МЕКТЕП ЖҮРЕГІ

Уақыты: 05.10.2024
Оқылды: 534
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлттың жас буынын тәрбиелейтін тәлімі терең мұғалім қоғамға ауадай қажет. Олардың мәртебесі әсте төмендемеуі тиіс. «Балаға рухани азық бере алатын жаннан ғана ұлағат иесі шығады. «Бүгінгі оқытушылар қауымы ұлттық құндылықты шәкірт санасына сіңіре алып жүр ме, әлде жалақы үшін ұлағатты жолда күнелетіп келе ме?» деген сан сауал көкіректі кернейді. Ендеше, кеудедегі көп сұраққа жауап іздеп көрелік.


«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» екені ділмарлар даналығымен айшықталған. Жақсы педагог бала тәрбиелеуден қашпайды. Керісінше бар мейірімін арнап, ізгіліктің кілтін шәкірт қолына ұстатады. Сөйтіп оқушы үшін ең ғажап адамға айналады. Алдындағы жәудіреген жанарларға білім берумен қатар, тәрбиесін түзеп жүрген оқытушылар бұл күні ел ішінде жетерлік. Десе де сондай білікті мамандар, ұстаздықты ұлтқа қызмет деп білетін мәртебелі мұғалімдердің қатары көбейсе деген тілек бар.

Сен тимесең, мен тиме, баладан әрмен бадырақ көз болып жүрген білім берушілерді көргенде ішің ашиды. Біреу күштеп әкеліп мұғалім қылғандай көрінеді. Әңгімелесе қалсаң күнкөріс үшін ғана жүргенін жасырмайды. «Жалақысы тәуір болған соң таңдап едім осы мамандықты» дейтіндерді де жолықтырарымыз анық. Жоғарыда айтқан балаға деген жанашырлықтың жұрнағын көре алмай қапаланамыз мұндайда. Бұл әсте ұстаздық жол емес, керісінше, оқушыға жасалған қисынсыз қиянат қана. Абайдың «Құдайдан қорық, адамнан ұял» деген кеңесін ұмытқандық.

Қазақ «Ауруда шаншу, сөзде қаңқу» жамандығын айтады. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби ұстаз өтірік-өсекті, мылжыңдықты жек көріп, шындықты, әділдікті бар ынтасымен сүйе білу керек деп тұжырым жасайды. Бұл қасиетті бойына сіңірмесе оқушы алдында қадірі болмайтынын баяндайды. Олай болғанда әрбір жас мұғалімдік жолды таңдамай тұрып ой түйгені дұрыс. Ұстаз болу ұлағаттылық, тазалық, кемеңгерлік екенін ұққаны жөн.

Бүгінгі жаңашылдықты жаны қалап, бар мүмкіндікті пайдаланып, қарекетінен танбай жүрген мұғалімдердің ісі көпке үлгі. Олар компьютердің ішкі жүйесін, офистік бағдарламаларды, заманауи технологияны игеріп, электронды тақталармен жұмыс істеп жаңа заманға бейім жастардың көңілінің кілтін табуда. Әр сабақты қызықты өткізіп, қоғамға қажет тұлғаларды даярлап, ел игілігіне өлшеусіз үлесін қосып келеді. Ұлағат иесі деген атқа лайық та осылар болса керек-ті. Талабы күшті қоғамның ағысы қатты болмақ. Ал сол ағысқа қарсы шәкірт даярлау мұғалімнің нағыз еңбек адамы екенін көрсетеді.

Ұстаз тек білім берумен ғана шектелмей, баланың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуіне күш салғаны дұрыс. Ол ең алдымен өзін рухани тұрғыда дамытып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлғаға айналуы қажет.

Ақиқатын айшықтасақ, мұғалім – бейжай қарайтын мамандық емес. Сан тағдырға бағыт-бағдар беретін, қараңғы санаға жарық түсіре алатын жалғыз сала. Ұстаздың жүгін әркім арқалай алмайды. Оқытушының қолында келешек ұрпақтың, әлімсақтан жасап келе жатқан ұлттың болашағы тұр. Сондықтан бұл соқпаққа түскен жанның арқалаған жүгі мен жауапкершілігі батпан деп білеміз. 

Медет ЖҰМАБАЙ