Қытай Мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Сәнік (марқұм) атажұртқа жиі келіп-кетіп жүріпті. Жазушы бір келгенінде Жетісу жерінің қаламгері, Ақсу ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Болат Бисұлтанұлына Төлегетай баба жайлы жазғанын беріп кетіпті. Ата басылым арқылы көпшілік оқыса деген болу керек. Зейнеткер-журналист бұл жазбаны редакцияға әкеліп тапсырды.Көзі қарақты оқырман, жат жерде жүріп, елінің тарихын жазған қаламгердің мақаласын сіздерге қаз-қалпында ұсынып отырмыз. Оқып, көңілге тоқырсыз.
Төлегетай бабамыз туралы ең алғаш қалам тербеген адам – кезінде Орта Азия халықтарына танымал, Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында Түркістан автономиясының бас министрі болған Мұхамеджан Тынышбаев атамыз екен. Ол кейін 1925 жылы Ташкент қаласынан «Қазақ тарихына қатысты материалдар» деген халқымыздың тарихы мен этнографиясына қатысты көлемді кітап бастырып шығарған. Сол еңбегінде ол өзінің Төлегетай бабаның 16-шы ұрпағы екенін жариялап, қазақ халқын құрайтын ру-тайпалар жөнінде көптеген жазба шежірелік материалдар береді. Автордың осы еңбегі қазірге дейін қазақ ғалымдарының ең алғаш рет айналымға түскен құнды еңбегі ретінде аталып келеді. Осы еңбегінде: «Менің 16-шы атам Төлегетай өз заманында әйгілі адам болыпты. Найман еліне өз билігін жүргізіпті... Өлгенде Өзкенттегі Қожалардың зиратына жерленіпті...», – деп жазған екен.
Тарихта қатты қырғыннан кейін халықта қайта бір ояну, серпілу болып отырған. ІІІыңғыс хан заманында аянышты қырғын көріп, сонау Шығыстағы Алтай мен Тарбағатайдан Сыр бойына қоныс аударған наймандар орта ғасырда қайтадан ес жиып, елдік санатын қалпына келтіре бастаған. Сондағы сол елге тұтқа болған тұлғалардың бірі – Төлегетай баба. Сол себепті қазақтың қазіргі белгілі ғалымдарының бірі Әділхан Байбатшаұлы «Қазақ даласының ежелгі тарихы» деген кітабында: «Наймандардың сол кезде қайта оянып бас құрауына, ұлыс болып бірлікке келуіне, одан қазақтың ұлт болып қалыптасуына бастаушы ретінде билік тізгінін ұстаған алғашқы тұлғалардың бірі – Найман Төлегетай әулие еді....», – деп жазады.
Тарихшы, ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлы: «Төлегетай, Кетбұға, Сарыжомарттар қалың Найман тайпасын өрбіткен ірі тұлғалар... Осы Төлегетайдың шөбересі Ерторы – Қаракерейұлы Есімханның замандасы. Төлегетай қожалардан қыз алған әрі қожалардың бейітіне жерленген. Ол кезде қожалар өздерін «Пайғамбардың ұрпағымыз деп есептеп, жай қазақтан жоғары санайтын», – деп жазады өз еңбегінде («Қазақтың қилы тарихы», 254-255-бет).
2006 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, партизан жазушы, Украина елінің Халық батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 86 жасында Төлегетай бабасыньң басына барғаны жөніндегі мақаласы жарияланды.
