ЖҮРЕККЕ САЛМАҚ ТҮСПЕСІН

Уақыты: 22.09.2024
Оқылды: 469
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап халық денсаулығына төнген қауіптердің бірі – жүрек-қантамыры жүйесі аурулары. Бүгінде бұл кесел «жасара» түсті. Қазір бұл сырқаттар ересектер арасындағы науқастанудың, мүгедектіктің және өлім- жітімнің негізгі себепшісі болып отыр. Көптеген жүрек ауруы стенокардия синдромымен тікелей байланысты.


Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуға болады. Алдын алудың жаппай шараларын қолдану нәтижесінде АҚШ, Австрия, Жапония, Канада сияқты елдерде бұл аурудан болатын өлім-жітім саны азайған. Мұндай жұмыстардың жетістігі тек дәрігерлерге ғана емес, халықтың саламатты өмір салтын ұстана біліуіне де байланысты.

Жүрек ағзадағы жалғыз сыңары жоқ органдар қатарына жатады. Тәулігіне ол 8460 литр қан айдайтын күрделі насос десе де болады. Ишемиялық аурудың алғашқы белгілерінің бірі –  жүректің ұстамалы түрде қысылуы. Жүрек-қантамырлары ауруларының ішіндегі ең күрделісі және ең қауіптісі – миокард инфарктісі. 

Жүректің ишемиялық ауруының өсу себебі туралы мәселе күні бүгінге дейін нақты шешілмесе де медицина ғылымы халық арасында бұл дерттен туындайтын ауыртпалықтар туралы көптеген мағлұмат жинақтаған. Саламатты өмір салтын дұрыс ұстамағанның салдары стенокардия дертінің асқынуына әкеп соғады. Бұл ауру артериялық гипертензия, қант диабеті, созылмалы бүйрек ауруларын асқындырады. Ал темекі шегу, алкогольді ішу, артық тамақтану, дұрыс емес диета, созылмалы стресс, депрессия, денсаулыққа немқұрайлы қарау, медициналық тексерулерді елемеудің салдары адам өмірін қысқартатынын ұмытпағанымыз абзал. Жүректің ишемиялық ауруының қауіпті факторлары бар адамдар аурудың алдын алу жөніндегі дәрігерлік кеңестерді орындап, жыл сайын денсаулығын түзету үшін емханаға барып, тексеріліп отырғаны жөн. Сондықтан да әрбір адам саламатты өмір салтын ұстап, өз денсаулығына аманат деп қарап, жүрекке салмақ түсірмеуі тиіс.

Жұлдыз РАХЫМЖАНОВА, 
кардиология 
орталығының 
кардиореанимация 
бөлімінің медбикесі