Бақсылық әлемі кезінде ұмыт болып, бүгінде зерттелмей жатқан тақырып, адамзат баласының жаратылысымен бірге келе жатқан өнер, білім, мәдениет. Бұл тек өнер ғана емес, қоршаған дүниенің көзге көрінбейтін құбылыстарын байқап, сезінген, ерекше түйсікпен жаратылған адамдар. Халық өзі аялап, қадірлеп, пір тұтқан сондай адамдардың бірі – Түктібай бақсы.
– Ол кезде он жасар бала едім. Есенқұл Жақыпбеков Ұзынағаштағы өнер мектебінде ақын шәкірттерін баулып жатқанын сынып жетекшімнен естідім. Ол кісіні теледидардан көргенім болмаса, бетпе-бет жүздеспеген екем. Бірнеше күн бойы «Ақындар сыныбы» деген сөз ойымнан шықпай жүрді… Ақыры тәуекелге бел буып, ана туралы жазған төрт жол тақпағымды алып, өнер мектебіндегі Есағаны тауып алдым.
Есенқұл ақын көз жүгіртіп қарады да, жылы жүзбен:
– Өлең жазасың ба? – деді.
– Жоқ, тақпақ жазамын, – дедім.
Ол ішек-сілесі қатып күліп: «Ал, жарайды, тақпағыңды айта ғой», – деді. Зуылдатып айтып шықтым.
– Ой, бәрекелді, қара жаяу емес екенсің, жүре ғой, – деп сыныпқа ертіп кірді. Сол сәттен бастап аудан тарихын, ата-бабаларымыздан қалған өлең-жырларды Есаға санама сіңіре бастады.
Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде «Аудандағы халық қасиет тұтқан жерлерді аралап қайтайық» деп айтыс ақындарының алтын діңгегіне айналған Сүйінбай Аронұлының ауылы Қарақыстаққа жеттік. Ауылдың шығыс жағындағы төбе басында тұрған баба күмбезі анадайдан көзге ерекше шалынады. Есағаны ортаға алып, өңкей «ақындар» көліктен түсіп, бабаның күмбезіне жаяу алқынып, ентігіп жеттік. Жолай сарқырап аққан өзеннен өтпекші болғанда Есаға еңкейіп бетін жуды. Судың жағасынан екі тасты алақанына салып қысып:
– Қасиетіңнен айналайын, Қарақыстағым. Сүйінбайдай алып ақынды өмірге әкелдің. Бұл ауылдың тасы да киелі, – деді.
Осылайша баба зиратына тағзым жасап, Құран бағыштадық. Ұстазым аймақтың тарихымен таныстырды. Бұдан шығып, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың ауылына келдік. Бабаның әсем күмбезі әдемі үйлесім тапқан сәулет өнерінің қайталанбас ғажайып көрінісі дер едім. Күмбез қазақ өлеңінен салынғандай әсер берді. Қалың бақтың ішінде жарқырап, айналаға шуақ шашып тұрғандай. Түрлі гүлдермен көмкерілген мұражай ауласы да жарасымды. Сол күні Жамбыл мен Құлманбеттің айтысының тарихын естідім.
Жамбыл ауылынан шығып, көлік оңға қарай бұрылды. Бір төбеде зираттарды көзімен нұсқап, Есағам:
– Анау жерде Жамбыл атаңның туған-туыстары жатыр, – деді. Машина Қызыләскер ауылына қарай бұрылып, жолдың түбіндегі бір көне зиратқа тоқтадық. Атшаптырым жер темір құрсаумен қоршалған. Ішінде бірнеше төбешік. Бір ер адам алдымыздан жүгіріп шығып: «О, Есенқұл балам, қош келдің», – деп құшақтасып амандасты.
– Мынау шәкіртім Меруерт бастаған жас ақындар. Біздің бүгінгі сабағымыз аудандағы қасиетті бабаларымыздың зиратын аралап, Құран бағыштау еді. Сонау Қарақыстақтан бері ел тарихымен таныстырып келемін, – деді ұстазымыз. Сөйтіп, зираттың жанына келдік. «Мынау Түктібай бабаның зираты. Бабамыз ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Өзі бақсы, атақты қобызшы болған. Кейін халық «Түктібай әулие» деп атап кеткен. Халқымызда үзеңгіге шіренген батыр да көп, кеудесін өрге айдаған бай да көп, тілінен бал тамызған би де көп, ал әулие деген саусақпен санарлық. Ешкім өзін «әулие» деп жариялай алмайды. Ондай атақты айналасы, елі мен жұрты береді. Кезінде бір бай ат шаптырып, той жасайды. Бәйгеге Түктібай баба қобызын қосқан екен. Қасындағы шабандоздар қастық ойластырып, тораңғы деген тамыры терең жайылған ағашқа қырық құлаш арқанмен қобызды байлап тастайды. Ол уақытта сәйгүліктер күндік жерге айдалатын. Арада екі тәулік өтеді. Түктібай баба биік жотаның үстіне шығады да, алыстан қарайған нүктені көреді. Қобызға қастық жасалғанын сезіп, азан шақырады. Сол кезде қасиетті қобыз тораңғыны тамырымен жұлып алып, мәреге ұшып келген екен, жарықтық».