1997 жылы Қытайда шығатын «Мұра» журналының 3-санына «Бабаның алтын іздері» атты мақала жариялағам, кейін ол мақала «Хан батыр Қабанбай» атты кітапқа «Ата тек туралы аз аял» деген тақырыппен енгізілді. Онда сол бір асыл аталар тобы сөз болып қоймай, сонымен бірге тоғыз Найманды өз қолымен өрбіткен аналарымыз Әлпеш пен Анар туралы да тамаша аңыздық деректер келтірілген. Ол аналар туралы қазақ тарихында көп аталып жүрген Домалақ енедей ғаламат еңбек жазуға болады. Қазан төңкерісінен бұрын өр Найман 90 болыс, ой Найман 150 болыс ел екен, оған Қытайдағы және басқа шетелдердегі Наймандарды қосыңыз, сонда бұл халықтың жалпы саны қанша болады? Оған өзбек, қарақалпақ, қырғыз, мұңғұл құрамындағы наймандарды ескерсек, бұл халықтың орасан мол екенін өзіңіз де аңғарарсыз. Найман ақыны Қалжанның Кемпірбаймен (Каракесек) айтысқанда:
Көзіңді аш, ауыр жатқан Найман елмін,
Көз жібер ауданыма кімнен кеммін.
Жүз елу болыс болған Найман заты,
Қаз қонып, үйрек ұшқан шалқар көлмін.
Балталы, Бағаналы, Терістаңбалы –
Арынды тау суындай қалың селмін,
Өрдегі тоқсан болыс елді қоссаң,
Алдыңа асу бермес сары белмін, – дегені сол бір мол халықты меңзейді. 2003 жылы Түркістан қаласында белгілі қазақ ақыны Қанабек Сарыбаевтың:
– Білмесеңіз біліңіз,
Қазақтың төрттен біріміз,–
деп толғауы бізге Қалжан ақынның жырын жалғастырған тәрізді сезіле береді. Біз бұл мәліметті тек Әлпеш анамыз бен Анар анамызды ардақтау тұрғысынан, «Ақ періштем-ай, ақырғы сапардан аз да болса бөгеді-ау, бақытымды жандырған, сусынымды қандырған...»,– деп келіннің кершарамен әкелген сусынын сарқа ішіп барып, соңғы лебізін білдіргенде айтқан Найман бабаңның ыстық ықыласын қайталағым келеді:
Дүние гүл. Мың солып, мың толмақ...
Толтыратын әйел, Ортайтатын ер...
Ердің есіруін жау сағынады,
Жаушылықта ел шабылады.
Дүниенің ортайғаны емей немене?!
Қызылшақа ұлды да,
қызылшақа қызды да,
Бірін тұлпардай қып жаратып,
Бірін сұңқардай қып тарантып,
Өсіретін кім еді?
Қызды ай теңеспес ару еткен,
Ұлды жалынды жайсаң алып еткен,
Бірін қалыңдық, бірін күйеу еткен,
Әйел емей немене?!
Ортайған дүниені толтырғаны
емей немене?!
Міне, осындай Найман бабамыз бен Төлегетай бабамыздың алқауына бөленіп, қазақ еліндегі мол ұрпақты өрбіткен аналарды қаншалық жырладық, жаздық? Сол аяулы ананың алдында өзіміздің перзенттік парызымызды өтей алдық па?
Соңғы дерекке қарағанда Әлпеш анамыз Кіші жүз Алшын Адай бидің қызы екен. Ал Анар анамыз Ұлы жүз Түкебайдың қызы еді дейді шежірешілер. Болса болар, өйткені Қытай бидің өзіне түсіп ажалға душар еткен құсы «Оралдың орауызы» еді делінген әлгі біз жазған аңызда. Оның үстіне 1908 жылы Алакөл бойында өткізілген Қабанбай батырдың шөбересі Сүлеймен Әділбекұлының асын Кіші жүз елінен Алшын Көрпебай би басқарып еді дейді. Кіші жүз елі нағашы жұртымыз еді деп айырықша құрметтеген тәрізді. Төлегетай бабаның төрт ұлы бірдей соғыста өліп, бір ұлға зар болып жүргенде қожа қызынан бір ұл көріп, оған Ұлы жүзден Аусар биді шақыртып, ырымдап атын «Қытай» қойғызуында да үлкен мән-мағына жатыр. Демек, би атаң «елді қыз біріктіреді, жерді шым біріктіреді», – дегендей, іргелес отырған Кіші жүз, Ұлы жүз және жүзге кірмейтін қожа елінен қыз алып, қудаласу жолымен басын біріктіріп отырғанында да үлкен даналық жатқан тәрізді.
