КҮРЕТАМЫР

Уақыты: 05.09.2024
Оқылды: 486
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әр халықтың жаны, тегі, түп-тамырындағы құндылығы мен қасиеті болады десек, оның бәрі ана тілінің маңызы мен уызы арқылы ұрпағына көшіп отырады. Адами қасиеттің, тектік өзектің өрісті болуы, мыңжылдықтардан тамыр тартқан ұлы өнердің сарқылмас нәрі келешекке аманат арқылы өтуі де  ең алдымен, ана тілдің арқауы. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтуы бекер емес.


Бүгінгі таңда тіл қасиетін дәріптеу, құндылығын жетесіне жеткізе түсіндіру, елімізде қазақ тіліне деген адами сұранысты басты шарт ретінде алға тарту нақтылы жолға қойылған. Осы ретте мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру үшін жер-жерде, облыстарда «Тіл» оқу-әдістемелік орталықтары нақтылы жоспармен, бірегей тәсілмен жұмыс істеп келеді. Жер жаннаты Жетісу облысындағы «Тіл» оқыту орталығы облыс бөлінгеннен кейін де аймақ басшысының қолдауымен қайта құрылып, жұмысын бастады. Өзге өңірлердегі әріптестерімізден артықшылығымыз, бізде Тіл сарайы бар.

Негізгі функционалды міндетіміз – тіл үйрету десек, бүгінде оқу-әдістемелік орталығымыз нақтылы жоспар бойынша жұмыс жасауда. Бір айта кететіні, соңғы 2 жыл аралығында этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артып отыр. Жалпы, тіл саясаты комитетінің тұжырымдамасына сәйкес әрбір өңірге берілген нақты тапсырма барын ескерсек, біздің орталық бұл жоспарды артығымен орындап отыр. 

Ана тілді білу бірлік, өзге тілді меңгеру тірлік үшін қажет екенін кешегі даналар айшықтап өткені рас. Бұл орайда мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық этнос өкілдерінде, атап айтқанда, Панфилов, Қаратал аудандарындағы ұйғыр, дүңген, кәріс ұлттарында, Талдықорған қаласындағы славян азаматтарында басым дер едік. Онымен қоса Қазақстанға келіп қызмет етіп жатқан түрік азаматтары да біздің орталықтан қазақ тілін оқып үйренуге ынта қойған.

Рас, әр айтылған ойды нақты дерекпен көрсететін күнде ғұмыр кешіп жатырмыз. Бұл орайда біздің оқу-әдістемелік орталықтың бірінші жартыжылдығына көз жіберсек, тыңдаушылардың саны 2358 адам болса, оның ішінде мемлекеттік тілді білуге ынта танытқан 1942 адам тілді әр деңгей бойынша меңгеріп шықты. Деңгей бойынша – А1, А2, Б1, Б2 болып бөлінетінін де айта кеткен жөн. Аталған 1942 азаматтың 632-сі мемлекеттік, 1202-сі бюджеттік сала мамандары. Осы секілді тамыз айынан басталған екінші жартыжылдық бойынша қабылданған азаматтардың да саны ауыз толтырып айтарлықтай.

Жалпы, тілді үйрену, өзің өмір сүріп жатқан елдің мемлекеттік тілін меңгеру әрбір адамға қажетті құндылық, парыз іспетті екені ақиқат. Бұл орайда біздің орталықта білікті мамандар қызмет етіп келеді. Олар тегін қызмет түрінде әрбір тыңдаушысын ана тілдің деңгей-деңгейі бойынша оқытып, еркін сөйлеп, ойын бүкпесіз жеткізе алатын сатыға дейін жеткізуде. Күнделікті әлеуметтік желідегі «2 айда орыс тілін таза сөйлетеміз, 3 айда ағылшын тілін еркін меңгересіз» деген жарнамасы жер жарған, алайда нәтижесі жоқ ақылы курстар секілді емес, біздің орталық әр деңгей бойынша кез келген тыңдаушысын қанағаттандырып келеді. Осының нәтижесінен болар, кейбір мекемелер аудан-аудандағы филиалдарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатты. Мәселен, Алакөл ауданындағы әскери гарнизон өз мекемесінен бір бөлме беріп, оқытушыларымызды шақыртып білім алуда. Онда білікті мамандар әскерге алынған сарбаздар мен әскери адамдарды мемлекеттік тілге баулуда. Сол секілді, облыс орталығының іргесіндегі Ескелді ауданындағы орталық аурухана басшылығы да ұсыныс тастап, аудандық аурухана ішінен бір бөлме берді. Онда ақ халатты абзал жандарды оқу-әдістемелік орталықтың жоспарына сәйкес оқытып, мемлекеттік тілді үйретудеміз. 

Жалпы алғанда, Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы нәтижелі жұмыс істеуде. Ұстаздарымызды біліктілігін арттыру курстарына жіберіп отырамыз. Жан-жақтан тіл жанашырларын шақырып шырайлы шара, рухани кездесу ұйымдастыру бір басқа, ел бойынша өтетін «Үздік оқытушы» дәстүрлі байқауында орталықтың оқытушылары үнемі жеңіс тұғырынан көрініп, топ жарып келуде. Бұл, ең алдымен, мамандарымыздың білікті екенін айғақтайтыны анық.

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдaғанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйінін түйгенінше айтуға жарау», – депті ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы. Данышпандарымыздың бұл тақылеттес тіркесін тізбелесек, ұлы құндылықтың түп бастауында ана тілі тұратынына көз жеткізе беретініміз заңдылық. Ендеше, ана тілде сөйлеу әрбір азаматтың, сол елде тұратын халықтың ортақ парызы, қасиетті борышы. Бұл орайда еліміздегі барша тіл жанашырларын, ел азаматтарын, халықты Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен қатар келген Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтағым келеді. 

Жеңіс ЖОЛДЫБАЕВ,
облыстық «Тіл» оқу-
әдістемелік орталығының басшысы