ӨНЕРДІҢ ӨШПЕС ШЫРАҒЫ

Уақыты: 08.07.2024
Оқылды: 440
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Jetіsý» газетінің 20 сәуір күнгі №47 санында елге танымал қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Журналистикасы академиясының академигі Әміре Әріннің «Баласы Жәлменденің Пышан едім» атты салмақты мақаласы «Ұлт перзенті» айдарымен оқырмандар назарына ұсынылды. Автор әсіресе Пышанның ақындығы мен сазгерлігіне, серілігі мен өнердегі асыл мұрасына, өмірден өткеніне бір ғасырдан аса уақыт өтсе де ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде сақталып келе жатқан шығармаларына, асқан талантына  баса назар аударған екен. Бұрын да бұл тақырыпқа кезінде көптеген жазушылар, өлкетанушылар: Өкітай Ахметов, Әли Ысқабай, Әміре Әріннің өзі де қызығушылық танытып, баспасөз бетінде біраз дүниелер жариялаған болатын. Жәлменде мен Пышанның сол замандағы өмір жолдары мен тарихтағы орнын айқындау ісіне Ахмет Жортарұлы, Мағауия Құрымбайұлы, Әкебай Бөжейұлы, Кәрібас Уанұлы, Мейіртай Әбілтайұлы, т.б. көп пайдасы тиген. Ал, Мият Көпелбаев, С. Ковалев, А. Сорокин, Жәнібек Кәрменов, Ербала Ысқақовтар Пышанның жалпақ көпшілікке танымал болуына мол еңбек сіңірген. Соның ішінде, Өкітай Ахметов «Атылған ақын ақиқаты» деген мақаласында «Жәлменде – Пышан» туралы деректерге мол көмегін тигізген Шолпан Нұрлыбайқызы Молдахметова туралы жазған екен.


«Жақсы болсаң мақтаулы атың сақталар» демекші, /Ж. Баласағұни/, 1984 жылдан бастап  Жетісудың 70-тей тұрғынымен жүздескендегі  деректерді  Ө. Ахметов  сол апамыздың  айтуымен қорытыпты. Сөзі де, өзі де түзу, кісілермен сөйлесуді білетін, иманжүзді, дәті берік, адуынды апамыз бірнеше ұлттың биін білетін әуесқой биші көрінеді. Ер-азаматтардың ойына келмеген іспен ерінбей айналысып, баға жетпес деректерді жинап, қадірін білетін кісінің қолына тапсырған апамызға мың да бір рахмет! 

Шолпан апамыз туралы жазып отырған себебім, 2001 жылы 2 қыркүйекте анамыз арнайы келген Өкітай Ахметовке Күлжамила Артыққызын жүздестіріп, таныстырған. Күлжамиланың күйеуі Ізтілеу Исаев (1907-1968) деген азамат екен. Ізтілеу 13-14-ке жуық дастанның иесі, ақын. Оның біраз еңбектерін Күлжамила апамыз Ө. Ахметовке берген. Қазір де сол кісінің мұрағатында болса керек. Ізтілеу ақынның еңбектері туралы әлі де  жинақталып, жазылатын шығар деп үміттенеміз. Күлжамила Ізтілеумен 1962 жылы қосылып, ол кісі қайтыс болғанша бірге тұрды. Екеуінен бір ұл бала болған, бертінде қайтыс болып кетті. Күйеуі бақилық болғаннан кейін бірер жылдан соң апамыз Қаратал ауданындағы Қожбан ауылына көшіп келді. Себебі, ол кісі менің Өмірғали бауырымның зайыбы Шолпан жеңгемнің жақын апайы болатын. Ал, Зекен деген бір баласы бізбен құрдас, жас кезімізден араласып, бірге өскенбіз. Осы кісі арқылы Ізтілеу Исаевқа шығып отырған жазушы Ө. Ахметовтің айтуынша, ол «Атылған ақын, ашынған қатын» деп  жырлап кеткен ақын. Ізтілеу Пышан мен Қайшаның өмір жолын зерттеп, ыждағаттылықпен қағазға түсіріп, жазып кеткен адам. Ал, осы Ізтілеу ақын жоғарыдағы «Баласы Жәлменденің Пышан едімді» «Жетісу» газеті бетіне шығарған қоғам қайраткері, Алматы облысы, Қаратал, Көксу  аудандарының  және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақ тілі» қоғамы Жетісу облыстық филиалының директоры Әміре Әріннің кіндік әкесі. Әміренің атын ұлы әншіге ұқсатып ырымдап, атақты болсын деп, азан шақырып қойған ел ардағы. Халқымыз «Баланың кіндігін кім кессе, соған тартады» деп тегін айтпаған. 

