Еңбектен тапқан бақытын

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1544
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Құмсағат ғұмырдың сынаптай сырғыған әр күнін шүкірлік айтып өткергенге не жетсін?! Топырағынан тектілік дарыған, тәрбиесінен тәңірін таныған батагөй бабалардай артқа қанағатшылдықпен қарайлап, өткен өмір, кешкен тірлікке риза кейіп танытар ондай жандар жетерлік. Олардың әр басқан қадамына, жүріп өткен белесіне зейінмен зер салсаңыз «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы», деген татымды тіркес ойға еріксіз орала кетеді. Сонда барып бабалардың бұл мәтелі мазмұнды да ғибратты ғұмыр кешкен жандарға қарата айтылғанын пайымдар едіңіз. Ал, біздің пайымнан сыр суыртпақтар болсақ, бақытын еңбектен тапқандардың санатында Ардақ Сыдықтың бар екені даусыз.

Ардақ Мауытханұлы топырағынан талай тектіні түлеткен қасиетті Семей облысы, Ақсуат ауданында 1947 жылдың 18 желтоқсанында өмірге келген. Қоңыр тірлік кешкен қарапайым отбасында дүние есігін ашқан ол еңбекке ерте араласқан көрінеді. Өзінің айтуынша ата-бабалары диірмен ұстаған, шаш етектен келген шаруаны иіріп алып кетер еңбекқор жандар болған-ды. Сондықтан да әулеттің құтты шаңырағында ес таныған балалар 7-8 жасынан тіршілікке бейім болып, үлкендердің тапсырмасын тап-тұйнақтай етуге дағдыланған... 
Сол тәлімді сүйегіне бекітіп, қанына сіңдіре білген Ардақ 1965 жылы орта мектепті бітіріп шығады. Ал, еңбек жолын сол жылы Ақсуат ауданына қарасты «Ақсуат» кеңшарында жұмысшы-құрылысшы болып бастайды.
Туған жерінде тіршілікке араласып, еңбек дәмін тата білген Ардақ Сыдық 18 жасында арман қуып Алматыдай үлкен шаһарға ат басын бұрады. Алайда, сол кездегі саясаттың салқын лебі қазақ жастары тұрмақ, алты Алаштың әр перзентінің алдынан бұрқасындай борап тұрған сәті еді-ау. Ол түгілі алып шаһардың тұрғыны атанудың, тілдей қағаз алудың өзі мұң болатын. Сол тұста үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін арман атты күлігін сайлап келген бозбаланың да жағдайы мәз емес еді. Жақын тартар танысы жоқ жат қалаға енген соң, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтына барып бақ сынап көреді. Айы оңынан туып аталмыш жоғары оқу орнының студенті сапынан табылған ол, 1974 жылы ауылшаруашылығын механикаландыру факультетін инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. 
«Тәрбиең тал бесіктен, білім алып адам болуың өз ынтаңа байланысты», – деп ұлағатты сөзін арнап ортыратын майдангер Мауытханның әкелік ақылының астарын зерек көңілмен пайымдай білген Ардақ, жоғары оқуын тамамдаған жылы әскерге аттанып, Аягөзде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді. Сол тұста Алматы қаласындағы №5 автопаркте Самархан Айкүмісов атты азамат директор болып тұрған. Жұмыс іздеп келген Ардақты көріп: «Жоғары оқу орнын жақсы тамамдаған, әскерден жаңа келген жалынды жасты жұмысқа алмай қою – қиянат. Сен үлкен азамат болатын жансың», – деп жұмысқа қабылдайды. Сол Самархан Асылханұлының оң көзқарасынан кейін талапты жастың тасы өрге домалап, еңбекке деген ынтасы одан ары арта түседі. Сөйтіп, таңғы 8-ден сағат тілі түнгі 11-ді көрсеткен сәтке дейін тыншымайтын ауыр еңбекке бел шеше кіріскен Ардақ Сыдық 1976–1990 жылдары Алматы қаласында Автомобиль транспорты министрлігі саласында автопаркте, таксопаркте қызмет етіп, Автотранспорттың қалалық басқармасында автоколонна бастығы, диспетчерлік пункттің бастығы, мекеме басшысының орынбасары, автопарктың директоры болып қызмет атқарған. 
