Сөз дегеннің құдіреті ерекше ғой. Барды жоқ, жоқты бар ететін де осы сөз. Сол сөз адамнан періште де жасайды, сол адамды дүниенің қоры да етеді. Құдіретті сөздің қадір-қасиетін айшықтауға бір жағдай себеп.
Мектеп жасына жетпеген баласы бар кісілердің басынан күн де өтетін жайт бар. Балабақшаға кішкентайын «дүнияның зарын» салдырып әкеп тастап, кешке сол баласын үйге көңілді алып қайту қалыпты жағдай. Ал балаңыз таң қылаң бере оянып, «балабақшаға барамын» деген байбаламға салып, кешке үйге қайтпайтынын айтып, жер тепкілеген көрініс ше? Бұл қалыптан тыс жайт. Журналисті аяғы мен қаламы асырайды деген ұстаныммен күнді өткізіп, кешке өлең төсекке дүнияның шаруасын еңсергендей сұлай салу көптен әдетке айналғандай. Ақпарат тасқыны тасыған сәтте тырп етпей отыру осы саладан нәпақа тауып жүрген жандардың жанына жат. Кезекті жұмыс уақытында жарым хабарласып, кештеу шығатынын мәлім етті. Бізге артылған жүктеме – балабақшадан баланы алу. Артынып-тартынып тұра ұмтылдық. Мұндай «тапсырманы» орындап көрмеген соң қобалжу да бар. Ескелді ауданы, Шымыр ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің жанындағы шағын орталықтан бала алуға соңғы рет қашан барғаным есімде жоқ. Межелі жерге жеткенде аңғардық. Біршама адам үй еркесін күтіп есік алдында жүр екен. Кейбірі «қазір басталады» деп қояды. Ненің және қалай басталатынын түсінбей мен аң-таң. Тұп-тура сағат тілі бесті соққанда басталды ғой. Бүлдіршіндердің жылаған үні естілді. Бақсақ, мұндағылар: «қайтпаймын, Бақытжан апаймен, Жанар апаймен қаламын» деп қиғылық салады екен. Біздің кішкентай да солай шықты балабақшадан. Апам да аң-таң, мен де аң-таң. Күнделікті шешесімен шығатын болған соң, сол кісіге қоңырау соғып, мән-жайды сұраймын ғой. Сөйтсек, бұл үйреншікті жағдай екен.
Балалардың «үйге қайтпаймын» синдромын қалыптастырған да, күнделікті осындай оқиғаның басты кейіпкері де Бақытжан Ерікбаева мен Жанар Тұрымова екен. Дүниеден хабарсыз балаларды тәрбиелеу ісіне 22 жылдан астам уақытын сарп еткен бала жанының бағбаны ауылдағы шағын орталықта 14 жылға таяу уақыттан бері еңбек етіп келеді. Әріптесі Жанар Тұрымовамен үзеңгі тартып, осы шағын орталықтың отымен кіріп, күлімен шығуда. Дұрыс түсініңіз, «отпен кіріп, күлмен шығу» от жағып жүр дегенді білдірмейді. Бала тәрбиесінің бар жүгін бірге көтеріп жүр дейікші.
Бүгінде шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Сол 25-тің тілін табу – осы екі кісінің басты міндеті. Міндет орындалып та жүр. Әйтпесе, «балабақшадан қайтпаймын» деп жыламас еді, шыны керек бала дегенге үйінен асқан «жұмақ» жоқ қой. «Менің атым Қожа» фильмін тамашалаған кісі білер, картинадағы басты кейіпкер Рахманов мұғалім: «Ұстаз деген шәкірттің шырағын жаға білу керек» – демей ме?! Тұтас дәуірдің санасында «Рахманов: феноменін» қалыптастырған осы бірауыз сөз ұстазға да, тәрбиешіге де бағдаршам болуы тиіс. Ал, біздің бүгін суреттеп отырған қос тәрбиешіміз сол шамшырақты тұтатушылардың қатарынан.
– Кез келген бүлдіршін балабақша есігін алғаш ашқанда ата-анасынан ажырамауға тырысады. Жылайды. Кей балалар бірнеше күннен кейін бой үйретсе, кей бүлдіршін айлар бойы ата-анасымен үйіне қайтуға асығады. Ал, бізде жағдай бөлек. Әріптесім, Жанар Сұлтанқызы баланың тілін де, ебін де тез табатын майталман жан. Оның үстіне үнемі ізденіс үстінде болуы балалардың уақыты қызықсыз өтпеуін қамтамасыз етеді. Әр күні шытырманға һәм қызыққа толы болуы шағын орталық балалардың санасында екінші үйіндей әсер қалдырады. Қайткенмен, әрбір тәрбиеші бала жанының бағбаны болуы тиіс, – дейді шағын орталық меңгерушісі Бақытжан Ерікбаева.
Әуелден сөз құдіреті һәм қасиеті туралы әңгіме еттік. Разылықтан туған осынау дүниедегі оқиғалар шынайы және сөз арқылы қос тәрбиешіден «періште» жасау ойда жоқ. Бастысы жұмысына адал, білім мен тәлім ісінде аянып қалмауға тырысатын қос тәрбиешінің кішкене болса да болмысын суреттедік. Өйткені олар, шынында да бала жанының бағбаны.
Дастанбек САДЫҚ