Енді өзіме ой салған басты жайтқа тоқталайын. «Бақ пен дәулет тең келсе, адамның толар кемелі»  деген еді  Ескелді би бабамыз. 1911-1913 жылдар шамасында Пышан болыс қасындағы бір топ нөкерлерімен Андас руының Көтен, Бөрте, Қатпасының Бөртесінен тарайтын Маралбайұлы Нұркеш атамыздың Қараталдың жағасында, қазіргі Қызылжар деген жердегі үйінде қона жатып жүрген. Әкемнің айтуынша, бұл кісілер Жаркент пен қазіргі Алматы (Верный) жақтың базарларына барып жүрген  сияқты. Бірақ әкем не алып бара жатқанын білмеген. Шамасы, бірнеше түйеге тиегендері тұз ба деп топшылаған. 

Нұркеш атам да сауда-саттыққа жақын, Маралбай бабамыздың ұрпақтарының ішіндегі пысық, ел-жұртқа, ағайынға қадірлі, билігі жүретін кісі еді. Нұркеш ата менің әкемнің әкесі Тоқтарбайдың туған бауыры. Пышан атамызбен жақсы таныс, етене көңілі жақын болғандықтан ол осы үйге ары-бері жүргенде тоқтап, демалып, қонақ болып кетеді екен. Өйткені әкем Пышанды бір-екі жыл ішінде үш-төрт рет көріпті. Әкемнің есінде қалғаны, қонақ келсе  үлкендердің батасын алсын деп, қолға суды балаларға құйғызатын көрінеді. Киіз үйдің есігінің алдында кіреберісте жапсарлас шағын аяқкиім шешіп қоятын жаппа үйшік болыпты. Менің әкем Өтеген (1904-2000) осы жерде, 7-9 жасында Пышан болысты көрген, иығына сүлгі орамал асып, қолына су құйып, батасын алған. Екі бала екі жақтан кірген кісілердің қолына су құйып тұрған. Пышан мен тағы бір бойы биіктеу кісі есіктен үйге басын төмен салып, еңкейіп кіріпті. «Менің бойым кірген кісінің кіндігіне жетпей қалды. Қолын шайып болғаннан кейін «Дәу жігіт бол!» деп бойын тіктегенде жаппа үйге басы тіреліп қалды»  деп есіне алды. Ол кісі әкемнің көз алдында ертегілердегі батыр сияқты сипатта  қалыпты. Өздеріне тиісті міндеттерін атқарған ойын балалары сол төңіректен біраз уақыт  шықпайды екен. Себебі, қонақтарға тартылған малдың басынан құлақ, таңдай, құйқа мен табаққа салынбайтын сыйрақ, мойын омыртқа, тағы да біраз қайтқан сүйек-саяқтар балаларға тиетін. Қойдың жіліктерін таспен шағып, майын жейтін көрінеді. Төрде отырған қонақтар астан кейін қолдарын жуып, шай үстінде домбырамен ән шырқаған. Етек жағын түріп қойған киіз үйдің керегесінен сығалаған балалар  айтылған әндердің әуені мен сөзін жаттап алуға тырысқан. Сол кездегі балалардың зеректігіне  таң  қаласың. Оның үстіне астан кейін қонақтарға тағы да қол шайғызатын қызметтері  бар. Сол жердегі ағайынды үйдің балалары молдадан төте хатпен сауатын ашқан. Әкем көптеген Пышан серінің өлеңдерін сол кезде оқып,  жаттап алған.

