Кісілігі бір төбе

Уақыты: 27.10.2024
Оқылды: 642
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адамның физиологиялық ерекшеліктерін зерттеуші ғалымдар ақыл-ойы неғұрлым жоғары жандардың жастықтың белгілерін көбірек сақтайтынын анықтаған. Әбіләкім ағамыз сияқты жайсаң жандардың өз бойындағы жастығы мен күш-қуатын ұзағырақ сақтауы заңдылық деп есептеймін. Бұл кісі бойына табиғат сіңірген керемет қасиеттерді кәрілік атаулыға қарсы жұмсай білген болуы керек. Біз білетін Әбіләкім Әубәкірұлы айналасындағы адамдар туралы жаман ойдан аулақ. Өзгенің кемшілігіне «тырнақ астынан кір іздеп» шұқшия бермейді. Материалдық мүддені өмірлік мақсатқа айналдырмаған жан. Ең бастысы, бұл адамның бойында адамзатқа күш беретін қуаныш атты даналық бар.

Қарт Балқаштың жағалауындағы Қарашыған ауылы тума таланттарды дүниеге әкелуімен қалың елге белгілі. Қазақ музыка өнерінің дара дарындарының бірі Мұқан Төлебаев бастаған таланттар туған өңірде бүгін 90 жастың төріне абыройлы көтерілген мемлекет және қоғам қайраткері, абыз ақсақалымыз, дербес зейнеткер Әбіләкім Әубәкірұлының есімінің аталуы заңды. 

– Мен осы қасиетті жердің тумаларының бірімін. Туып-өстік, тәлім-тәрбие, білім алдық, қызмет атқардық, ыстық-суығын көрдік. Өмір жолын туған жерім Мұқан Төлебаев атындағы орта мектептен бастап, аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы қызметтерін атқардым. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық атқару комитетінің депутаты болдым. Содан жол тартып, дәм бұйырып, Жаратушының қолдауымен Алматы қаласына Орталық комсомол комитетіне жауапты жұмысқа шақырылдым. Алматы облыстық партия комитетінде, 15 жылдан астам Орталық партия комитетінде жауапты қызметтер атқардым. Ұлы тұлға, қазақ халқының мақтанышы, біртуар, бірегейі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бірге абыройлы қызмет атқардым, – дейді абыз ақсақал тоқсанның төрінен тіл қатып.

1934 жылы Бөрлітөбе ауданына қарасты Қарашыған елді мекенінде дүниеге келіп, 1951 жылы БЛКЖО-ның 30 жылдығы атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы педагогикалық шетел тілдері институтына түсіп ойдағыдай тамамдаған Әбіләкім аға еңбек жолын өзі оқыған мектепте ұстаздықтан бастайды. 
Ана жылдары туған өңіріне гастрольдік сапармен келген Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұловадан сұхбат алғанымда өнерге барар жолын туған мектебі нұсқағанын айтып, Әбіләкім ағаның есімін ерекше құрметпен атаған еді. Оқушы кезінде мектепте шет тілінен сабақ берген ұстазы Әбіләкім ағасы талантты сонау балауса кезінен танып, біршама ән үйретіпті. Соның бірі «Севастопольский вальс» әнін жігерлі дауыспен мектеп сахнасында орындап жүрген ол Алматыға келіп, филармонияда сынақ тапсырғанда Жамал Омарованың жетекшілігімен осы әнді дайындап сын-сағаттан сүрінбей өткен болатын. Мұқан Төлебаев рухымен қанаттанып, Әбіләкімдей өнерді түсінетін ұстаздан бағыт-бағдар алып, өнер жолын қалағанын, әнімен әлемді шарлағанын Сара апайымыз мақтан тұтатын-ды.

Мектептегі барлық қоғамдық шаралардың басы-қасында жүретін Әбіләкім Әубәкірұлы 1958-1960 жылдары Бөрлітөбе аудандық комсомол комитетінің бастапқыда екінші, көп ұзамай бірінші хатшысы  болып сайланды. Әбіләкім ағаның бастамасымен сол жылдары атқарылған ауқымды жұмыстарды бөрлітөбеліктер ұмытпай айтып жүретін.

Шағын ауданның шамшырағын жандырған жігерлі жастың есімі еленді. 1960 жылы Қазақстан Ленин комсомолы жастар одағының аппаратына шақырылып, осынау жастарға жігер беретін орталықта жетекші бөлімдерде қызмет атқарды. Білімді де білікті азамат бұдан соң Қазақ ССР-і Жоғары және орта арнаулы Оқу министрлігінде, 1966-1969 жылдары Алматы облыстық партия комитетінде жауапты қызметке де кірісті.

Республикамыздың Орталық партия комитетіне шыңдалған , сыналған принципті кадрлар шақыратын-ды. Ағамыз алғашында барлық әріптестері сияқты үлкен үйдегі қызметін нұсқаушылықтан бастады. Тапсырылған жұмысты құмбыл атқаратын ісі тиянақты, отызды енді еңсерген жігіт қызмет баспалдағында жоғарылап, сектор меңгерушісі, шетелдермен байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, осы бөлімнің меңгерушісі қызметтерінде жүріп 15 жыл аралығында бірқатар жауапты жұмыстардың бел ортасынан көрінді. Республикалық деңгейде іргелі басқосулардың ұйымдастырушылары қатарынан табылды. Талдықорғанда педагогикалық институт ашыларда өңіріміз үшін қажетті оқу орнының алғышарттарын қамдастыратын комиссияның құрамында болды. 

Кейінгі жылдары Қазақ ССР Оқу министрлігі мектептер Бас басқармасының бастығы болып, оқу министрлігінің коллегия мүшесі болған Әбіләкім Әубәкіровтің қазақ елінің оқу-ағарту ісіне қосқан үлесі қомақты. Ұзақ жылғы адал еңбегі ескеріліп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ы. Алтынсарин атындағы алтын медальдің иегері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. 

«Қаһарсыз ханда қасиет жоқ, өнегесіз биде өсиет жоқ», – дейді атам қазақ. Қызмет баспалдақтары биіктеген сайын Әбіләкім ағамыздың айналасына қамқорлығы, өнегесі еселене түсті. Жауапты қызметтерді атқара жүріп отбасылық бақытты бағалай білді, балаларына салт-дәстүрімізге сай ұлттық тәрбиені негіздеді. Соның нәтижесінде зайыбы Рая апамыз екеуі тәрбиелеп өсірген Роза, Әбілқайыр, Әйгерімдер ғылым жолын еңсерді. Өз саласының айтулы ғалымдарының сапын толықтырды. Қазір абыз ақсақал еңбегінің зейнетін көріп, немерелерінің қамқорлығына бөленіп, алды он алты жасқа келген шөберелерінің қызығына бөленуде.

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі