Қағыр жердің қара су сіңбес беткі қабатына түскен қайланың жүзі майырылардай болса да ел теңдігін, еркіндігін көксеген батырлардың астындағы күлік тұяғы шаңдақ тұтып, әлгі жерге таға мөрін айғыздаған. Шашақты найзасының жүзін тотықтырмай, таң асқан тұлпарымен елдің о шеті мен бұ шетіне сабыла жортып, жортуылды жол өткеріп жүріп ай алшайып, жыл жантайып көрмепті. Жансебіл жұртының ақ арманын кеудесіне құндақтаған Абылай хан өмірден өткеннен кейінгі уақытта тізесін нықтап батырған орысқа шындап кек тұтып, қақпан қапқан қасқырдай қазақ нықтап ашуға басқан.
Осынау алмағайып шақта қазақ сахарасында небір текті құндаққа түсіп, жөргекте уілдеді. От жүрегін тулатып өмірге келген бекзат болмыс иелері ақылмандығымен, ділмарлығымен дараланып, батырлығымен тарихтан тұғыр сайларлық істер жасады. Тарау-тарау шежіреміздің шанағында күй болып күмбірлеген қасіретті, қанкешті кезең жарты ғасырдан кейін хандықтың ішкі қырқысынан тұтанған Исатай мен Махамбет көтерілісі, кеудемсоқ орыс халқының оспадарлығынан күйінген хандықтың соңғы тақ иесі Кенесарының шайқасы жүріп жатты. Міне, дәл осы уақытта Жетісу өлкесінде жомартығымен дараланған Омар сұлтан Серғазыұлы жомарттығымен жұрттың жүрегінен жол тапқан тұлғалар сапынан табылған-ды.
Қасиеті тұнған Жетісу жерінің ең шұрайлы пұқпағы, Қапал, Баласаз, Сарытауды мекен еткен, елге әділ төре болған, сұлтандық шенге ие Омар төре 1811 жылы дүниеге келген. Тарихи деректерге қарағанда 85 жыл баянды-барақатты ғұмыр кешкен, Шыңғысханның асыл нәсілінен тараған Омар сөзге шешен, елге әділдігімен жаққан жан.
Ғұмырын ізгілікпен нұрлдандырған тарихи тұлға жайлы айтылған аңыз көп. Мәскеу мұрағатынан табылған деректе: «Омар Серғазыұлы Аягөз өңіріндегі сұлтан, би, старшын, құрметті қырғыздар және шені бар тұлғалардың 1851 жылғы тізімінде №872 болып тіркелген. Осынау құжатта «Омар – Аталық-Матай руының сұлтаны» деп жазылған екен. Сонымен қатар, құнды қағаз жүзіндегі жазуға зер салсақ: «Омар Серғазыұлы 1850 жылы 39 жаста болған, Көшектен тараған ұрпақ», – деп көрсетілгенін аңдаймыз.
Заманында дәулеті шалқыған, берекесі тасыған Омар төре айналасындағы жұртқа жомарттығымен жағыпты. Аш-арықты санатқа қосып, қазақы кеңпейілдікпен жылағанның шарасынан жас құрғатқан оның малы жанының, жары арының садағасы болғанын бүгінгі ұрпағы ұран етіп келеді. Тарихи тұлға жайлы табылған деректерде оның жайлауы – Желдіқарағай, қыстауы Маңдайшоқы екені тайға таңба басқандай жазылған. Қысы-жазы көшіп жүріп, шөптің шұрайлысын түлік тісіне ілдірген, сұлтандығы мен төрелігінен адамдығын асыл деп бағалаған ол шын мәнінде өте ауқатты адам болыпты. Мұны да тарихи деректерден аңдадық. Сонымен қатар, ҚР Ақпарат саласының үздігі, журналист, әріптесіміз Гүлжан Тұрсынның «Жанымның саясы» кітабындағы «Тұрсын төре» атты әдеби шығармада бірқатар дерек айшықталған. Мәселен, автор бабасы жайлы: «Серғазыұлы Омар сұлтанның (1811 жылы дүниеге келген) үйір-үйір жылқысы су ішуге келгенде Бүйен өзені тартылып қалады екен. Омар аталық-матай руларының сұлтаны болған. Қыстауы Маңдайшоқы, жайлауы Желдіқарағай», – деп жазады. Бұл жоғарыда біз атап өткен ғұмырбаяндық-хамсадағы тармақтармен дәлме-дәл дүние.
