Қазақ қай уақытта болмасын бала тәрбиесі ұлттың болашағы деп білген. Аттан жығылса да салттан жығылмаған еліміз өскелең ұрпаққа ата-баба дәстүрін, салт-санасын дәріптеп, ұлының ұлан, қызын қонақ екенін санасына сіңіре отырып, бойына бар жақсы қасиетті дарытуға тырысқан.
Ұлы ақынымыз Абай ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Ол өзінің отыз жетінші қарасөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», дей келе, адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екендігін дәлелдеп берген-ді. Абайдан артық кім айтқан?!
Ал қазіргі қоғамда ше? Бесіктен белі шықпаған балдырғандарымызды «көк жәшіктің», телефонның алдына телміртіп, батыстың мән-мағынасыз мультфильм, киноларымен тәрбиелеудеміз. Ес біліп, етек жиған балаларымызды компьютердің атыс-шабыс ойындарына, әлеуметтік желінің арбауына беріп қойдық.
Біздің міндетіміз Мағжан атамыз сенген жастарға дұрыс тәрбие, үлгі-өнеге беру. Дұрыс қанаттанған түзу ұшар. Өткенімізді жаңғыртып, оны өскелең ұрпаққа ұлықтайық. Бала тәрбиесіне бесіктен көңіл бөлейік. Өйткені болашақ ұр- пақ – ел ертеңі. Кешегі даналарымыздай жарқын ғұмыр кешу үшін, ұрпақтың қызығына бөленіп, ұлтжанды, ұжданды азамат өсіру үшін бабадан қалған дәстүрлі өмір салтымызды есте сақтап, орындап жүрсек игі.
Айгүл ЧИЛЬМЕНБЕТОВА,
Қарашоқы орта
мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Кербұлақ ауданы