Тірліктің тоқтап тұрар сәті болмағандықтан адам баласы да, әсіресе, жасынан тіршілікті құр өткізбеуге дағдыланған еңбекқор жанның бір орында байыз тауып қалмасы анық. Жасынан қалап алған ісін ұршықша иіріп, сабылысқан сан көлікті тізгінін ұстап, басшылық қызметті абыроймен атқара білген Ардақ Мауытханұлы  1990–1994 жылдары Қазақ Республикалық туризм және экскурсия кеңесінде бас инженер болып еңбек етеді. Ал, 1994 жылы Автотранспорт басқармасында бөлім бастығы және №4 автопарктың бастығы болған. Одан кейінгі жылдардан бастап Республикалық «Қазселденқорғау» мекемесінде автобазаның директоры, механизмдер және транспорт басқармасының бастығы болып қызмет істеген. 
«Өмірде жеткен жетістігімнің бәрі адал еңбегімнің арқасында. Алдымнан күтіп тұрған ағайыным болмаса да Алматыдай алып шаһарға арман қуып келіп, тынбай тер төгу арқасында еңбекпен бақытымды тапқандаймын. Қай салада қызмет етсем де елімнің ертеңі, ұрпағымның келешегі үшін деп білдім. Соның арқасында көпшіліктің алғысын арқалап, әулетімнің арқа сүйер асқар тауына айналғандаймын», – деп қанағатшылдықтың қарапайым үлгісін көрсете білген Ардақ Сыдық 2003 жылдың қаңтар-қазан айларында «Отан» партиясы Қарасай аудандық өкілдігі бастығының бірінші орынбасары болды. Ол тұста да күн сайын келіп-кетіп жататын қарапайым халықтың талап-тілектерін жерде қалдырмай, өзіне жүктелген жауапкершілікті айтарлықтай абыроймен атқарған болатын. Соның арқасында, Алматы облыстық мәслихатының ІІ, ІІІ, ІV шақырылымының депутаты, ал, ІІІ, ІV шақырылымда облыстық мәслихат хатшысының қызметін атқарды. Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы болып тұрған шақта да қарттарын «қазына» деп білген халықтың игілігі үшін айтарлықтай іс тындыра білді. Түрлі игі шаралардың басы-қасында жүріп, жайдарман жаңалықтардың орын алуына мұрындық болды. Соның арқасында ақсақалдардың батасына кенеліп, елдің абыройына бөленген-ді.
«Өткен өміріме көз тастасам, өкінер жерім жоқ», – деп сабырлы кейпінде маңғазданып отырған еңбеккер Ардақ Сыдықтың өнегелі ісі көпке мәлім. Ол майдангер әкесі Мауытханның тәлімін бүгінгі ұрпақтарына беріп отырған қазыналы қарт. Айта кетерлігі, сұрапыл соғыстың дабылы қағылғанда Алматыда жасақталған 100-ші бригадаға алынып,  Калинин майданында Великие Луки қаласын қорғауда аяғынан жаралы болған, Мәншүк Мәметова, Рымбек Байсейітов, Әзілхан Нұршайықовтармен бірге жаудың бетін тойтарған Мауытханның ерлігі мен өрлігін, қарапайым шаруа адамы болса да өнердің өрінен тұғыр сайлайтындай қабілет-дарынға ие Жақатай Әмірқасымовадай анасынан алған «тәрбие-дәнегін» Ардақ ағамыз да ұрпағының бойына сіңіріп келеді. Жетпістің желкенін көтерген ол: «Әкем мәдениет саласында еңбек еткендіктен бе, бала күнімізден газет-журнал, кітаптарды оқып өстік, соның арқасында саясаттан сыралғы болып, әдеби үрдістен кенжелеп қалмадық. Сонымен қатар рухани тұрғыда өзімізге керекті білімге қол жеткізе білдік», – дейді. Ал, осындай ғибратты ғұмыр кешкен ол отбасы алдында 2 ұл, 1 қыз сүйіп, олардан 5 немере көрген және оларға ерен еңбегі арқылы таршылықтың дәмін таттырмаған әке-ата атанса, халқына іскерлігімен танылған үлкен азамат. Ол әр жылдары жоғары марапаттарға ие бола білген білікті басшы. Мәселен, «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Тың игеруге – 50 жыл», «ҚР Парламентіне – 10 жыл», «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «Астана – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарымен марапатталған, Алматы облысының Құрметті азаматы. 
Елін сүйген, ерен еңбегімен ел сүйсінткен Ардақ Сыдықты осыдан кейін бақытын еңбектен тапқан азаматтардың қатарына сіздің де қосарыңыз даусыз-ау, зерделі оқырман!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.