Жазба деректерге сүйенер болсақ, Төлегетай жасаған дәуірдің алды-артында осы өңірге Найман және басқа Қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардан шыққан әйгілі тұлғалар билік жүргізгені айтылады. Мысалы, Жалайыр Мұқалы дүние салғаннан кейін Шыңғыс ханның мемлекеттік кіназы Ақсуат найман ұшқаш деген адам болған. Найман Кетбұға (1185-1260) «Ұлыстың ұлы биі» аталғанша Жошы ханның, кейін Құлағу ханның ақылшысы болып, 20-30 мың қол бастаған ноян ретінде сонау Мысыр, Палестинаға дейін шеру тартып барады. Найман Нангадай (Найман Қадыр ханның әулеті) Шыңғыс қолының алдыңғы шебін басқарған (иуан хандығы тарихынан), Жошыхан әулеті Өзбек ханның (1280 – 1313) бас уәзірлері найман Мағұл бұқамен Құтлық бұқалар болған (ағайынды адамдар екен) тарихи жазбаларға түскен. (1530-1550 жылдары Мервтің (Орта Азиядағы ежелгі қала, қазіргі Түрікменстанның Байрам-әли қаласының маңы) әміршісі Найман Жолым би болған. Осы кезде Найман Қобыз би Марыға (қазіргі Түрікменстанның Мары облысы) әмір жүргізген. 1570 – 1580 жылдары Найман Назар би Балықты (Солтүстік Ауғанстандағы ежелгі қала) билеген. Шайбани хан тұқымы Бабаханның әскербасы – Найман Жанмұқамет би еді делінеді.
Бірде қызылордалық қариямен таныстым, жөн сұраса келе ол кісі де найман болып шықты.
«Бұл жақта да найман бар ма?», – деп сұрап едім, Асқар атты әлгі қария маған бажырая қарап: «Сен мына Қызылордада Орта ғасыр тарихынан белгілі, осы жерді мекендеп келе жатқан 30 неше болыс Балталы, Бағаналы найманды Наймандықтан шығарып тастағың келіп отыр ма?» – деп шүйілді. Қарияларда болатын кейбір қайсар мінезді, әңгіме басталарда айтылатын қышқыл әзілдерін бұрыннан естіп жүретінмін. Сонымен мынау бір сұхбат құратын адам екен-ау деп межелеп, сол жерде шетелдік қазақтарға арнап тіккен Кіші жүз Шөмекей елінің бір үйіне апарып бір сағаттай әңгіме-дүкен кұрдым. Жетпістен асқан Асқар атты қарияньң айтқандары мынадай болды:
Төлегетай атамыздың есімі бұл өңірде «Төлек ата», «Төлеқытай», «Төлегатай» болып бірнеше түрлі аталатын көрінеді. Өздері кезінде «Төлек ата» деп аруаққа құран бағыштағанда «Бабамыз Төлек атаға тие берсін», – дейтін көрінеді. Ал, Ұлы жүз жағының елі «Төлеқытай» дейді екен. Мұны кейбіреулер баяғы Күшлік ханның қара қытай «Кидан» – Гөріханның еліне жиырма жылға таяу билік жүргізгендігімен байланыстыратын көрінеді. Бұл өңірдегі халықтың көңіл төрінен ұлы тұлға ретінде орын алған ұлы бабамызды мұндағы жұрт атын атамай көбінде «Ел назыры» деп құрмет тұтады екен. «Назыр» сөзінің түп мағынасы – арабша тіл – бақылаушы, басқарушы деген сөз. Бұл жерде ол «Ел ағасы», «Елбасы» деген мағынаны білдіретінін олардың өздері де біледі екен. Біздің Шыңжанда меңгерме бастықтарын (Тиңжяң) «Назыр» деп жүргеніміздің арғы төркіні осы сөзден келген тәрізді.
