ҚЫЗЫҚТЫ МЕКЕН

Уақыты: 20.06.2024
Оқылды: 306
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Балалар үшін жазғы демалысты көңілді өткізудің бір түрі – лагерьге бару. Олар үшін бұл жай ғана демалыс орны емес, нағыз шытырман оқиғаларға толы қызықты мекен.


Жетісу өңіріне қарасты лагерьлер саны жыл санап артуда. Десе де тау-тасты араламай, ата-ана талабын саралап, балалардың бос уақытын бағалай білетін «Балдәурен» жазғы күндізгі ашық алаңы жылдағы үрдіс бойынша өз жұмысын жүргізуде. 

Жазғы алаңда өткен демалыс жаңа достарға, спорттық жарыстарға және көңілді ойындарға толы болатыны жасырын емес. Түрлі ортадан келген балалар жаңа қоғамға бейімделуге дағдыланады. Өз бетінше әрекет жасап, өзгелермен тіл табысып, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға үйренеді.

Талдықорған қаласы Оқушылар сарайында өтетін «Балдәурен» жазғы ашық алаңы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жазғы мектеп жұмыстарын жүзеге асырады. Вокал, сурет салу, қолөнер, мүсіндеу сынды шығармашылық және тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы сияқты балалардың ой-өрісін дамытатын сабақтар жүргізеді. Пәндік қызықты орыс тілі, ағылшын тілі сабақтары ұйымдастырылып, тарихи өлкетану үйірмелері арқылы жүзеге асатын танымдық іс-шаралар қатары да көп.

Жазғы ашық алаң шомылу маусымымен тұспа-тұс келгендіктен, ата-аналар рұқсатымен балаларды шомылу орындары мен табиғат аясына алып шығу жоспарланған. 

Жансая ҚАБДЕН,
оқушылар сарайының
көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі
Талдықорған қаласы