Қазақ тележурналистикасының тарихында өз кәсібін жетік меңгеріп, айрықша із қалдырған тұғырлы тұлғалар баршылық. Олардың бірқатарының телеөнердегі өнегелі дәстүрлері бүгінгі кезеңге дейін лайықты жалғасып келеді. Бұл сала бойынша үздік үлгілері кейінгі ұрпақтың кәдесіне жараған майталман мамандардың бірі – талантты тележурналист, ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Марат Барманқұлов.
Ол білім-білігімен, қабілет-қарымымен ерте танылып, ұлттық телевизияның негізін қалауға, еліміздегі журналист кадрларын дайындау саласын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Журналистика теоретиктерінің тұжырымдарын салмақтап-саралап, Темірбек Қожакеевтің «Қоғамдық дамуға өзгерістердің келуі, идея, міндет, мақсаттың басқа арнаға түсуі, әлеуметтік, саяси жаңа көзқарастар қалыптастыру қажеттігі бұқаралық ақпарат құралдарының түр, мазмұнына жаңалықтар әкеледі, рөл-маңызын өзгертеді, қоғамдық санаға әсер-ықпалын күшейтеді», – деген пікіріне ден қойсақ, осынау үлгілі үдерістердің бәрі саланы ілгерілеткен айтулы азаматтардың ерен еңбегі арқылы жүзеге асқанын айқын аңғарамыз.
Марат Барманқұловтың тележурналистикада ұстанған дәстүр-дағдыларын қазіргі жас буын ешқашан жатсынған емес. Біз бұл арқылы ұстаздың ұлағаты өміршең болғанын байқаймыз. Ғалымның жеріне жеткізе негіздеген қағидалары қаншама уақыт өткеніне қарамастан журналистиканың сұранысын әлі күнге дейін толық қанағаттандырып келеді. «Бүгінгі өмір тәжірибеміз қоғамда қалыптасқан идеологиясыздықтың артында үлкен идеология жатарын дәлелдеп берді», – деген Намазалы Омашев ұстанымы тұрғысынан қарасақ, журналистік білім беру ісін ұйымдастырушылар жас мемлекетіміздің керегесін кеңейтіп, рухани тұғырнамасын нығайтуға зор еңбек сіңіргеніне көз жеткіземіз. Соның бәрі телеөнер тұлғасының болмыс-бейнесіне қайта үңіліп, қадір-қасиетін салмақтап-саралауға жетелейді. Осыған орай біз Марат Кәрібайұлының кәсіби машығы мен бүгінгі тележурналистикадағы дағдылардың өзара сабақтастығы туралы байыптама жасағанды жөн көрдік. Мұны ұстаздың өзі өмірден өтсе де ұдайы оқыла беретін сегіз сабағы десе де болғандай.
Ең алдымен, Марат Барманқұлов тележурналистиканың теориясы мен тәжірибесін қатар игерген мықты маман болды. Университет бітірген соң Қазақ телевизиясының Алматы студиясында тілші, редактор, комментатор, жауапты редактор қызметін атқарған тәжірибелі журналист өз кәсібіне көлеңке түсірген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті жұмыс істеген оқытушылар студенттер алдында қадірлі болатыны баршаға белгілі. Теорияны талмай үйрету үшін де тиянақты тәжірибелік машық керек. Ол өмірмен тығыз байланыстырылғанда ғана ерекше құнды болмақ. Қолына микрофон ұстап, тікелей эфирге шығып көрмеген адамның сөз сабақтауы сенімді бола қоймасы анық. Өз еңбегінде «Ғылымның өзектестігі – уақыт талабы. Бұл арқылы журналистика теориясында баспасөз, телевизия, радиохабарлар проблемалары жеке қарастырылып қана қоймайды, олардың ортақтастығы мен ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасалады. Салыстырмалы, кешенді зерттеуге тәжірибе түрткі болмақ», – деп атап көрсеткендей, теориясы тиянақты, тәжірибесі тағылымды ғибратты ғалым екі салаға да аса жетік еді. Сондықтан, Марат Барманқұловтың лекциялары мен семинар сабақтары журналистік білім берудің үлгілі үрдісі ретінде бағаланды. Оның бұл дәстүрі қазіргі буынның теория мен тәжірибені қатар игеріп, егіз өрім етіп ұстануына жол ашады.
