Олжас Сүлейменов «Адамға табын, жер енді!» (поэма атауы) деп еді ғой. Ақынның сөзін бұрмалауға тура келіп тұр: «Басыңды и адамзат Жер-анаға!» Ықылым заманнан анасы баласына бас имейді. Ал баласы анасына бас иіп, тағзым қылғаны абзал. Себебі, қазақы кеңістігімізде жер-ана, тіршіліктің бастауы. Оның төсінен мен де, сіз де, біздің ата-бабамыз нәр алған һәм мәңгілік мекеніміз де сонда.
Осынша аз-маз ойдың тууына не себеп? Талдықорған қаласының іргесінде жұртшылық «Тасбақа тас» атап кеткен жер бар. Талай дәуір мен тарамыс тарихтың куәсі болған сол маңда сақ дәуірінің бедері жатыр. Қайсар бабалардың үні тас бетінде аманаттай бүгінгі күнге жетті. Сол жәдігерлер мемлекет қорғауына алынып, апта ортасында «Тасбақа тас» маңында «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық тазалық айлығы аясында экологиялық акция өтті. Мұндағы мақсат – тарихи петроглифтерді қорғау, мемлекет қорғауында екенін айғақтайтын белгі орнату. Айтпақшы, «Тасбақа тастың» тағдырына алаңдап, алғаш дабыл қаққан «Алтын Адам креатив орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Бакирова мұндай құнды жәдігерді қорғау ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру үшін қажет екенін алға тартады.
– Бірнеше мәрте бұл маңда тазалық акциясын ұйымдастырдық. Ең бастысы, сақ дәуірінің көзіндей жәдігерлердің жойылуына қарсы тұрдық. Қазір мұнда өткенімізге бейжай қарайтын жастар да келіп жүр. Заманауи бояулармен неше түрлі сөздер жазып кетуде. Алдағы уақытта бояу кетіретін химиялық қоспалар әкеліп, соны тазаламақпыз. Өткенімізді бағаламай, болашаққа қадам жоғын түйсінсек, – дейді Динара.
Кезінде төл тарихтың хаты тағдыр тезіне тап болғандай еді. «Темірбетон» ЖШС осы маңнан тас өндіріп, таңбалы тастарға қауіп төнген. Өңір белсенділері бабалар аманатын сақтап қалу үшін жанұшыра дабыл қақты. Құзырлы органдардың араласуымен, қалалық әкімдіктің қарекетімен серіктестікке басқа маңнан 22 гектар жер беріліп, тарих хаты аман қалды.
– Экологиялық акцияға 500-ден астам белсенді қатысуда. Қуантарлығы қатысушылардың 80 пайызы жастар. Бұл тарихи жәдігерді сақтап қалуға қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер бір адамдай жұмылып, араша түсті. Нәтижесінде, мемлекет қорғауына алдық. Енді «Тасбақа тас» ескерткішінің болашағы үшін еңбек етуіміз керек. Мемлекет қаржысынан тыс үкіметтік емес ұйымдар арқылы экопарк салуды жоспарлаудамыз. «Тегін, тарихын білмеген жұрттың ертеңі сенімсіз келеді» деген. Төл тарихымыздың әрбір бөлшегін қорғауымыз керек, – дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Акция барысында экобелсенділер таңбалы тас- тар арасындағы қоқыстарды тазартты. Бұл уақытта өңір өнерпаздары ұлттық өнерді әуелетті. Дәуірлердің үні мен бабалардың дүбірі қалған Жер-анаға тағзым осылай жалғасын таба бермек.
Дастанбек САДЫҚ