Жақсының аты өлмейді

Уақыты: 20.10.2024
Оқылды: 706
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жақсының аты өлмейді. Жасаған мейірім, қайырымы елдің есінде сақталып қалады. Сәт сайын еске түсіп: «Ол болса  былай дейтін еді» – деп еске алады. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген осы.

Ерсерік Сүлейменов жан-жағына шуағын молынан шашқан жан еді. Өзі өмір сүрген қоғамға адалдық танытып, мемлекет тапсырған қызметті жауапкершілікпен атқарды. Мойнына жүктелген міндетті талапқа сай орындады. «Адамның асылы – жақсылық жасаған жан» деген, жан-жағына жақсылық жасағысы келетін қасиетімен ерекшеленді. Алматы облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармада қызмет атқарған Ерсерік Рамазанұлы білікті маман ретінде «Әлеуметтік саланың үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды. Замандастары мен әріптестерінің арасында білікті, іскер  маман ретінде танылды. Еңбек шарттарының орындалуын қадағалады. Жұмыс барысында қауіп-қатердің алдын алуға күш салды. Келісімшарттардың орындалуын, жұмыс берушінің жауапкершілігін қадағалайтын. Оқыс оқиғадан жапа шеккен адамның әлеуметтік, денсаулық жағдайының қалпына келуіне барын салды. Жұмыстың жақсы жүруі үшін алдымен қызметтік ортада түсіністік болу керектігін назарда ұстады. Әріптестерімен түсіністікте, тіл табыса еңбек еткен Ерсерік әрқашан айналасындағылардың қуанышын көбейтіп, қайғысын азайтып жүретін. «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» деген сөз осындайдан шықса керек.

Бұл жөнінде Ерсерік Рамазанұлының әріптесі Раушан Абданбаева:

– Ерсерік Рамазанұлымен Алматы облыстық еңбек инспекциясында 15 жыл әріптес болдық. Ол өз ісін жақсы білетін. Инспекцияның жаны, жүрегі сияқты еді. Көбіміз жұмыс жайында білмегенімізді Ерсеріктен сұрайтынбыз. Жастарды мекеменің ішкі жұмысына тәрбиелейтін ол ешкіммен ренжіспейтін. Мекеменің Талғар ауданы бойынша жауапты маманы ретінде ісін тыңғылықты атқарып, міндетін қамшы салдырмай орындайтын. Отбасын ерекше жақсы көретін. Келіншегі Майра, қыздары, күйеу балалары, ұлы туралы айтудан жалықпайтын. Әсіресе жан-жағындағыларға көмектескісі келіп, елгезектеніп тұратын қасиетімен ерекшеленетін, – деп өткен күндер жайлы естелігімен бөлісті.

Бос жүріс, бос әңгімені ұнатпайтын Ерсерік тапқан табысын отбасының игілігіне жұмсады. Жары Майрамен тату-тәтті ғұмыр кешті. Екеуі бір-бірін толықтырып отыратын. Білімді, зиялы, еңбекқорлығымен елге танылған Майра Сүйгенбайқызы Талғар ауданына қарасты «Бесқайнар» ауылының әкімшілігінде қызмет атқарды. Елді мекеннің экономикалық, әлеуметтік жағынан алға жылжуына көп күш жұмсады. Халыққа жақын маман болды.  Ауыл халқының талап-тілегін тездетіп орындап беріп, алғыс арқалайтын. Мұның барлығы оның тәрбиелі отбасынан шыққандығын, ата-анасынан дұрыс тәлім алғанын байқататын.

Осындай тату-тәтті отбасында 3 бала дүниеге келді. Алтын асықтай ұл-қызын Ерсерік Рамазанұлы Алланың берген сыйы деп төбесіне көтеріп, әлпештеді. Балаларының тәрбиесіне, елінің салиқалы перзенті болып өсуіне барын салды. Көппен тіл табысу, бастаған істі қиындыққа қарамай соңына дейін жеткізу, ел үшін адал қызмет ету, істі тыңғылықты атқару, нәтижесін көрсету барысында табандылыққа тәрбиеледі. Балаларына: «Қарақұстың баласы бауырына басып жейді, Ақсұңқардың баласы жан-жағына шашып жейді. Тапқаныңдарыңды көппен бөлісіп жүріңдер», – деп ақыл айтатын Ерекеңнің өзі ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранның арасында үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Ол өмірге шексіз құштар еді. Бірақ, 55 жасында ауыр дерт асыл азаматты  мәңгілік мекеніне алып кетті.