Иә, кешегі шұбалаң шақта ғұмыр кешіп, елдің шырқын бұзған үркіншілікте көпке қамқор болған, сая таппағай сансырағанға кеудесін самалдық ете білген Омар төре шынайы тарихи кейіпкер. Оның ұрқы Тұрсын төре де әйгілі. Ол бабасы шыңғысхандай батыр, әкесі Омардай оғлан болған-ды. Сондықтан да болар қазақтың қыр арқасына шығып, қос өкпесін өкшесімен қысқан орыстың оспадарлығына қарсы тұрғып, ел үшін иығына қару асынды. Бұл жайлы қалам ұстаған ұрқы аталмыш кітапта: «Ұжымдастырамыз деген желеумен Кеңес өкіметі мал-мүлікті тәркілеуге кіріседі. Қапал-Баласаз әскери операциясы кезінде олар жергілікті халықтан 641 тай-құнан, 364 түйе, 108 бұқа, 108 сиыр, 603 айғыр, барлығы 5621 малды тартып алған. Бұл есепке алынғаны. Есепке алынбай айдап әкетіліп жатқаны қаншама?! Мал халыққа бұйырмасын деген ниетпен қызылдар қазіргі Ақсу ауданындағы Қызылтаң ауылының маңындағы Маңқа деген жерге бар жылқыны жинап, өртеп жіберген. Халықты мал «маңқа» ауруына шалдықты деп алдаған. Осындай келеңсіздіктерге шыдамаған Бүйен-Ақсу ауданының бас көтерерлері 1930 жылғы наурыз айының орта шенінде бас қосты. Әңгіме Кеңес өкіметіне қарсы тұру жайында өрбіді. Ертеңінде олар 3 отрядты жасақтап, үшеуін үш жаққа жіберді. Біріншісі – Арасан, екіншісі – Абакумовка, үшіншісі – Ақсуға бет алды. Абакумовкаға барған көтерілісшілер жергілікті халықтан ұжымдастырамыз деп тартып алған жылқыларды айдап әкеліп, жарамдыларын мініп, ондағы бірнеше орысты өздеріне қосып алды. Көтерілісшілердің бір отрядын Тұрсын Омаров басқарды», – деп көрсеткен. Шындығында зорлықшылдарға шыдамай батырлығын майданда көрсеткен Тұрсын төре әкесі Омардың бейітінен ұзаққа бармады. Қасиетті мекеннің мақпал белде, жаныштаушы таптың атқан оғынан ажал тапты. Ал ғұмырын ізгілікті іске жұмсаған, бекзаттықты болмысымен көрсеткен Омар төре бүгінде Баласаздың маңдай шоқысындағы өзі салған қорымда жатыр. Бұл туралы мына бір жазбада анық айтылған: «Ол көзінің тірісінде бір сандық алтын беріп, Түркістан жақтан шебер алдырып, өзіне кесене салғызды. Онысы бақилық мекенім бала-шағама рух беріп тұрсын дегені еді. Күмбез арқылы өзінің дәрежесін де байқатқысы келген. Биіктігі 10 құлаштай мазарды жылқының жал-құйрығы және ешкінің майы мен қылшық жүнін сары батпаққа араластырып салдырды. Батпақты бір үйір жылқыға таптатып, иін қандырады. Құлап қалған жылқылар болса, шеткерек шығарып, бауыздап, ел-жұртқа үлестіріп жіберіп отыратын. Кесененің төбесіндегі айы айналып тұрады. Мұндай мазар бұл маңда бұрын-соңды болмаған. Қасиетті Омар төре өмірінің соңында кесене салынып бітті ме деп қайта-қайта сұраумен болады. Бақилық үйі тұрғызылып біткенде барып көз жұмады. Мұнда өзінің бауыры Алқан да жатыр. Жан-жағында өрен-жарандары». Осынау деректі оқи отырып Омардың әулие адам болғанын да іштей мойындауға тура келетіндей. Заманында ойшылдар өзіне мазар тұрғызып немесе пайғамбарлық жастан кейін жер астына түсіп кететінін әдеби, тарихи шығармалардан оқып қаныққанбыз. Сол секілді іске басқан Омар төре Серғазыұлының сары топырақтан салынған кесене заманындағы қызылдар шапқыншылығынан төбесі аздап мбұзылғаны болмаса, басқа жеріне сызат түсірмей қасқайып ел шебінде тұр. Қытай мен қазақ шегарасына таяу, Баласаздың Маңдайшоқысынан асып түскенде көзке шалынар осынау кесене әлі күнге дейін Қазақстанның қасиетті нысандарының тізіміне енбеген. Бір жарым ғасырлық тарихы бар бұл кесенені қапалдықтар мен сол елді мекендегі көпшілік, төре тұқымдары мемлекет қорғауына алмаса, қолда бар асыл дүниеден айырылып қалмасақ екен деп тілек білдіріп келеді. Біз де осынау мақаланы жазудағы негізгі мақсатымыз, Омар сұлтан кесенесін қасиетті мекендер тзіміне алып, қамқорлық көрсетсе деген ниетіміз барын жасырмаймыз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