МӘДЕНИЕТ ҮЙІ БОЙ КӨТЕРМЕК

Уақыты: 14.08.2024
Оқылды: 388
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көксу ауданының орталығынан шалғай орналасқан Мұсабек ауылында Мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілмек.


1 мың 162 тұрғыны бар ауылда заман талабына сай жабдықталған 150 орынды Мәдениет үйі халық игілігіне беріледі. Ауылдық Мәдениет үйінде акт залы, сахна, директор кабинеті, гардероб, күзет, фойе, шығармашылық кабинет, әкімшілік, санторап, техникалық бөлме, кітап сақтау орны, оқу залы кабинеті бар. Бұған дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, тұрғындар Мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініштерін айтқан болатын. Енді, міне, ауыл тұрғындарының талап-тілегі орындалып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Көксу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің тапсырысымен берілген жобаның жалпы құны 150 млн. теңгені құрайды. Бүгінде құрылыста 30 маман жұмыс істеуде. 

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ
Көксу ауданы