Есағамның осы әңгімесі маған ерекше әсер берсе де қобыздың қалай бәйгеге қосылатынын онша бағамдай алмай іштей таңғалып тұрмын.
– Меруерт, сезіп тұрсың ба, мына жердің ауасы да ерекше. Сезініп көрші. Ақын адам өте сезімтал болу керек, – деді Есағам. Біраз үнсіздіктен соң көне зираттарға көз тастадым. Шынында бір қасиетті күш байқалады. Денем шымырлап кеткендей болды.
Түктібай баба жайында бұрын естімеген екенмін. Таңғалып тұрмын. Алғашында бізді қарсы алған қария: «Жүріңдер, дастарқаннан дәм татыңыздар. Қобыз үйде», – деді.
Дастарқан басында әңгіме тағы да жалғасты. Бұл ата Түктібай бабаның ұрпағы әрі шырақшы екен. Бәйбішесі де ақжарқын, қонақжай адам. Төргі бөлмеде қобыз ұстаған қарияның суреті ілініп тұр. Көз алмай соған қарап отырғанымды байқаған шырақшының зайыбы: «Мына суреттегі адам – Түктібай бабаң. Бір көріпкелдің суреттеуімен салынған, – деді.
Осы сапар Түктібай туралы түрлі аңыз-әңгімелерге қанықтым. Бір кезде шырақшы қария: «Жуырда Түктібай бабам баламның түсіне кіріпті. Баба: «Балам, іші ақшаға толған қызыл машина келе жатыр» , – депті. Содан араға бірнеше күн салып немеремді ертіп балам базарға барыпты. «Бинго» лотореясын сататын дүңгіршектің қасынан өтіп бара жатқанда баланың қолы ілініп тұрған билеттерге тиіп кетіп жерге құлап, екеуі былғанып қалады. Былғанған билеттерді сатып алуға тура келеді. Үйге келіп ойнатса «Бингодан» ірі ұтыс шығады. Сөйтіп, біраз қарыз-құрызымызды өтедік. «Баба аян берген екен, ендеше, қызыл көлік сатып алайық» деген шешімге келдік. Міне, мынау есік алдында тұрған көлік сол ұтыстан алған ақшаға сатылып алынған», – деді.
Шырақшының зайыбы ақ матаға оралған қасиетті қобызды әкелді. Бір тылсым күйге бөленіп, көзіме жас келді. Менің тебіреніп отырғанымды байқаса керек, шырақшы: «Қызым, бабаның қобызын ұстап көр, тілектеріңді айт», – деді. «Біссімілла» деп қобызды қолыма алдым. Жүрегім лүпілдеп аузыма тығылғандай. Екі қолым қызып, өртеніп бара жатқандай таңғажайып күйге бөлендім.
Қобыздың арқасында шытынаған үлкен сызық бар екен. Шырақшы атам: «Бұл әлгі ат жарысында тораңғыны тамырымен жұлып алған кезде шытынағаны екен. Ал ішектері шіріп кеткен. Жуырда бір тақуа адам зиярат етіп келген еді. Мына қобызға жүйрік аттың қылынан есіп ішек жасау керек, дұға-тілегіңді айтып өзің тартып көр, бабаның ұрпағысың деген еді, бір реті келгенде сол тақуаның айтқанын жасап көрермін», – деді.
Осы жолғы сапар мені зор әсерге бөледі. Өмір бойы ұмытылмастай күн болды. Қазірге дейін есіме алып отырамын. Түктібай баба туралы аңыз-әңгімелерді балаларыма айтып жүрмін.
Жуырда Алматыдағы Кітап палатасының мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Түс уақыты еді. Ғимараттың астыңғы қабатындағы асханаға кірдім. Терезеге қарап ойланып отырған келіншектің қасына отырдым. Екеуміз түстену үстінде таныстық. Ол өзінің ұстаз екенін айтты. Жамбыл ауданынан келгенімді айттым. Кенет ол: «Жамбыл ауданы Түктібай атаның елі ғой. Білемін. Сіздердің аудан ақындар мен батырлардың киелі мекені. Осыған толық көзім жетті», – деді.
