Әке әркімнің өмірдегі темірқазығы. Оның жүрген жолы, рия- сыз адамгершілігі ұрпағына үлгі. Әкесін мақтан ете алмаған бала – мақсатына жете алмаған адам. Асыл бейнесі, қамқорлығы жүректен еш өшпеуі керек.
Әкем Марат Мәлтекбасов Талдықорған каласы және Ақсу ауданының Құрметті азаматы, ресей жаратылыстану академиясының профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қандай да болмасын мақтау-марапаттapға әбден лайықты тұлға еді. Ол ата-бабасының қанымен, анасының ақ сүтімен бойына дарыған абзал қасиеттерінің, дарын-қабілетінің арқасында бұл өмірде жарқын ісімен танылды. Әлемдік деңгейде ғылыми жаңалық ашып, есімі елімізден тысқары жерлерде де құрмет-ілтипатпен аталды. Оның есімі 2004 жылы «Ресейдің танымал ғалымдары» және 2016 жылы «Үздік адамдар» («Білім саласындағы үздіктер») халықаралық энциклопедиясына, 2017 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Құрмет кітабына» енді.
Үлкен жетістігінің бірі – мектепте тәртіпті, оқу үздігі болғандығы себепті аудан атынан бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне тынығуға барғандығы. Ал мұндай құрметті иелену сол тұста көп адамға арман еді. Сондай-ақ, әкем 1976-1981 жылдары Томск радиоэлектроника және автоматтандырылған басқару жүйесі институтында білім алды. Ізденімпаздығы және жоғары кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, ізгі қасиеттерінің арқасында әрдайым жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрді. Қандай үлкен қызметтердi атқарса да елмен бiрдей өмiр сүрдi. Халыққа қызмет жасауды басты мақсаты деп бiлдi. Өз ортасына сыйлы еді… Мен үшін асқар тау болған асыл әкем өмірден өтпейтіндей көрініп еді-ау… Өзекті өртер өкініштісі, мұның бәрін өткен шақпен жазып отырмын.
Дүниеден озғанына 1 жыл болса да күнде есігімізден күлімдеп кіріп келе жатқандай күй кешеміз. Әкем туралы ой қозғасам көз алдыма ойы жүйрiк, әдiл сөздi, тектi тұлғаның бейнесi келедi. Сөзi iсiнен алыс кетпейтiн, өмiрдегi мақсатының не екенiн терең түсiнген адам екенiн әрбiр әрекетi дәлелдеп тұратын. Қанша жақсы көрсе де сыртқа білдірмейтін жан-тұғын. Ішімен сүйіп, сыртымен тәрбие берді.
Мен оны бала кезiмнен үлгi тұттым. Іс-әрекеттерiн қайталауға, басқан iзiмен жүруге тырыстым. Ақыл-кеңесiн, ой-толғауларын санамнан өткiзiп отырып, қазiрдiң өзiнде сол бiр асыл жанның әлемтану, адамтану мәселесiнде және өмiрлiк қағидаларды қалыптастыруда берiк ұстанымы болғанын ұға түсемiн. Өзiм де сол қағидаларды пайдалануға тырыстым. Әкем маған әрқашан бағыт-бағдар көрсетіп отыратын. Мен білім және ғылым саласында көптеген жетістіктерге жеткен, марапаттарға ие, қоғамда сыйлы және биік тұлға болған асқар таудай әкемді үлгі тұтамын.
Әкемнің жолын қуып, 2022 жылы PhD философия докторы дәрежесін алдым. Көшбасшылық қабілет-қасиеттерін туған қызы мен ғана емес, әріптестері де дәріптеген тұлғадан үйренгеніміз ұшан-теңіз. Өмір аспанында қыран құстай қалықтауды, білім теңізінде талмай жүзуді үйреткен менің әкем барша әріптестерім мен қатарластарым үшін де, аға буын қызметтестеріне де көшбасшы бола білген еді. Мені барлық жағынан шабыттандырып, қанаттандырған, жұмыс істеуге құштарлығымды оята білген, қайсарлық пен табандылыққа талпындырып, баулыған, ұлтына жанашыр, халқының қалаулы ұлы болған асқар таудай әкеме айтар алғысым орасан.
Әке, сіз мәңгі менің жүрегімдесіз. Өмірлік сағынышым болып қала бермексіз. Біз сізді ұмытпаймыз.
Асыл қазынам
Жыл аунады сіз өмірден кеткелі,
Сағынышпен өтті анамның көктемі.
Сағыныштан сізді іздейміз елітіп,
Өмірге бар артып қойып өкпені.Сізді іздейді үйде жүрген немерең,
Кем көрмеуші ең оларды еш төреден.
Төрде ілінген бейнеңізге қарайды,
«Атам дейді», – сәбилік пәк өремен.Ойға оралсаң жас тығылады көзіме,
Түгесіліп қалардай боп төзім де.
Қайсарлықты сенен алғам, әкетай,
Қызыңмын ғой ұқсап туған өзіңе.Тәрбиеңді көріп өстім жасымнан,
Ешкім сендей сипамады басымнан.
Түсіне алмай қалдық, әке, артыңда,
Кетуің де болды-ау бізге тосыннан.Тауым едің құтқа оранған бөктері,
Өкпе артпадың өміріңе өтпелі.
Туған жердің топырағы бұйырып,
Құшағына мәңгі алды көк белі.
Рухыңа пейіш болсын тек төрі.
Динара ЖАБЫҚБАЕВА,
қызы