ЖАС ӨРЕНДЕР ЖАРАП ТҰР

Уақыты: 10.07.2024
Оқылды: 228
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бүгінгі жастардың робототехникаға әуестігі айрықша. Олар осы саланы жіті зерделеп, алған білімін тәжірибе алаңдарында жоғары деңгейде көрсетуде. Осы ретте Жетісу облысының оқушылары Қытайда өткен робототехника чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. 


Бейжіңде ұйымдастырылған FIRST Lego League робототехника бойынша ұлттық чемпионат өз мәресіне жетті. Ол додаға Қазақстан құрамасы  да қатысқан болатын. Оқушылар «Өнердегі инновация» тақырыбында LEGO-дан робототехника әзірлемелерін даярлап, фокустар көрсету бағдарламасы орнатылған интерактивті роботтар құрастырды. Үш күнге созылған жарыс қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы 6-10 жас аралығындағы балалар арасында 238 команданың ішінде күміс жүлдеге қол жеткізіп, екінші орыннан көрінді.

Білім бәсекесінде ел намысын Нұрсұлтан Бексұлтанов, Нұрболат Алинур және Нұржан Жантөре қорғады.  Өрендердің топ жаруына бірден-бір себепкер жаттықтырушысы Альбина Қожантай. Ол балалардың әр күнін үнемі ізденіс үстінде өткізіпті.

Айта кетейік, дәл осы күні Алматы қаласының жас инженерлері Сиднейде First Lego League Challenge санатындағы «Asia Pacific Open Championship» чемпионатында беделді «Motivate Award» жүлдесін жеңіп алды. Бұл сайысқа LEAS мектебінің оқушылары Аружан Мнайдар, Диас Мұратов, Кирилл Медведков, Валери Протопопова, Никита Хагай, Әзиз Ермекқалиев, Даниэль Ким, Айдар Мұқашбаев және Әлішер Садыров қатысты. Аталған  команда өкілдері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауы және «Ustem Foundation» қоғамдық қоры мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған Central Asia FIRST Championship Орталық Азия біріншілігі барысында халықаралық чемпионатқа жолдама алған болатын.

Медет ЖҰМАБАЙ