Екіншіден, ұстаз-журналист болашақ мамандарды заманға бейімделе білуге үндеді. Ол шәкірттерін ақпаратты мейлінше тез алып, әбжілдік танытуға үйретті. Ал өзі бұл талапқа о бастан лайық болды. Мұның бәрі ғалымның зерттеу еңбектерінен де анық аңғарылып тұрады. Ғалым қай кезде де оқырман мен көрермен үшін аса қызғылықты деректер мен мәліметтерді ұсынып отырды. Өз дәуіріндегі ең соңғы жаңалықтарды елден бұрын игеріп, журналистикадағы жеделдікті өмірлік салтына айналдырды. Жазған дүниелерін заманауи тосын терминдермен тұздықтады. Мәселен, оның «Телевизия: бизнес әлде билік?» атты кітабының әрбір тарауы тартымдылығымен ерекшеленеді. «Біз Си-Эн-Эн-екіні көріп отырмыз», «Жоқ, біз Си-Эн-Эн-үшті көріп отырмыз», «Жеделдік және жеделдік» «Соғыс кезіндегі «Мир», «Қазіргі ақпарат тарату өнері», «Ақпарат пен саясаткердің имиджі», «Ақпарат пен гедонизм», «Мультимедиа», «Музыка, интонация, интершум» атты тақырыпшалар заманының тынысын дөп басады.
Журналист-ғалым жасы ұлғайған шағында да жаңалық атаулыны қапысыз игеріп, дәуірдің озық үрдістеріне ден қойды. Бұл тұрғыдан алғанда ол жас буынның өкілі секілді сергек болды. Ғылыми еңбегінде «Ақпараттың «тек қана ақпарат», «тоқтаусыз жаңалық», «нон- стоп жаңалық», «тәулік бойы жүретін ақпарат» деп шартты түрде жіктелуі өзінің өміршеңдігін көрсетіп қана қоймай, осыған ұқсас дүниені жасауға деген қызығушылықты оятты», – деп атап көрсеткендей, ол үнемі ақпараттар мен идеялар ағынының ортасында жүрді. Бүгінгі жастар өз дәуірінің ағынына ілесе алса, мұны тележурналистикадағы Барманқұлов дәстүрлерінің өміршең болғанының бір көрінісі деп білу керек.
Үшіншіден, Марат Кәрібайұлы өз шәкірттерін журналистика жанрларының аражігін ажырата білуге баулыды. Ғалымның бұл тұрғыдағы ой-тұжырымдары «Жанры печати, радиовещания, телевидения. Сравнительный анализ» атты кітабының өзегіне айналды. Қазіргі журналистикада көбіне жанр талаптарының сақтала бермейтіні рас. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдарында жанр дегеннің не екенін арнайы оқып-үйренбеген өзге мамандықтың өкілдері, журналистикаға қатысы жоқ оқу орындарының түлектері көптеп қызмет істейді. Соның салдарынан бір материалда түрлі жанрдың белгілері қабаттасып жүреді. Оның үстіне кеңестік дәуірде үнемі қолданыста болған бірқатар жанрлар ұмытылып қалды. «Жанр дегеніміз – белгілі бір газет, журнал материалдарының, радио, телевизия хабарының көріну, өмір сүру формасы. Нақты болмыс-құбылысты жазып, суреттеп, айтып берудің, оқиға, фактілерді көрсетудің ғылым белгілеген, жұрт таныған кескін-пішіні болады. Өзіндік сипаты, өзіндік белгілері бар сол түрлердің әрқайсысы жанр деп аталады», – деп Т. Қожакеев негіздеген талап тұрғысынан қарасақ, оның жүйесін сақтап, жұмыс барысында пайдалану – журналистиканың басты міндеттерінің бірі екеніне дау жоқ. Бірақ соған қарамастан ақпарат пен репортаж, комментарий мен сұхбат сынды үш-төрт жанр ғана тірек болып тұрған бүгінгі журналистикада жанрлық жұтаңдану жүріп жатқаны айдан анық. Ақпаратты ұтымды беруден гөрі бұрын беру мақсаты алға қойылған ұшқыр заманда бұлай болуы заңды да шығар. Тележурналистика зерттеушісі Қ. Тұрсын М. Барманқұловтың жанр дамуы туралы тұжырымдарына тоқтала келіп, «Жанр табиғатындағы өзгерісті өмірдің өзі тудырады. Бұл жанрлар эволюциясындағы алғашқы және басты себеп болып табылады», – дейді. Ал М. Барманқұлов атап көрсеткен жанр эволюциясының төрт себебіне талдау жасаған Б. Жақып: «Бұл айтылғандардың бәрі – публицистиканың түрлік кескін-келбетінің үнемі өзгерісте болатынын дәлелдейді», – деп ой қорытады.
Бәрібір бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігі қанша жерден өзгеріске ұшырап жатса да журналистика теоретиктері өмір бойы зерделеген жанрдың ара-жігін ажырату мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Осы талаптарды мейлінше сақтайтындардың бойына Марат Барманқұлов үлгісі сіңген деп топшылауға әбден болады.
