ӘР ІСТІҢ ӨЗ ӘДЕБІ БАР

Уақыты: 02.11.2024
Оқылды: 1950
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қараша жұрттың көкейкесті мәселесі жеке адамның жанына салмақ салған жағдайдан анағұрлым жоғары. Бір жанның тілегін қанағаттандыру үшін сан адамның есіл еңбегі текке кетпесін десе, әлгі уәж айтушы сөйлер сөзін салмақтап алуға тиіс. Десе де кейбір азамат мың жанның тірлік нәрінен жеке басының зарын жоғары қоятын секілді. Ал өзге бірі заңдық тұрғыда қате кеткен ісін, ағат басқан жерін арыз-шағыммен ретке келтіргісі келеді.


Түгелін тігісін жатқыза баяндасақ та айтылған сөзге кейіпкер болған жандар баршылық. Олардың бірі шынымен де: «Ел қалай күн кешсе өзі білсін, шаруашылығына су жете ме, диқаны қағырға айнала ма, өзі білсін, бастысы, өз талабым орындалса жеткілікті» дейтіндей. Ал өзге бірі заңдық тұрғыда мәселесін шеше алмай жүріп, жайлы жұмыс таппай әлекке түскенін ұмытып: «Маған 250 мың теңге жалақы жетпейді. Сондықтан көңіл көншітер жалақы ұсынса» дейді. Мұндай азаматтарға қарап отырып көңіл нілдей бұзылатыны жасырын емес. 

Иә, облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтардың бірі шын мәнінде жағдайын айтып қолдау күтсе, бірі жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмысын жаратпайды. Өз талабын орындамағаны үшін өкімет адамдары «түк бітірмейді» деген байламға басыбүтін берілген. Ал билік тарапынан ісі қолдауға ие болса: «Ә, міне, енді ғана әкімдіктер дұрыс жұмыс істей бастады» дейтін секілді. 

Бейбіт Исабаевтың жеке қабылдауына жазылғандар тұрғын үй, жұмыспен қамту, суармалы жерге су жеткізу сияқты бірқатар мәселелермен жүгінді. Негізінен қабылдауға 6 азамат кірді. Солардың бірі талдықорғандық тұрғын Р. Белгібаева 2007 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған. Кезек ретімен үй алу мүмкіндігі қашан болатынын білгісі келген азаматқа кезек ретімен осы жылдың соңына дейін тұрғын үй берілетіні айтылды.

Ал Ескелді ауданы, Қоңыр ауылының тұрғыны Д. Шәкен жұмысқа орналастыру мәселесімен жүгінді. Аталған ауылда математика пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істеп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен үй алған жас маманның бір жылдан соң денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан шығуына тура келген, сондықтан бағдарламамен алған үйінің де заң жүзінде өзінде қалу-қалмау мәселесі туындаған. Қазір денсаулығы түзелген соң қайта жұмысқа тұрып, тұрғын үй алушы жас маман ретіндегі құқығын сақтап қалсам дейді. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыстық білім басқармасына және Ескелді ауданының әкімдігіне мәселені оң шешуге көмектесуді тапсырды. Жас маманға мектептен орын қарастырылып, бағдарлама аясында берілген тұрғын үйіне қатысты мәселелер заң аясында шешілетін болады.

Сол сияқты суармалы жерге су жеткізу, тұрғын үй қорынан үй алу мәселелері бойынша жүгінген басқа да азаматтарға мәселенің заңға сәйкес шешімі түсіндірілді. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