Мен келіншекке таңырқап қарадым. Ол: «Жамбыл ауданын, Түктібай бабаның қасиетті қобызын ешқашан ұмытпаймын. Бағымды ашқан құтты мекен. Отау құрып бірнеше жыл құрсақ көтермедім. Бірнеше емхананың табалдырығын тоздырып, көптеген дәрігердің есігін қақтым. Бірақ одан қайран болмады. Бір танысым: «Баяғы ата-бабамыз әулиеге түнеп, бала сұраған. Қасиетті кісілерді зиярат етіп жүріп перзент сүйген. Тек сену керек», – деді. Менің бала сүйіп, отбасымды сақтап қалғым келді. Көкірегімде үміт оты сөнер емес. Расында, бақсы-балгерлер туралы ойлана бастадым. Бір күні ауылға диуана болып кеткен танысым келді. Ол көптен бері әулие-әмбиелердің мазарларына түнеп, аруақтарға тәу етіп жүр дегенді естігенмін. Бір жолығып қалғанда диуана ауылға не үшін келгенін баяндады. «Киелі Түркістан мен оңтүстіктегі мазарларды аралап шықтым. Енді Жамбыл ауданындағы бес атаның басына барып тағзым етсем деймін. Бірақ менің «Аққу», «Ата жолы» тәрізді секталарға қатысым жоқ. Оларға ұқсап аруақтарға табынбаймын», – деді ол. Бір сәт олай құлшылық етпейтіні бар, онда несіне әулиелердің мазарына барып жүр деген ойға қалдым. Сөйтсем, осыдан біраз уақыт бұрын әпкесі ауруға шалдыққанда аталардың басына тәу етіп, қасиетті суды ішкізіп жанын аман алып қалыпты. Бұрын-соңды мұндай нәрселерге сенбейтін едім. Аруақтарға табынуды Аллаға серік қосу деп білетінмін. Егер бұл сенім ауруға медет болса, онда неге барып көрмеске? Танысыма осы ойымды айтып едім, ол «Түктібай бабаның қасиетті қобызын білуші ме едің?» деп сұрады. Мән-жайды сұрастырсам, Қызыләскер ауылында атақты Түктібай қобызшының аманат еткен қасиетті қобызы бар екен. Сол қобызды ұстап, шын пейілімен ниет еткен адам мақсат-мұратына жететін көрінеді. Бұдан соң көп уақыт өткізбей Түктібай бабаның мазарына жол тарттым. Ондағы Түктібай ата мазарын тез-ақ тауып алдым. Шырақшы қобыз қасиеті турасында көп сыр шертті. Түктібай ұрпақтары бұл қобызды үш ғасырдан бері сақтап келеді екен. Кәмпеске кезінде бүкіл байлықты тып-типыл еткен жендеттерден тығып бүгінге жеткізіпті. Қобызды көруге келген кей адамдар оның сарынын еститін көрінеді. Сонымен қобыз сарынын естімесем де киелі аспапты өз көзіммен көріп, ұстап қайттым. Көне қобызды қолыма алғанымда «Ана болғым келеді» деп медет еттім. Шырақшы да Түктібай қобызын шын пейілімен ұстап ниет еткендердің арманы орындалатынын айтты. Үйге жеткен соң бойымды ерекше сезім биледі. Бұған дейінгі күдік-күмән, барлық жағымсыз әсерлерден бір сәтте арылғандай болдым. Бойымда сенімділік, үміт оты пайда болды. Бірер айдан соң бойыма бала біткенін білдім. Қазір кезінде онша-мұнша сене бермейтін тылсым дүниеге нанып, қасиетті қобызды ұстап көргеніме қуанамын. Егер сол кезде киелі күшке сенім білдіріп, ниет етпесем, бүгін бұл баланың анасы болар ма едім, болмас па едім, кім білсін? – деп келіншек әңгімесін түйіндеді.
Келіншектің есімі Алма Есімбек, көршілес Қарасай ауданының тұрғыны екен. Әңгімесін бүге-шігесіне дейін мұқият тыңдадым. Бала кезімдегі Есағаммен алғаш рет барған Түктібай бабаның зираты, ондағы естіген әңгімелерім есіме түсті. Мен де бар білгенімді айтып бердім.
Есенқұл Жақыпбеков ұстазым егер мені бала кезімде қолымнан жетелеп қасиетті тұлғалардың басына апармаса, менің жүрегімде оларға деген ерекше ықылас орнар ма еді? Енді мен сол әңгімелерді үйдегі өсіп келе жатқан балаларыма айтып отырамын. Олардың да бұл әңгімені ешқашан ұмытпасын білемін. Тіпті өнердің соңына түспесе де олар осындай тылсым қасиеттерді бағалау керек екенін біліп жүретін болады.
Меруерт ӘБІШ,
Халықаралық журналистер
одағының мүшесі