Шежіре деректері бойынша айт- қанда, Найман атамыз екі әйел алған екен. Қырғауыл атты үлкен әйелінен Ақсақал, Үйелеш, Күйелеш туыпты. Шүңірекей атты кіші әйелінен Тоқпан атты бір ұл болыпты. Сол бір жаугершілік замандағы соғыста Найманның төрт ұлы бірдей қаза табады, жастай жесір қалған Тоқпанның әйелі Әлпешті біреулер үйсін қызы, біреулер алшын қызы деседі. Біздіңше, алшын қызы болу мүмкіндігі көбірек екенін жоғарыда айттық. Ақылды ана Әлпештің арқасына аяздай батқан нәрсе – Найман атам ұрпақсыз кете ме деген ой болады. Сонымен өзін әмеңгерлікке аламын деген арғын балаларынан құтылу үшін данышпан ана Арғын атаның алдына қошқар жетелеп барады. Мұның мәнісін білген Арғын баба: «Құр суға бата жүрмейді, құр аяққа неке жүрмейді» деуші еді, балам, қош- қарың қалсын, өз басыңа бостандық бердім», – дейді. Әлпеш атасына әйел әперіп, сонан туған қайнысына тиюге бел буып, соны күтеді. Найман ата 87 жасқа шыққан жылы шыр еткен жас иіс көреді, артымда қалған белгім деп атын Белгібай қояды. Кейбір жазба дерекке қарағанда осы Белгібай Өкіреш Найман аталған екен. «Өкіреш» сонау ғұндар заманынан бері қарай әйгілі тұлғалардың айбынды, қуаттылығын білдіретін байырғы атақ болған. Әлпеш ана 36 жасқа келгенде 18 жасар қайнысымен некесін қидырады. Сонан барып Сүйінші, Сүйіншіден Төлегетай, онан Қытай, Қытайдан Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай туады. Ұрпақ қамын ойлаған аяулы Әлпеш ана жасы ұлғайып қалғанын ойлап, сіңлілерінің біреуін Белгібайға қосады, онан Сүгірші мен Өтеген туады. Сол Сүгірші мен Өтегеннен Ергенекті, Терістаңбалы, Балталы, Бағаналы, Көкжарлы рулары тарайды екен.
Сыр бойындағы Наймандар арасына тараған аңызға қарағанда Сүйінші өте бай болған адам екен. Сол байлықтың белгісі болар, «Сүйіншінің малы көп пе, даланың аңы көп пе?» деседі екен жұрт. Төлегетай жасында көп оқыған дейді. Оны кейінгі кезде датқалық тұғырға көтерген де сол білімнің күші болса керек. Найман әулетінде ұлдан көрі қыз молырақ тәрізді, сондықтан қыздан туған жиендер көбірек келгіштесе керек. Бірде Сүйінші баба Төлегетайдан: «Балам, далада ешкі қайырған дауыс не?» деп сұрапты, сонда Төлегетай: «Серкелердің санына жете алмай жүрген жиендер ғой», – деп жауап беріпті. Сонда Сүйінші атамыз ойланып отырып: «Е, солай де, тілеу – анадан, тіреу – атадан», – деуші еді. «Ата күшімен ер өседі, ана тілегімен ел өседі», деген осы ғой, саған ана тілегі дарып, атаның күші асқар бел болсын, жиен назары ана тілегінен қағыс қалмасын, қырықтың бірі – қызыр, сол шіркіндердің әрбіріне қырықтан серке бөліп беріп алдына салыңдаршы! Сонда олардың өзі кеткенімен көңілі қораңнан шықпайтын болады», депті. Ғұламалар жиендерге қырық серкеш беру салты Сүйінші, Төлегетай бабаларымыздан қалған дәстүр деседі.
