Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы көктем мезгілінде бастау алған. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты апталықтарды жоғары деңгейде атқардық. Бірақ қоршаған ортаның тазалығын сақтау – бәріміздің азаматтық борышымыз.
Мұқыры ауылдық округіндегі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н. Алдабергенов мемориалы орнатылған саябақ маңы қоқыстан тазартылды. «Таза Қазақстан» атты акциясы аясында «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылды. Акцияға аудан, ауылдық округтердің 40-тан аса «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің әр аймағында өтіп жатыр. Бұл жасқа да, жасамысқа да табиғатты қалай аялау қажеттігін түсіндірді. Барша аудан тұрғындарына «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысыңыздар деп айтқым келеді. Себебі, өзіңіз тұрып, ауасын жұтқан өңірдің таза болуы тек өзіңізге байланысты екенін ұмытпау керек, – дейді Алғабас ауылдық округінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшысы Аружан Ернарқызы.
Сенбілікке қатысушылар құрал-саймандар мен қоқысты жинауға арналған қапшық және қолғаппен қамтамасыз етілді.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері Көксу ауданына қарасты ауылдардан 6 мың тоннаға жуық күл-қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Аудан бойынша осындай 30 шақты іс-шара өтті.
Әнел АНАПИЯНОВА
Көксу ауданы