Ел құрметіне бөленген

Уақыты: 01.10.2024
Оқылды: 236
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сарқан ауданының тарихи музейі құнды жәдігерлерге өте бай. Жалпы, музей экспозициясы «1917 жылға дейінгі аудан тарихы», «Кеңес дәуіріндегі өлке тарихы», «Тәуелсіздік жылдары» атты үш экспозициядан құралады. Осы жердегі ауданнан шыққан елге белгілі тұлғаларға арналған «Еңбек озаттары» тақтасына көз тіккен жанның жанарына Күлману Марданова апамыздың суреті оттай басылады.

 Кезінде аудан, облыс, республиканы былай қойғанда одақтың абыройын асқақтатқан қазақтың қаршадай тракторшы қызы Күлману Марданованың «К-700» тракторының есігіне сүйеніп түскен суреті барша Кеңес одағына белгілі болып еді. Сондай-ақ, Кеңес одағының алғашқы механизатор қызы Паша Ангелина атындағы одақтық жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлаған қазақ қызының ерен еңбегі талайды таңғалдырғаны белгілі.

Әкеден ерте айырылған апайымыз сауыншы болып істейтін анасына көмектесе жүріп ерте есейеді. Механизаторлар курсын 19 жасында бітіріп, табандылығының арқасында трактор жүргізіп, ауыл шаруашылығының кез келген саласында жұмыс істеді. 

«К-700» тракторын Көкөзектің 45 градусқа жететін қысқы суығында таңғы 4-те оталдырып, шөп тиелген екі үлкен тіркемені кейде 350 шақырымға дейін апарып, түн ортасы ауа қайтқан күндері көз алдында. Міндетін тиянақты, дер кезінде, сапалы орындағаны үшін 20 жасында Еңбек Қызыл Ту, 24 жасында Ленин орденіне қол жеткізді. Германия мен Кеңестер одағы арасында өткен тракторшылар арасындағы жарыста бәсекелестерінен оқ бойы оза шауып «Кәсіби шеберлігі үшін» дипломымен марапатталды. Германияда, Кубада өткен жастар фестиваліне шақырылып, өз тәжірибесімен бөлісті. Оның жер жырту тәсілдері озық үлгі ретінде шетелдің арнайы оқу орындарының бағдарламасына енгізілгенін айта кеткен жөн.

Қоғамдық жұмысқа да белсене араласып, комсомол, партия съездерінің делегаты болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола жүріп елдегі өзекті мәселелердің оңтайлы шешім табуына ықпал етті. 
Күлману апайымыз бүгінде «Сарқанирригация» ардагерлер бастауыш ұйымының төрайымы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы. Бірнеше төсбелгімен марапатталған. 
Өткен жылы Күлману Қадырқызы  70 жасқа толды. Ол кісі ешқашан «Мен сондай болдым» деп мақтанбайды. Қарапайымдылығы, еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Күлману апай секілді аты аңызға айналған адамдардың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етудің кемшін түсіп жатқаны ойландырады.

С. ЕРЖАНОВ,
Сарқан ауданының тарихи музейінің экскурсия жетекшісі