Асқар атты әлгі шежіреші қарияның айтуына қарағанда Төлегетай бабамыз жер жадысына жүйрік болған, жері құмдауыт, суы тапшы келетін сол өңірде бабамыздың мына жерден су шығады деп таяғымен нұсқаған жерінен су шығады екен. Соған байланысты «Төлек атаның суаты» деген жер аттары да бар көрінеді. Сондықтан ол жақтың елі Төлек атаны Қарасай батыр, Райымбек батырлардың «Киелі ата» деп аталуынан бұрын өмірден өткен қазақтың сол замандағы киелі тұлғаларының бірі еді деп қарайды екен. Төлегетай әулеттері бабасының сол өсиеттерін берік ұстанған, олар Сыр бойынан Арқа өңіріне қоныс аударған кезінде де іргесі бөлінбей бірге барған. Дулат жырау Бабатайұлы (1802-1874) өзінің «Сарыарқа» атты жырында: «Тай туып, тайлақ қайырған, тоқты қоздап байыған» Сыр өңірі мен «Әзіреті қонған Қаратауды» сағына еске алып «О, Сарыарқа, Сарыарқа, самалы салқын жон едің, Сырдан ауып келгенде, тимеген ірге соны едің» деп жаңа қонысты ағынан ақтарыла жырлаған болатын. Соңғы кездері біз Арқа өңіріне 2-3 рет сапарлай барып, бабамыз Қабанбай батыр жатқан «Қабанбай төбесі» атты елді мекеннің төңірегінен «Қабанбайдың үш терегі», «Қабанбайдың қыстауы», сондай-ақ Жолымбет, Жанкөбек, Садырбай ауылдары сияқты Төлегетай әулеттерінен шыққан әйгілі адамдардың атымен аталатын көптеген елді мекенді көзімізбен көрдік. Төлегетай әулеттері 1750-1850 жылдары Шығыс өңіріне, одан Қытайға қоныс аударған кезде бабасының сол өсиеттерін берік ұстанған, іргелері бөлінбеген, бір-бірінен «от сұрай» жүрген. Кезінде бабаларымыздың ел басқарушыларды төреден, діни сауат ашушыларды қожалардан сайлағаны шындық. Тарихта қожалар қазақтың ағарту ісіне үлес қосқаны да шындық.
Төлек атамыз шау тартқан шағында ұрпақтары барып мынадай жөн сұраған екен: «Қазылық қиын ба, датқалық қиын ба?», «Ұлдың жаманы қандай, қыздың жаманы қандай?». Сонда ұзақ жыл осы датқалықтың да, қазылықтың да тізгінін ұстаған қарт ойланып отырып былай деген екен:
«Қазы елдің арқасында күн көреді. Ал датқа елдің күн көрісін қалай түзеймін, көпке көже-қатықты қалай тауып беремін дегенді ойлайды. Сондықтан қазыны ел асырайды, датқа елді асырайды десек те болады. Қазы айтқан билігіне, төрелігіне ғана жауапкер, бұл екеуінің парқы мен қиындығы да осында. Сонда қиыны – датқалық – Қазының алдына,– деп сөзін сабақтапты Би атаң –Дау қуған екеу, ары кетсек екі топ, жүгінеді бірі «тәуекел» деп тұрады. Оны көзі айтып қояды. «Арамзаның көзі ойнақы, өтірікшінің сөзі ойнақы» деген сол. Екіншісі «Алла» деп келеді. Оны да иман жүзі білдіреді. Мұндайлар өзі ақ, құдайы жақ адамдар. Осыны дұрыс парықтай білгенге қазылық қиын емес. Мұндайда жолың таза, ісің пәк жүреді Екінші сұрақтарың не еді?», – деп данагөй қарт қайта сұрайды. Балалары сұрақтарын қайталайды. Қарт би басын шайқап: «Мыналарыңның салмағы бірінші сұрақтан ауыр ғой» деп, бір сәт ойланып барып сөз тиегін ағытады.
– Бабаның жалғыз ұлы Қытай 38 жасында салбурынға шығып, өз құсынан мерт болғанын біз жазғанбыз. Содан ел жиылып, Қытайды арулайтын кезде қарияны сүйеп, сүйек басына әкеледі. Қарт бидің қанатымен қоштасардағы зары қандай ғаламат еді:
Мен әкем Сүйіншіден жалғыз едім,
Су түбіндегі жалбыз едім,
Қытайым қытайдай көп болсын деп –
Аллаға үмітімді зар ғып едім...
