымдастыру қолға алынды. Нәтижесінде құрамында 30 адамы бар атты әскер құрылды. 1918 жылдың 2-ші жартысында барлық облыста Алаш әскерлері мен полктері жасақталды. Жетісуда қазақ жастарынан сарбаздар ұйымдастыруға Х. Ғаббасов, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаевпен бірге Б. Мәметов те белсене араласты. Кейін тұтқынға алынған кезде Алматы өлкелік ОГПУ-дың әлеуметтік қауіпті элементтерді тіркеу меморандумында Б. Мәметов  «Алашорданың 2 отрядын жасақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон бастығы болған», – деп жазылды.

Б. Мәметов Халық комиссарлары кеңесінің мүшесі ретінде де қызмет етті. 1918 жылғы сәуір айында Халық комиссарлары кеңесінің Лепсі қаласында өткізген мәжілістерінің хаттамаларында оларға қатысқан Т. Погорельский, Довбия, Токарев және т.б. бірге Б. Мәметовтің тегі жазылған. Мәжілістерде азық-түлік, босқындарды орналастыру сынды мәселелерді қарады.

Жетісудың солтүстігінде орын алған күрделі жағдайға байланысты 1918 жылдың тамызында И. Жайнақовтың басшылығымен Жетісу облыстық Алашорда кеңесінің мүшелері Лепсі уезіне аттанды. Ондағы мақсат уездегі ахуалға байланысты шұғыл әрекет ету және съезд шақыру еді. Жетісу облысы қазақтарының съезі 1918 жылдың 10-31 тамыз күндері Лепсі қаласында өткізілді. Онда облысты басқару органдарын құру, ұлттық әскердің бөлімдерін жасақтау, оқыту, қажетті заттармен қамтамасыз ету және оларды соғыста пайдалану мәселелері талқыланды. Оның жұмысына Б. Мәметов белсене қатысты.

Кеңес өкіметіне Б. Мәметов те адал қызмет етті. 1920-1925 жылдар аралығында ол әртүрлі қызметте болды. Азамат соғысы аяқталып, өлке бейбіт өмірге көшкен тұста (1920 жылы) Базарбай Лепсі уезі Романовск (қазіргі Көктерек) болысының Халық Соты болып тағайындалды. 1920 жылдың қазан айында аудандық соттың қаулысы бойынша Лепсі қаласының 1-учаскесіне халық тергеушісі қызметіне ауыстырылды. Қазан айының соңында Лепсі уездік ревкомының қаулысы бойынша контрреволюция мен саботажға қарсы күрес жөніндегі Бүкілресейлік төтенше комиссияның (бұдан әрі – ТК) аға тергеушісі болып тағайындалды. Алайда бұл қызметті ұзақ атқара алмады. 1921 жылдың сәуір айында уездік төтенше комиссиясының тергеушісі болып жұмыс істеп жүрген кезінде қамауда жатқандардың жалған арызы және Лепсі уездік ТК төрағасының кек алу әрекетінен тұтқынға алынды. Губерниялық ТК, губерниялық атқару комитеті және губерниялық комитеттің экспедициялық үштігі Базарбайды 12 тәуліктен соң босатты.

Осы жылдың мамыр айында Жетісу өлкесі кеңестерінің уездік, облыстық съездеріне делегат болып сайланып, Алматыға барды. Бастапқы кезде Жетісу облыстық атқару комитетінде, кейін облыстық кеңестік халық соты төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Кеңестік халық сотының  Қырғыз бөлімін басқарды. Лепсі және Талдықорған уездерінде тергеу-сот қарарлары мен қордаланған істерді шешуге кеңес беретін қосымша сот міндетін де алып жүрді. 1922 жылдың қыркүйек – 1925 жылдың ақпан айлары аралығында  Лепсі уезі прокурорының көмекшісі ретінде еңбек етті. 

1925 жылдың сәуір айында обл- прокурор Губерниялық соттың кассация бөліміне прокурор көмекшісі қызметіне Алматыға шақыртылды. Алайда өзі жазғандай, Базарбай қаражаттың тапшылығынан және денсаулығына байланысты Алматыға бара алмады. Сол себепті 1925 жылдың      6 қарашасында қызметтен босатылды.

