КІТАПХАНАШЫЛАР МЕРЕЙЛЕНДІ

Уақыты: 03.11.2024
Оқылды: 1935
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кітаптан ұлы ұстаз жоқ. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп асыл ойын айшықтаған. Шын мәнінде аппақ әлемнің ақылы мен парасатын әр парағына, сөресіне сіңірген кітап пен кітапхана туралы тереңнен толғануға болады, кемеліне келтіре көркемдеп, кестелеп жырлауға негіз бар. Ал осынау ұлы құндылықтың қалтқысыз қызметінде жүрген кітапханашылар туралы асқақтата айтсақ артық етпес.


Асқақтата айшықтамасақ та өткен жылдан бері күллі кітапханашыларды қуантқан төл мереке күнтізбемізден орын алды. 24 қазан ресми түрде Кітапхашылар күні болып бекітілді. 

Руханияттың шырақшысы, ғылым мен білімнің алтын кені саналған кітапхана қызметін жандандырып, заманға, оқырман сұранысына сай еңбек етіп келе жатқан Кітапханашылар күнін жетісулықтар ерекше атап өтті. Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияда өткен рухани шарада алғашқы болып сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов көпшілікті мерекемен құттықтап, бірқатар кітапханашыларды марапаттады.

Салтанатты шара барысында ұзақ жылдан бері кітапхана ісі бойынша еңбек етіп келе жатқан алакөлдік Сағатхан Дүйсенбаева «Мәдениет саласының үздігі», талдықорғандық Ғалия Ешенова «Кітапхана ісінің ардагері», ақсулық Бақытгүл Мамбетова «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, маңдай терін шүмектете еңбек етіп келе жатқан бірқатар кітапханашыға Қуаныш Сұлтанұлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Жетісу облысы әкімінің, басқарманың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырып, арнайы аталым бойынша жеңіске жеткен мамандарды да мерейлендірді. 

Өз кезегінде кітапхана деген кемел сала туралы мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев ерекше толғаныс білдірді. Ал, Жетісу облысының кәсіподақ филиалының төрайымы Сәуле Ахмадиева Орталық кәсіподақ комитетінің «Еңбек даңқы» төсбелгісін, ақсулық Шолпан Сүлейменова мен алакөлдік Жаңылхан Бұрғанбаеваға табыстаса, бірқатар кітапханашыны комитеттің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен мерейлендірді.

Сан алыптың ұлт пен ұрпақ үшін қалдырған құнды мұраларын, кітаптарын арқалаған кітапхананың қадіріне жету әрбір саналы азаматтың міндеті десек, бұл орайда оқырман мен кітап арасындағы ұлы достыққа арқау болар кітапханашылардың ісі ерен. Осынау сала мамандарына арналған мерекелік күнге орайластырылған салтанатты шарада дені мерейленсе, рухани шараға қатысқан көпшілік Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалап, әсем әннің ырғағымен тербелді, тебіренді. 

 АРДА БИ