Мезгілсіз қаза келгенде,
Жалғызым кенет өлгенде,
Бұлағым суалғандай болды
Жайлауым қуарғандай болды.
Қу толағай бастандым,
Алдарыңда тірі тұр демесең,
Өзім де өлуге шақ қалдым,...
Уа, тәубә, тәубә!
Пенде екенмін, тәубә дейін,
Жапырылып отырған
өздеріңді көргенде,
Ұқтым Қытайымның өлмегенін!
Асыл найзаның сабы сынса
Ұңғысы қалды емес пе?
Найза қайта сапталмас па,
Төрт немерем тірі болса ,
Түмен ел болмасына кім кепіл?
(«Хан батыр - Қабанбай» 54-55- беттен)
Рас-ау, «Әке өліп, бала қалса мұратына жеткені, бала өліп, әке қалса дерті ішінде кеткені» деп бұрынғылар тауып айтқан ғой. Бірақ, тағдырға не дауа, қарт бидің іші дертке толып, өлуге шақ қалып тұрса да, ел алдында еңселі тұлға, қажымас қайсарлық көрсету қажет болғанда, қайратын бойына қайта жиып алудың өзі де ерлік қой. Бабамыз мұнысымен де ұрпағына үлгі болып тұр емес пе? Сондықтан, ізденсек ізін табатын дүниелер баршылық-ақ тәрізді. Төлек атай жөнінде көп мәлімет берген Асқар қария кетерінде: «Қарағым, алыстап кетіп, атаңның жатқан жерін көре алмай жүрген бауыр екенсің. Жүр, атаңның басына барып қайт, қоныс аудару көбейе берген соң қай атаңның қайда жатқаны ұрпаққа жұмбақ болып, ізі өшіп кетеді. Бәлкім, біздің Сыр бойынан жылжымағанымыз бабалар жөніндегі байырғы дүниені ұмытпағанымызға себеп болған шығар, бара қалсаң құр қайтпассың», – деп қолымды қатты-қатты қысып, құшағына басып, қимастықпен қоштасқан еді. Сол жылы, яғни, 2008 жылы 25-қазан күні Төлегетай бабамның басында болу мүмкіндігі туды. Сонау Қытайдан келіп, кұшағынан миллиондаған ұрпақ таратқан ұлы бабаға жыр арнадым. Ол өлеңім «Бір сезім осы өлкені сағындырып қимаған» деп аталады.
Төлегетай ұлы бабам,
ұрпағы өсіп құтайған,
Келіп тұрмын тәу етуге
сонау-сонау Қытайдан.
Егеменді ел болған соң
ұрпақтарың қуанып,
Ада-күде құтылды ғой
басқа келер құқайдан.
Қазақстан, Орыс, Қытай,
Түрік, Монғол еліне,
Тараппыз ғой бүкіл Тұран –
Орта Азия жеріне.
Асқар Алтай, Тарбағатай,
ұлы Үйсін тауларын
Мекен етіп шықтық биік
Ерен таудың төріне.
Киелі ата, өз рухың бізді
жебеп қолдаған,
Сол себепті өзің жайлы
ойланамын, толғанам.
Сан ғасырды алдыға can,
өтсе-дағы көп заман,
Сол рухың қайрат беріп,
жігерімді сомдаған.
Ұрпақтарың қайда жүрсе
бірін-бірі сыйлаған,
Сол рухың біріктіріп
бізді мұнда жинаған.
Жүрсек-тағы, қиыр жайлап,
шет өлкені қоныстап,
Бір сезім бар осы өлкені
сағындырып, қимаған.
Бабаға арнап, кесене caп,
үлгі орнатқан артына,
Сәлем-сәлем Қазақстан,
Қызылорда халқына!
Ұлы бабам жебей берсін
деп тілейміз әманда,
Уа, жамағат, бас иемін
ізетпенен жалпыңа!