Қазақ журналистикасы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі болып жатқан сан мыңдаған ақпаратты халыққа көркемдеп, ана тілінде жеткізіп келеді. Елдегі басылымдар, телеарналар, радиотолқындар қазіргі журналистиканың дамуына үлкен үлес қосуда. Ал осы саланың дамуы жолында тер төккен тілшілердің еңбегі ерен. Осы орайда Бейсен Құранбектің есімін ерекше атап өтуге болады. «Айтуға оңай», «Қарекет ет, батырым» деп әрбір қазаққа ой салған арда азаматты білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә!? Сондықтан да қазақ журналистикасында өшпес қолтаңбасы қалған Бейсен Абайұлының журналистер мектебін құру ісі қолға алынды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйытқы болуымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Аяулы алақан» қоғамдық қоры «Бейсен Құранбек журналистер мектебін құра отырып өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз қызметінің қарым-қатынасы механизмін жетілдіру» тақырыбындағы әлеуметтік жобаны іске асыруда.
Жетісу облысында Бейсен Құранбектің журналистер мектебін құрып, өңірдегі БАҚ өкілдерінің, баспасөз хатшыларының, блогерлер мен журналист-студенттердің кәсіби және сараптамалық әлеуетін, білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында іске асатын жоба жоғары деңгейде атқарылмақ. БАҚ, азаматтық қоғам және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын қалыптастырып қана қоймай Жетісу өңірінде «Өңірлік журналистер пулын» құру да көзделген. Қазақ журналистикасының әлеуетін кеңейту мақсатында шетелдік мамандарды тарта отырып, оқытуды ұйымдастыру да жоспарда бар. Бағдарламада «Медиасауаттылық, медиа этика», «Дата журналистика және фактчекинг», «Мультимедиялық журналистика», «Мобилография негіздері», «Копирайтинг» бағыттары бойынша арнайы оқыту курстары өтеді.
«Аяулы алақан» қоғамдық қорының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Жансерік Байденовтың айтуынша, аталған жоба өңірдегі журналистиканың дамуына жасалған маңызды қадам болмақ. Медиакеңістіктегі әрбір маманның кәсіби өсуі мен өзара әрекеттесуі үшін барлық жағдай жасалмақ.
– Бейсен Құранбек атындағы журналистер мектебінің құрылуы көрнекті журналистің сара жолын жалғауға ниетті қаламгерлер үшін өте пайдалы болмақ. Қоғам игілігі үшін қызмет ететін тілшілердің жаңа буынын дайындауға мол мүмкіндік береді. Қазақ журналистикасының дамуына үлес қосамыз десек, осындай жобаларды жоғары деңгейде атқарғанымыз жөн. Біз тек қазақ журналистикасымен шектеліп қалмай шетел журналистикасының қыры мен сырын оқып, біліп, қажетті дүниелерді өзімізге алуға мүмкіндік аламыз. Осылайша кәсіби журналистиканың құзыреттілігін қалыптастырып, шетелдік медиа кәсіби мамандарды тарта отырып, оқыту курсын ұйымдастырамыз. Қысқасы, қазақ журналистикасына жанашыр тілшілердің жан-жақты білім алуы үшін бұл мектеп ауадай қажет екенін айтқым келеді. Қазақ журналистикасына орасан зор еңбегі сіңген Бейсен Құранбек аға-ұстазымыздың есімі біздей журналистер тұрғанда ұмыт болмауы тиіс, – деді жоба үйлестірушісі Ақжелең Рахатдинқызы.
Жалпы, жобада 10 үздік журналистік жұмыстың авторлары ақшалай сыйлықпен және дипломмен марапатталады. Жүлде қоры 200 мың теңгені құраса, әрбір жеңімпазға 20 мың теңгеден беріледі. Жобаның негізгі аспектісінің бірі – Бейсен Құранбек атындағы жеке шәкіртақы. Студенттерге жыл сайын 100 мың теңге көлемінде біржолғы төлемақы бөлінеді. Үздік тілшілер Астана, Алматы қалаларында орналасқан республикалық деңгейдегі телеарна, радио, баспалардан тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
Еңлік КЕНЕБАЙ