Әкем кейін Алматыда жұмыс істеп жүрген кезінде Қажымұқанды да көрген, жасы келген балуанның толықтығы болмаса «Пышанның денесі де, бойы да одан биік болатын» – дейтін маған. Әкем «Октябрь» колхозының қойын бақты.  Екеуміз қой бағып жүргенде неше түрлі әндер айтатын. Соның ішінде бірер әнді мынау Жәлменденің Пышанының әні деуші еді. Оның біреуі «Ала қарға». Бұл әнді кейіннен аналарымыз Айбике мен Мотайдың айтқанынан талай естідік. Қазір де менің кемпірім Гүлсім ұмытпай айтып жүр. Енді Әміренің «Дүние шіркін, өтеді бір күн», «Қоғалы-ай», «Қайша», Дүние-ай», Угай-ай», «Шилі өзен қамыс-ай», «Абай күнім-ай» деп жазып отырған ән тізбегінде жоқ тағы бір ән бар. Әкем маған үйреткенде «Бұл ән Пышандікі» дейтін және өзі білетін қазақы қара өлеңмен айтушы еді. Балалықпен сол кезде мен аса мән бермеппін. Кейіннен мен бұл әуенге бұрынғы жүлгемен сөз жазып, Қаратал ауданындағы Көкпекті ауылының «Ақ дариға» әжелер ансамбліне екі дауыспен айтқызғам. Әннің аты әкемнің айтуынша «О, дариға-ай». Қайырмасының әуенін ұмытыңқырап қалыппын. Жорамалдап өзім келтіргем. Енді салыстырып көрсем, Пышан әндерінің атаулары көбінесе «ай» деген тіркеспен бітеді екен. Бір қызығы, мен есіме түсіріп жазған қайырманың сөзі «Дүние шіркін, өтеді бір күнге» ұқсас. Шамасы, әкем де солай айтқан шығар. 

Балқаш өңірінің соңғы болысы Сүндетбай қажыға 1923 жылы Іленің төменгі жағындағы Мәліштің сазы деген жерде бауыры Тезекбай ас бергенде аузымен құс тістеген Сүйінбай, Бақтыбай сынды ақындар дүрілдете айтысқан. Айтыстың аяғында Құрама ақынның 13 жасар баласы рұқсат сұрап, асқа қорытынды арнау айтқан екен. Сол бозбала жарым қазаққа аты мәшһүр Жәлменде мен Пышан туралы тұспалдап келтіре кеңінен жырлапты. Заман солай, ашық жырлай алмайсың! Біраз шумағын әкем жас кезінде біледі екен. «Бұлт соңынан күн шығар ел жайнатып, тұлпарларың дүркірер бел қайнатып. Қанша тағдыр тезіне салсадағы, ел серкесі еленер беу сайлатып» – деп жалғасатын. Үлкендер «пәле болады» деген соң көп жерін  ұмытып қалыпты. Кейіннен есіне түсіре алмады. 
Пышан ақынның:
Баласы Жәлменденің Пышан едім,
Тұсында ақ патшаның (Мекалайдың)
                кісі-ақ едім, –
деген өлең жолындағы екінші шумақты әкем осылай айтушы еді. Әкем осы сөздермен басталатын көптеген шумақтарын жатқа білетін. Осындай қадірлі де қасиетті, қайталанбас тұлғалар туралы айтуға тыйым салғандықтан ба, сол кезде жазып алмағаныма қазір қатты өкінемін. Негізінде Пышан ақын Қазан төңкерісін дұрыс қабылдаған сияқты. Сол қиыншылық кезеңде қолындағы барымен ел-жұртқа көмектесіп, қамқорлық жасап тұрған. Зорлық-зомбылыққа бармаған. Дүрбелең кезіндегі ел ішіндегі дау-дамайды да әділдікпен шешіп отырған. Қызыл әскерге де азық-түлік, мініс аттар берген. Қайтадан болыстыққа сайланған. Жаңағы өлеңнің екінші шумағын Кеңес өкіметінен көңілі қалған кезде шығарған болса керек. Ақ патшаның да өзіндік қулық саясаты болған. Пышан сияқты халыққа сөзі жүретін беделді, ауқатты кісілер арқылы өз билігін жүргізу керектігін түсінген.

Ағайын, тілектеспін аманыңа,
Мен-дағы дүрілдедім заманымда.
Қазтабан жүйрік едім тас баспаған,
Қадалды темір тікен табаныма, – деп, кеңестік билікке риза болмай, көре алмайтын көрсоқыр, өзінен басы мен асы асып кеткенді қызғанатындардың кесірінен өзегі өртеніп, қазақтың маңдайына біткен біртуар  асыл бегі, ақын-сазгері, дара тұлғасы өмірден осылай баз кешіп кете барды. 

«Ер жігіттің басы иілер жалғыз-ақ туған жердің топырағын сүйгенде» деп Қадыр Мырза Әлі тауып айтқан. Үш рет атқанда құламай, теңселіп тұрып алған Пышан батыр маған туған жердің топырағын соңғы рет сүю үшін ғана жантайғандай болып тұрады. Ұлты мен ұлыларын сүйетін көпшіліктің  «әттең-ай»  деген бір ауыз сөзге сыйғызып, арғы жағын айтып жеткізе де алмайтын өкініші, Жәлменде мен Пышан ақынға деген ыстық ықылас, қошеметі  өшпейтіні хақ.

Талдықорған қаласындағы «Шайқорған» деген жерді Жетісу жұрты жақсы біледі десем қателеспеймін. Тіпті қазір мұқым қазақ еліне бұл жердің аты таныс. «Шайқорғанда» әрі әнші, әрі ақын, сазгер, ел билігіне ерте араласқан  Пышан болыс, өзге де ондаған жазықсыз опат болғандар  жатыр.

«Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын  жоқ»  демекші, Өкітай Ахметов: «Жәлменде би тәуелсіз ел көлемінде көңіл бөлетін тұлға, үлкен атаққа, даңққа лайық қоғам қайраткері. Жәлмендені ел деңгейінде зерделеп, ғылыми түрде зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек», – деген еді. Оның «Jetіsý» газетінде 2003 жылғы 4 ақпанда  жарық көрген «Жәлменде би» атты  ғұмырнамалық мақаласы тарихшы, жазушы, өлкетанушылар мен әдебиетті сүйер қауымға іздесе таптырмас дүние. Осында жазылған деректеме көзі арқылы зерттеулер жүргізіп, кез келген дәрежедегі ғылыми атақ қорғауға әбден болады. Себебі бұл жерде ондаған тарихи тұлғаның аты, сол замандағы орны мен халыққа танымал би, болыс, ақын, балуандардың Жәлмендемен қарым-қатынасы, халыққа жасаған игі істері көрсетілген. Бұл жазбаның бір өзін құндылығы жоғары ғылыми еңбек деп ауыз толтырып айтуға болады. «Адам қайғысы – заман қайғысы». Сондықтан Жәлменде мен  Пышанға және оның қасында жатқан жазықсыз шейіт болған құрбандарға арнап «Мемориалдық кешен» құрылысын салу қажет. Оған үлкендер ғана емес, жастар да, тіпті жаңадан шаңырақ көтеретін бозбала мен  бойжеткендер де барып тәу етер еді. Біз осындай тарихи тұлғаларды мемлекеттік деңгейге дейін көтеріп, насихаттай алсақ, шетелден келетін туристердің өздері-ақ көруге ынтығады. Қазіргі уақытта өз билігіміз өз қолымызда, облыс, қала басшылары қолдаса, қоғам қайраткерлері, зиялы топ, жазушы, ақындар мен өнерсүйер қауым да  өз үлестерін қосып, шет қалмас еді. 

Рахымғали ӨТЕГЕНҰЛЫ,
Қаратал ауданының құрметті азаматы,
Қаратал аудандық ардагерлер
ұйымының төрағасы