Алматы қаласында орналасқан Антон Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада Халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Әлем таныған – ұлы Абай» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Тағлымды кешке Абай атамыздың ұрпағы - Нұргүл Ысқақова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, отандық бірнеше фильмдерде Абай Құнанбайұлының рөлін сомдаған ақтер Болат Әбділманов қатысты. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Хакім Абай» ғылыми зерттеу орталығының Бас ғылыми қызметкері, профессор Марат Бекбосынов та болды. 5571 әскери бөлімінің кітапхана бастығы сержант Ақнұр Жәлішева, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының (мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі) аға көмекшісі аға лейтенант Мерей Байсеркеева және Ұлттық ұланның жауынгерлері, республикалық Абай оқуларының гран-при иегері Аяжан Құдайберген тағы да басқа қонақтар қатысты.
Әдеби-сазды кештің мақсаты өскелең ұрпаққа өнегесі мол Абай атамыздың өмір жолын, шығармашылығын, еңбектерін насихаттау. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының ұрпағы Нұргүл Ысқақова хакім бабамыз туралы тың ақпараттармен бөлісті. Оның Семей қаласындағы мұражай-үйі туралы баяндады. Ал, құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздары қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп күй шертті. Жанды дауыста әндер де шырқалды. Әсіресе, ерекше көзге түскен қатардағы жауынгер Нұрдаулет Аймаханов жанды дауыста «Көзімнің қарасы» әнін орындап кешке жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Тәнті болған көрермендердің бірі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Хакім Абай» ғылыми зерттеу орталығының Бас ғылыми қызметкері, профессор Марат Бекбосынов шексіз алғысын білдіріп, сыйлық табыстады.
Аяулым Мадиканова,
Алматы қаласы