БАЛАБАҚША КӨБЕЙСІН

Уақыты: 05.11.2024
Оқылды: 1770
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кәсіпкер Камшат Молдаханова мектепке дейінгі білім беру саласында бизнес жүргізеді. Ол Жаркент және Көктал ауылдарында балабақша ашып, кәсібінің аясын кеңейтуде. 


Іскер әйел 2019 жылы Жаркент қаласында 100 орынды «Нұрсая» балабақшасын ашты. Бұл мектепке дейінгі ұйымды ашқан кезде ол мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, «Бастау бизнес» жобасының арқасында бизнес жүргізу негіздеріне оқытылды. Өткен жылы Көктал ауылында тағы бір балабақша ашып, оған «КөкталKids» атауын берді. Нысан 100 балаға арналған, онда 25 адам жұмыс істейді. 

Бүгінде жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне сұраныс әрдайым жоғары. Сол себепті кәсіпкер сол ауылдан тағы бір балабақша ашуға ниетті. Камшат Молдахметова ғимараттарды бұрынғы мектепке дейінгі ұйымдардан сатып алып ашқанын, ал ендігісі мүлде жаңа балабақша болатынын атап өтті. Іскер әйел осы мақсатта биыл жер телімін сатып алып, нысан құрылысын бастады. 

Камшат Дәулетқызы осы жыл соңына дейін құрылысшыдан қабылдап алуды жоспарлап отыр. Мектепке дейінгі ұйымдар болып табылатын әлеуметтік жобалар ел үшін маңызды. Осы орайда, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев Көктал ауылында ашылатын бұл балабақша тұрғындар қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының құрылатынына да септігін тигізетінін сөз етті.

Сондай-ақ, «Атамекен» өз бизнесін дамытуға және жақсартуға ұмтылатындар үшін қажетті кеңес, қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Мектепке дейінгі ұйымды ашу – бұл бизнесті кеңейтудегі маңызды қадам ғана емес, сонымен бірге аймақтағы білім беру инфрақұрылымын дамытуға қосқан елеулі үлес болмақ.

А. Ыбырай
Панфилов ауданы