ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ДӘРІПТЕЛЕДІ

Уақыты: 19.06.2024
Оқылды: 460
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жаз айлары жарқын сәттерімен есте сақталады. Жан жадыратар жайма-шуақ күнімен, даңғаза тірліктен бір сәтке болсын тынықтыратын демалысымен көңіл серпілтеді. Бұл уақытта оқушылар да келесі оқу жылына дейін бой жазып, ойын сергітеді. Осы ретте Қапал ауылы Ғали Орманов атындағы орта мектебінің базасында орналасқан «Тамшыбұлақ» жазғы демалыс лагері өз жұмысын бастады.


Лагерьдің ашылуы сән-салтанатпен өтті. Мұнда балалар әуелете ән шырқап, мың бұрала би билей жүріп өнерлерін паш етті. Кеш аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында киіз үй тігіліп, Қапал ауылдық «Ақын Сара» мұражайында көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің ағаштан жасалған бұйымдарын тамашалаған көпшілік оң бағасын берді.

Салтанатты шараға облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Күлайхан Даулетбекова, аудандық мәслихат депутаты Сандуғаш Баянова, Қапал ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Аманғали Оразбеков қатысты. Жиында ақсақал бата берсе, әжелер қауымы шашу шашып, басшылар оқушыларға ізгі тілектерін жеткізді.

– Құрметті лагерь қызметкерлері, жас өрендер! Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарыңыз Отанымыздың адал азаматы болуға жетелеуіне, болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыздың ашық болуына тілектес екенімді айтқым келеді. Лагерьде сіздер үшін қызықты конкурстар, жарыстар, саяхаттар, ойындар, қойылымдар ұйымдастырылады. Демалыстарыңыз қызықты өту үшін барлық кезеңде мейірімді, шығармашыл, ең жақсы тәрбиешілер мен қызметкерлер сіздермен бірге болады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Айта кетейік, «Тамшыбұлақ» жазғы демалыс лагері балалар үшін 10 жыл бойы сапалы қызмет көрсетіп келеді.  Мұнда 330 жеткіншектің тынығуына жайлы жағдай жасалған. Лагерь 6 кезеңде  жұмыс істейді, әр кезеңде 55 баладан демалады.

Медет ЖҰМАБАЙ