БІЛІМ ЖАРЫСЫНДАҒЫ ОЗЫҚ ШЕШІМ

Уақыты: 06.07.2024
Оқылды: 447
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

14 жыл бойы аудандық, қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға химия саласындағы тәлімгерлерді дайындап келемін. Қаншама жыл  тақымымды берік байладым деп ойласам да  тайып кеткен кездер  болды. Осы бір орынды мәселені шешу жолын ойланып-толғанып, оқушылардың білім жарысына жүйелі түрде дайындалу жолын таптым. Осылай менің авторлық жаттығулар жинағым жарық көрді.


Жинақ жазудағы менің басты мақсатым – мемлекеттік білім стандартына сүйене отырып химия пәнін тереңдете оқыту, оқушылардың зияткерлік қабілеттерін шыңдап, олимпиадаға дайындығын күшейту, өздігінен білім алуға дағдыландыру. Жаһанның дүркіреп дамып тұрған алтын ғасырында  білім саласынан топтың алдында болсаң, әлемнің сегіз дүркін чемпионы сен боларың анық. Себебі заман білімдінің қолында, құрметті оқырман. 

Білім алушылардың бейінін, дайындық деңгейін, олардың өзіндік жұмысын  ұйымдастыру  мен шешу жолдары, білім жетістіктерінің мониторингіне арналған «жаратылыстану – ғылыми сауаттылық» бағыты бойынша тест спецификасына сәйкес тапсырмалары  жасалып, сапалы білім тағайындалды. Мен үшін алдымен оқушының ақпаратты жақсы түсінгені жеңіс болып саналады. Миға қонған ақпарат, ой, білім алысқа ұшпайды, орнында қалады.

Химия әлемі таңғажайып, күркіреп соққан найзағай, сіріңкенің жануы, темірдің коррозиясы, айналып келгенде химиялық реакциялар жинағы. Әрбір әрекетте тылсым дүние жоқ, тек қана химия. Тың дүниемнің тағы бір артықшылығы, теорияны кең көлемде қамту және таңдау курсы үшін жаңашылдығы бар құрал болуы. Себебі химия пәнінен 10-сыныптарға тақырып бойынша есептердің шығарылу жолы мен бекіту тапсырмалары бар, олимпиадаға дайындауға арналған осыған ұқсас қазақ тілінде авторлық бағдарлама кездестірмедім деп ауыз толтырып айта аламын. Жаттығулар жинағында берілген тест тапсырмаларының мазмұны дарынды оқушыларды дамыту мақсатында тереңдетілген тақырыптарға сай, жалпы орта білім беру бағдарламасы бойынша жоғары деңгейде берілген. Тапсырмалар мен теориялық ақпарат оқушылардың жас ерекшеліктеріне негізделіп жасалған. Берілген ақпараттар оқушылар үшін түсінікті форматта берілген.

Тың еңбегімнің практикалық маңызы оқушылар үшін зор деп айта аламын. Химия пәнінен аудандық, қалалық, облыстық, республикалық турда міндетті түрде типтік және сандық есептеу түрлері болады. Әсіресе, белгісіз органикалық заттың химиялық формуласын табу, шығым, құрамында белгілі қоспасы бар есептерді шығарудағы маңызды тапсырмалар жиі көзге көрінеді.

Мен үшін ең ғажабы, ең қызығы химия  әлемі болды. Өзіне баурап алар, қызығы көп осынау ғылым бөлімін жас ұрпаққа дәріптеу, күнделікті өмірдегі маңызын түсіндіру бүгінгі күні менің басты міндетім. Құрметті оқырман, «адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі» демекші, көп білуге асығыңыз, біліп қана қоймай көп  үйретуге асығыңыз. 

Әмір Сәулетхан,
  Мұхтар Арын атындағы  №24  мамандандырылған  лицейдің
химия пәні мұғалімі,  педагог-шебері  
                                                            Талдықорған  қаласы