Мейірімді әке мен қамқор жардан айырылу отбасына ауыр тиді.  Қара шаңырақта отырған  Майра мен ұлы Ерсұлтан далада қалғандай күй кешті. Кең сарайдай боз үй пана болмады.  Алланың сынағына қарсыласуға болмайтынын түсінген  Майра  балаларына қорған болуды ойлады. Көз жасын түнде жастыққа ғана төкті. Бірақ, жасығанын көрсетпей, ұл-қызына мықты болып көрінуге тырысты. Олар қорғаны барын, шаңырақтың шайқалмағанын білсін деді. Ертеңгі күнге үміт артты. «Ерсұлтаным үйленіп Ерсеріктің ұрпағы бір қауым елге айналады» деп жігерленді. Жаратқан сабырлының жағында. Бес жылдан кейін шаңыраққа келін түсті.  Біраз уақыттан соң іңгәлап сәби келді. Өлгені тіріліп, өшкені жанды.  Сара есімді бүлдіршін  шаңыраққа тіршілік нәрін шашты.  Соңынан Әміре атты ұл туды. Майраның қуанышы еселеніп, Ерсеріктің түтіні түзу шыға бастады.  Ерекең  құтты орындарына қондырып кеткен  Әлия мен Ғалия бір-бір шаңырақтың  анасына айналды.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ерсеріктің  ұрпағы да үмітін ақтап,  әке аманатына адал болып ержетті. Ұлы әкесі салып берген кең сарайдай үйді өзі ғана пайдаланбай, елдің игілігіне ұқсатуды мақсат етті. Солайша аумағы үлкен үйді балабақшаға айналдырды. «Балабақша – кіші мешіт» деген сөз бар. Шынымен де  бүлдіршіндердің жанына игілік нұрын төгіп, адамдыққа тәрбиелеу қызметтің үлкені. Бала жас шыбық сияқты. Оны қалай тәрбиелесең солай өседі.  Жан-жағына шуақ шашуды, жолдасына көмек көрсетуді, обал, сауап, ұят деген қасиетті адам бүлдіршін кезінде санасына сіңіреді. Қоғамда өзін ұстау, білім, өнер, барды бөлісуді балабақшадан санасына сіңіреді. Сондықтан балабақша тәрбиесі – тәрбиенің төресі. Ерсеріктің баспанасы осылайша періштелер мекеніне айналды. Қос балабақшаның тізгіні бүгінде Ерсеріктің қос қызғалдағы, үкілеп өсірген қыздары Әлия мен Ғалияның қолында. Олар тұлымшағы желбіреген ұл-қыздарды өмірге бейімдеуде. Тәрбиеленіп жатқан балалар шетінен әнші, биші. Өнерлі адам рухани кемел болатыны белгілі. Ендеше, Ерсерік Рамазанұлының ғибраты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Ерсерік жайлы туыстары да айтып, тауыса алмайды. Ол  Сүлейменовтер әулетінің бетке ұстар, беделді ұлы еді. Ерекеңнің бекзаттығы жайлы әпкесі Зәуреш Демеуқұлова:

Сүлеймен атамыз діндәр кісі болған. Көкірегіне иман ұйыған, ілімді адам еді. Балаларды емдеп, сүндетке отырғызып, тамыр ұстап, ұшықтап отыратын.  Ауылдастары атамызды молдеке, молда ата деген екен. Қазанына құт құйылған әулет болыпты. Ерсеріктің әкесіне Рамазан айында туғандықтан Рамазан деп есім берген. Рамазан техниканы жақсы меңгерген. Рамазан  Сүлейменов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған халқына қалаулы жан. Ерсерік  пен Майра екеуі «Тыңның 25 жылдығы»  атындағы ұжымшарда бас қосты. Майра құтты аяқ келін болды. Ол келген соң әулетіміздің бақ-дәулеті асты. Ақкөңіл, қонақжай келін басымызды жақсылыққа ұйыстырып отырады.  Қазақтың дәстүрімен жаңа құдаларға есік көрсетіп, шаңырақты той-думанға айналдырды.

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген сөз бар. Сол сөз Ерсерік бауырыма байланысты айтылғандай. «Әкең жақсы еді» деген сөз балаларына күш береді. Алға жылжытып, тәлімді болуына септігін тигізеді. Міне, бауырымның балаларының жақсы  тәрбиемен өсіп келе жатқаны әкесі мен анасының тәлімі, – дейді.

Биыл Ерсерік Сүлейменовтің өмірден өткеніне 10 жыл. Отбасы ел-жұртқа ас бермекші. Көзкөрген, дос-жаран, құда-жегжатты шақырып, Құран бағыштамақшы.

Гүлжан ТҰРСЫН