Базарбайдың 1920 жылдардың 2-ші жартысынан жалғасқан өмірі қасіретке толы болды. Большевиктік биліктің 1928 жылғы ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны Алаш қайраткерін айналып өтпеді. Мемлекеттік қызмет атқарған, мыңғырған малы жоқ болса да жартылай бай-феодал ретінде қамауға алынып, тәркілеуге жатқызылған Базарбай өлкелік атқару комитетіне  жеделхат жолдаған. Балама пікірді де, ұтымды ұсынысты да қабыл алуды білмеген большевиктік билік Базарбайдың жазғандарына назар аудармады.  Ақыры  РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабына сәйкес айыпталып, қыруар малы бар қанаушы тап өкілі деп танылып және «Алашордаға сіңірген еңбегі үшін» ОГПУ қарамағындағы Алматы түзету үйіне қамалды.

Алаш қозғалысы мүшелерін нысанаға алған кеңестік билік оларға рақымшылық жарияланғанына қарамастан Саяси қуғын-сүргінге түсірді. «Халық жаулары»,  ұлтшылдар, ұсақ буржуазия өкілдері ретінде абақтыға қамады, ату жазасына кесті, жер аударды. Тоталитарлық жүйенің ұзын құрығына Б. Мәметов те ілінді. Ол 1931 жылы отбасымен Саратовқа жер аударылды. Алаш қайраткеріне  «Алашорданың» 2 отрядын жасақтап, ату-шабумен айналысып, біраз уақыт гарнизон бастығы болған, «нағыз қандықол қарақшы» деген жала жабылды. Кеңес өкіметіне еткен адал еңбегі  де еленбеді, керісінше, «бірталай лауазымды қызметтер атқарды, соның ішінде: губерния прокуроры, осы тұста қазына мүлкін талан-таражға салып, көптеген басқа да қылмыс жасады. Қастандық пиғылмен жалған деректер таратып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, ұлтаралық наразылықты тудырған» деген баға берілді. Алаш қозғалысы мүшесінің қазақ елінің болашағы үшін атқарған ісі басқаша бағалануы мүмкін емес-ті. 

Жер аударудың мерзімі аяқталғаннан кейін Нүкісте, Жамбыл облысында су шаруашылығында еңбек етті. Өмірінде біраз бейнет пен тоталитарлық жүйенің теперішін көріп, әртүрлі жерлерде тұрып, түрлі қызмет атқарып, ақыры туған жеріне оралды. Алайда ұзақ ғұмыр кеше алмады. 1946 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданында 58 жасында қайтыс болды. Қасіретті ғұмыр кешкен, Саяси қуғын-сүргінге түскен, жер аударылып, азап шеккен Алаш арысы 1989 жылы ақталды. Өкінішке қарай, Базарбай Мәметовтің есімі мәңгілік тарихи жадта қалатындай шаралар атқарылмады. Алаш арысына ауыл, мектеп, көше  атауы берілмеді. Үлкен қызы Сәуле қайтыс болғаннан кейін қайраткердің есімі мүлде ұмытылғандай.

Тарихи жадта сақталған Базарбай Мәметов тәрізді тұлғаларды қазіргі ұрпаққа таныту, сол арқылы тәрбиелеу, насихаттау – қоғам дамуының басты көрінісі. Елінің азаттығы үшін күрес пен тартысқа, қиындықтарға толы Б. Мәметовтің өмір белестерін жастарға үлгі ретінде көрсетудің тарихи сана қалыптастырудағы маңызы зор. Өйткені ол кез келген жағдайдан қажырлы еңбегінің, кәсіби білігінің арқасында абыроймен, сабырлылықпен, ақыл-парасатымен шыға алды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, жергілікті жерде ғана танымал болған адамдарды, жекелеген ру өкілдерін емес, ел игілігіне, тәуелсіздік жолына өмірін арнаған тұлғаларды дәріптеу қажет деп санаймыз. 

Оразгүл МҰХАТОВА,
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология 
институтының бас ғылыми қызметкері, тарих    
ғылымдарының докторы, профессор