Төртіншіден, ол ақпарат әлеміндегі үлгілі үдерістерді күн ілгері болжай алды. Тым ілгеріде жазылған кітаптарында алдағы дәуірдің тынысын қапысыз танытқанына қайран қаласың. Қазіргі күні құлақ үйренген интернет, мультимедиа мәселелері жөнінде осыдан ширек ғасыр бұрын қалам тартты. Тележурналистикадағы бизнестің рөлі жөнінде баяғыда-ақ байыптама жасады. Жалпы жұртқа беймәлімдеу «бәсекеге қабілеттілік» түсінігін ілгеріде қалыптастырды. Телевизиялық симбиоз бен компьютер мәселесіне талдау жасаған тұста қазір санаға әбден сіңісті болған бұл ұғымдардың елесі де жоқ еді. Осыдан қырық бес жыл бұрынғы қарапайым құралдар мен қарабайыр қондырғыларды пайдаланатын заманда жазылған кітабынан алынған «Ми-крофондар да кішірейіп келеді. Көп ұзамай оны жағамызға қыстырып, титімдей төсбелгі секілді тағып жүруіміз мүмкін. Радиохабар таратқышқа жалғанған 100-200 метр арақашықтықта жұмыс істеп тұратын микрофондар пайда болады. Бұл журналистерді шұбатылған желіге байланатын қолайсыздықтан құтқарып, шаңғы жарысынан, автомобильден, тікұшақтан репортаж жолдауға мүмкіндік береді», – деген пікірі елді елең еткізеді.
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» бүгінгі заманның биігінен қарасақ, ғалымның бір кездегі болжамының қалт кетпегенін көреміз. Оның өз мамандығының келешегін күнілгері көре білетіндігі жөнінде айтылған ой-пікірлер жетіп артылады. Мәселен, К. Қамзин «Профессор
М.К. Барманқұловтың масс-медиа проблемаларын сөз еткен мұраларының қай-қайсысын қайтара бір парақтай бастасаңыз, ертеңдері де мән-маңызын жоймайтын, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге азық болатын осындай кесек пайымдауларға тап келесіз», – десе, С. Велитченко өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғында-ақ ғалымның аспиранттары интернет пен БАҚ-тың байланысы жөнінде диссертацияларын қорғап тастағанын айтады. Ал О. Ложникова М.К. Барманқұловтың болжамдары қаншалықты жүзеге асқанын бүгінгі күн тұрғысынан саралаудың аса қызғылықты екенін баяндайды. Марат Барманқұлов ұстанған «заманнан озып отыру» дағдысы – бүгінгі жас журналистерге тән ең ұшқыр қасиеттің бірі. Аға буын мен кейінгі толқынның өзара сабақтастығы осы тұстан да айқын көрінеді.
Бесіншіден, Марат Барманқұлов «Журналистика тіршіліктің бүкіл болмысымен сабақтас» деп ұғындырады. Әдетте өз мамандығын шексіз қадірлейтіндер ғана мұндай ұстанымға табан тірейді. Шынында да бұқаралық ақпарат құралының өкілі қоғамның кез келген саласындағы өзгерістерге араласа алады. Масс-медиа бүгінгі заманның басты тетігіне айналды десек, осы қағиданы өмір бойы негіздеген ғалымның еңбектері назардан тыс қалмайтыны анық. Оның жанр табиғатын зерделеген «Журналистика для всех» атты кітабында мәртебелі мамандықтың қоғамдағы орны мен рөлі де айқындалған. Тележурналистиканы бәрінен жоғары қоятын ұстаздың «Телевидение дегеніміз – әрі картина, әрі дыбыс, әрі түс» деген тұжырымын шәкірттері бүгінде қанатты сөз ретінде қолданады.
Алтыншыдан, Марат Барманқұлов ұзақ жылғы журналистік және ұстаздық қызметінің барысында талай замандастарының тұлғасына, болмыс-бітіміне үңіліп, олардың бедерлі бейнесін танытты. Журналист қоғам адамын кейіптейді, оның ішкі әлемі жөнінде таным-түсінік қалыптастырады. Кеңестік дәуірдегі замандас келбетін кескіндейтін ең қадірлі жанрдың бірі очерк болғаны дау тудырмайды. Осы очерк жанры арқылы қоғамның озық өкілдері туралы жалпақ жұртқа кеңінен мәлімет берілді. Ғалым бұл жанрдың баспасөзде, телевизияда, радиода және деректі фильмде қолданылу тәсілдерін жан-жақты талдап, өз тұжырымдарын жариялады. Оның осы тұрғыдағы көзқарастары «Познать современника» атты жинағында жан-жақты көрініс тапты. Очерк бүгінде баяғы танымалдығынан айырылып, әлдеқашан тарихтың қойнауына кетсе де, замандас бейнесін таныту ісі әлі күнге дейін жүйелі жалғасып келеді. Тек журналистің тағылымды тұлғаны таныстыру жөніндегі мәртебелі міндеті өзге жанрлар арқылы жүзеге асырылады. Демек, ұстаз-ғалымның бұл дәстүрі де назардан тыс қалған емес.
