«Адамды адам еткен – еңбек». Бүгінгі қоғам кешегі еселі еңбек еткен тұлғалардың арқасында даму үстінде. Қазіргі таңда да әр ақыл иесі тек еңбек арқылы көздеген мақсатына жетуде. Сондықтан қай қоғамда да ондай жандардың еңсесі биік.
Ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі Алтынарық ауылындағы Қаракемер орта мектебінің ардагер ұстазы, орыс тілі пәнінің мұғалімі, «Ақсу ауданының Құрметті азаматы» Рабиға Битуғанова. Ұзақ жыл бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Рабиға Жұмасілқызы бүгінде 75 жасқа толып отыр. Рабиға апай: «Жұмысыңды жақсы көріп, одан ләззат алсаң, қиындықтар байқалмайды», – дейді.
Жақында алтын ұя шаңырағында ұстазға құрмет көрсетілді. Сахна төріндегі ұстазға арналған бір шумақ өлеңде:
Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі ашпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай рахат, шын бақытын тапса адам», – деп жазылыпты.
Міне, өткен ғасыр мен осы кезең еншісінде еңбек көрігін қыздырып, содан бақытын тапқан аяулы ұстазды шәкірттері зор құрметке бөледі.
Білікті ұстаз білімді шәкірттің талабын ұштайды. Берген білімі арқылы шәкірттің болашағына жол ашатын, жаңашылдыққа жаны жақын, жаңа заман ағымына ілесе алатын жас ұрпақты тәрбиелеуші. Осындай ардақты мұғалімнен саналы тәрбие мен сапалы білім алған шәкірті Ақсу, Сарқан, Көксу аудандарының «Құрметті азаматы» Талғат Құтымовтың ұйымдастыруымен Қаракемер орта мектебінде апайымыздың 75 жасқа толуына орай еңбек адамын бағалаған, аяулы ұстазды аялаған ерекше кездесу өтті.
Оқығаннан бұрын өзгені оқытқан қиын, күрделі кезеңде өзінің білімі мен біліктілігін бере білген Рабиға апайдың туған күніне ауданнан ғана емес, басқа да өңірлерде абыройлы еңбек етіп жатқан шәкірттері және әріптестері жиналды.
Алғашқы сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев әріптесі, жерлесі ретінде ақ тілегін айтса, аудандық мәслихат төрағасы Бейбіт Жаңылыс- ұлы шәкірт ретінде ыстық ықыласын білдіріп, алғысын айтып, арқасына камзол шапан, иығына орамалын жапты. «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Алма Құрманғалиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Айдынбек Құмарбекұлы тілектерін айтып, домбыра сыйлады.
Кезекпен сөз алған барлық шәкірті ұстаз алдында кісілік, кішілігін көрсетіп, бүгінде қандай дәрежеге жетсе де бәрі ұстаздың еңбегі екенін жеткізіп жатты.
Шараны ұйымдастырушы, толыстағы полиция полковнигі, үш ауданның «Құрметті азаматы» Талғат Құтымов пен облыстық «AMANAT» партиясының атынан келген жерлесіміз Асхат Сейденұлы шараны қорытындылап, ұстазға сый-сияпатын жасады және арнау өлеңін оқыды:
Айтайын бір ауыз сөз жүрегімнен,
Қазақпыз пейілі зор, тілеуі кең.
Рабиға ұстаз, туған күніңіз
құтты болсын,
Жүз жасаңыз елдің ақ тілегімен.
Жетпіс бес орта жасқа саналады,
Жаныңыз жақсылықтан жаңарады.
Қабыл болсын бүгінгі көп тілеуі,
Мың жасаңыз – шәкіртіңіз қалағаны!
Шын жүректен басыңызға бақ тіледім,
Сізге арнап айтылады ақ тілегім.
Сізден алған тәрбие, білімдерім,
Бағымды Рабиға ұстаз
жақты менің.
Сізді бүгін ел-жұртыңыз
ұлықтайды,
Жақсы сөз жаныңызды суытпайды.
45 жыл еңбегіңіз ел есінде,
Ұстазды ешбір шәкірт ұмытпайды – деген өрнегі бөлек кесте жырға ел де ризашылығын білдірді.
Иә, еңбек жолын Сарқан ауданында бастаса да Ақсу ауданы, Қаракемер орта мектебінде 45 жыл ұстаздық еткен ардақты жан соңында шәкірттеріне, барлық жиналған көпшілікке алғыс білдірді.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.
Ербол Сымханов
Алтынарық ауылы,
Ақсу ауданы