ЕҢ АСЫЛ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 11.07.2024
Оқылды: 235
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қасиетті ана тіліміз жайлы жазу да, айту да ешқашан артық болмайды. Себебі тіл – халықтың жүрегі. 


Қазақтың ең асыл құндылығы саналған ана тілінің бойында ұлттық болмыс, рух  пен салт-дәстүр жатыр. Сондықтан да біз ана тіліміздің тағдыры үшін болашағына бар күш-жігерімізді арнап, күресуге міндеттіміз. Себебі, қазір әлемде жойылып кеткен тілдер өте көп. Ал тілі жойылған халықтың өзі де жойылатынын ұмытпағанымыз абзал. 

Тіл – ең ұлы қару, асыл құндылық, керемет қатынас құралы. Әлемдегі ең көп таралған – ағылшын тілі. Себебі, оның қолдану аймағы кең. Ал ең сұлу тіл деп француз тілін атайды. Дегенмен осы қатарға өзіміздің қазақ тілін де қосуға болады. Өйткені, қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. 

Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да  тіліңіз жайында аманат, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөл атқарады. 

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, ертеңгі де тағдыры» деген тағылымды ойы еске түседі. Тіл – халықтың тұтастай келбеті. Оның ортадағы алар орны ерекше. Мемлекеттің ең басты мәселесі тек қана ақша, байлық емес, сонымен қатар, ұлттық тіліміздің болашағы деп ойлаймын. Тіл тазалығы – ұлт тазалығы. Тіл – халықтың жүрегі, тіл болмаса, мемлекет деген атаудың да еш қажеттілігі жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының сол замандағы жасаған еңбектері, келешектің айнасы болуы қажет. Нағыз патриотизм өз тілінде көркем һәм таза сөйлей алудан басталады деп ойлаймын.

Әмина ТҰРҒАНБАЙ
Үштөбе қаласы