Жетіншіден, теоретик-ғалым «Журналист өзінің ой-өрісін дамытып, интеллектуалдық деңгейін көтеріп отыру керек» деген қағиданы ұстанды. Білімді және білікті маманның жазған-сызған дүниесі салмақты болатынын ұдайы дәріптеді. Бұл тұрғыдан да Марат Кәрібайұлының өзіндік өнегесі жеткілікті. Тек журналистиканың теориясымен ғана айналыспай, өзі қатты қызығатын түркітану тақырыбына түрен салды. Кейінгі жылдардағы «Тюркская вселенная», «Хан… Иван», «Хрустальные мечты тюрков о квадронации», «Наследники белого лебедя», «Золотая баба», «Этот многополюсный мир. Древность, современность и будущее Казахстана» (соңғысы И. Сейдахановпен бірлесіп жазылған) атты еңбектері – жұртшылықтың сұранысын толық қанағаттандыратын салмақты дүниелер. Бүгінгі журналистердің түсінік-танымы мол, өзін-өзі дамыту деңгейі жоғары болса, бұл үдеріске Марат Барманқұлов дәстүрінің де азды-көпті ықпалы бар деп санаған жөн шығар. Өйткені ол болашақ масс-медиа өкілдерін тек мамандыққа баулып қана қоймай, өз бетінше оқып-тоқуға үйретті, талдап-таразылауға дағдыландырды, ой қорытуға бейімделіп, зиялылар тобына қосылуға үндеді. Осыған орай ұстаздың шәкірттерін тәрбиелеу әдістемесіне талдау жасаған авторлардың ғылыми мақаласынан да көп мәлімет алуға болады.
Сегізіншіден, ұлағатты ұстаз «Журналистің жеке тұлғасы да өзгелерге үлгі болуға тиіс» деген ұстанымнан ауытқымады. Ол қай шаруаға да епті, сымдай тартылып, ширақ жүретін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ерекше құрметпен қарады. Елмен етене араласатын мәртебелі мамандық иелерінің үнемі бабында болғанын жаны қалады. Осы қасиеттердің бәрін оның өз бойынан да көруге болатын еді. Марат Кәрібайұлы өмір бойы сергектікті серік етіп, спорттың бірнеше түрімен айналысты. Алматының іргесіндегі Шымбұлаққа барып, шаңғы теуіп, тау-тасқа өрмелеуді күнделікті дағдысына айналдырды. Спорт пен сергектікті насихаттау жағынан да кенде қалмады. Эверест шыңына шыққан қазақстандық альпинистер Қазбек Уәлиев, Валерий Хрищатый, Сергей Чепчев, Ерванд Ильинскийлердің беймәлім қырларын қалың елге кең танытатын кітап жазды.
Өмірде өте қарапайымдылығымен ерекшеленді. Студенттерді өзімен тең санап, үнемі емін-еркін әңгімеге жол ашты. Бір шәкірті оның алыс сапарға шығатын кезде «профессор басымен еш намыстанбастан қатардағы оператор болуға қуана келісім бергені» туралы жазды. Ғалымның алпыстан асқан шағында ағылшын тілін үйренуі – жаңалыққа жаны жақын болғанының тағы бір дәлелі. Міне, осындай қасиеттері арқылы Марат Барманқұловтың жеке тұлғасы айналасындағыларға үлгі болды.
Бүгінде журналистердің жеке имиджін орнықтыру үшін ұдайы жұмыс жүргізуі дәстүрге айналды. Тек бұл ниет Барманқұлов дәуіріндегідей қарапайымдылық қағидасы арқылы емес, көбінесе жалаулатып-жарнамалау тәсілімен жүзеге асады. Әйтсе де бұл тұрғыда белгілі бір сабақтастықтың сақталғанын айтуға тиіспіз.
Бұрынғы мен бүгінгінің, жас пен жасамыстың, ілгері мен кейіннің арасындағы желіні жалғап, ұрпақтар үндестігіне ұластыру – бұқаралық ақпарат саласына да тән нәрсе. Өткеннің үздік үлгілерін болашаққа аманаттап, жас буынның бойына сіңіру үшін сол ұсынылатын кұндылықтардың өзі өміршең болғаны жөн. Журналистикада аға буынның бай тәжірибесі арқылы сыннан өткен мұндай бағалы дүниелер баршылық. Соның ішінде журналистік білім беру ісін ұйымдастырушылардың қалыптастырған қағидаттары да жеткілікті.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тележурналистикасындағы профессор М. К. Барман-құловтың дәстүрлері оның рухани мұрасына қайта зер салып, жаңаша тұжырымдар жасауға міндеттейді.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор