Студенттік кезеңнің, албырт жастық шақтың қимас күндерін біртүрлі сағынады екенсің. Білімімізді ұштаумен қатар азаматтығымыздың қалыптасуына, адами қасиеттеріміздің толысуына, өмір дейтін асаудың жалына жармасып, аламан бәйгеден қалыспауымызға да жол сілтеген шақ қой бұл жылдар. 1986 жылы армандар тоғыстырған Алматы, қадірі қай кезде де кемімеген ҚазҰУ қалашығы, ондағы жасыл желекке бөленген тал-тоғайлар, оқу ғимараттары, қаз-қатар сап түзеген жатақханалар, бәрі-бәрі жадымызда жаңғырып тұрады. Үнемі сағынышпен еске алатын, бір-бірімізбен кездесіп-жолығыса қалсақ, сол шақтың, жастығымыздың куәсі іспетті студенттік кездің қызығы мен шыжығын айтып тауыса алмайтынымыз, өзіміз куәсі болған талай жайтты, қызықты шақты сұраудан, қайталап еске түсіруден бір сәт те жалықпайтынымыз және рас.
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
1986 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға қабылданып, 1991 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 50 түлек тәмамдадық. Ол кезеңнің жазылмаған салты бойынша ертелі-кеш оқудың мүмкіндігі жоғары еді. Сол себепті курстағылардың да жас шамасы әр қилы болатын. Біріміз мектепті жаңа бітірген бозбала мен бойжеткеннің қатарынан болсақ, енді біразымыз өмір көрген, жұмыс істеп ысылған, әскер қатарынан келіп, ортамызды толтырғандар еді.
Соған орай курстас, бөлмелес жігіттердің арасында сақа жігіттер мен түбіт мұрты тебіндеп келе жатқан бозбалалардың болуы да заңды. Курстағы сондай сақа жігіттердің сапында сымбатты, жинақы, қағылез, орта бойлы, жирен сары жігіттің болғанын, оның ел біле білмейтін сыры мен көпшілік аңғара бермейтін қыры туралы айтсам...
Оның аты – Айжарық, Шеру, Шару, Шарубай, Шераға!.. Осының бәрі ҚР ҰҒА академигі, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ондаған монография мен зерттеудің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы, біздің курстасымыз, досымыз, бөлмелесіміз Шерубай Құрманбайұлының есім-сойлары. Анасы марқұмның сөзін Шерубай жадынан шығарған емес: «Сен қыстың қақаған аязында таңға жуық әлі жерге жарық түсе қоймаған сәтте туғансың. Бірақ сен дүниеге келгенде ай жап-жарық болып, ерекше жарқырап тұрды. Құлыным, сенің болашағың жарқын болады». Ата-анасының ақ батасындай «Сол жақсы үміті мен перзентіне деген тілеуқорлықпен, мейірбан көңілімен маған қойған аты – «Айжарық» еді» деп есіне алады Шекең. Сыныптастары, ауылдастары Шеру, Шару деп қысқарта, еркелете атауды әдетке айналдырса, ал «Шерағадан» замандастарының құрметі, рухани ағаларының ініге ілтипат-ізеті байқалады. Сол Шерудің балалық шағы Хан-Тәңірінің қойнауындағы, Аспантаудың аясындағы Шалкөде мен Қарасазда өтті. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында тәрбиеленді. Ауылдың қарасирақ балаларының бірі болып өсті, жетілді. Үздік оқыды, тіл-әдебиет пәнін ерекше жақсы көрді, математикаға да қабілетін байқатты, биологияға да қызықты, домбыра тартты, спортпен шұғылданды. Оқуға құлшынысы, білімге құштарлығы арманы асқақ жас талапты Алматыға жетеледі. Ару Алматыда таныстық, білістік, достастық. Студент атандық, бес жыл бірге оқыдық. Бір жатақханада, бір бөлмеде тұрдық. Оқуға түскенше Алматының құрылыс һәм би алаңдарын шаңдатқан, әскери парызын абыройлы атқарған, дене бітімі мен білім дүниесін тең ұстаған, ақынжанды Һәм ақжарқын Шерубайдың өзінен де көп нәрсе үйрендік, тезінен де өттік, сөзінен де тағылым тердік. Өзінің сөзімен айтсақ: «Қарасаздың суынан балық ауладым, Елшенбүйректен бұтақ тасып, қарақат-бүлдірген тердім, шілік шауып, үй айналдыра тал ектім, шөп шауып, отын жардым, қар күреп, су тасыдым, қора тазаладым, сиыр айдап, қой кезегіне бардым... Бір сөзбен айтқанда нағыз ауыл баласы болып, солар істеген тірліктің бәрін істедім». Бұл жер-су атаулары Бердібек пен Мұқағалиды жата-жастана оқыған көзіқарақты оқырман бізге де өте таныс. Ақиық ақын жырлағандай: «Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң». Сол өңірден түлеп ұшқан Шерубайдың азаматтық келбеті, ғалымдық тұлғасы, тіл майданындағы қайраткерлік болмысы көбімізге белгілі. «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Жігітке жетпіс өнер де аз» дейтін халқымыздың тәмсілінің өміршеңдігінің дәлеліндей біз білетін өмірлік тәжірибесі мол, қатарластарынан ерте есейген Шерубайдың өнерден де құралақан, қаражаяу еместігін көбіміз біле бермейтініміз де ақиқат.
МҰҚАҒАЛИДЫҢ ЖЫРҚҰМАР ІНІСІ
Тіл-әдебиет пен журналистика мамандығын таңдағандардың дені ақынжанды, қиялшыл, әсершіл болатыны бесенеден белгілі. Бірдеңенің «шалығы тимесе» өлең-әңгіме жазылмайды немесе оқылмайды деген түсінікті де малданатымыз мәлім. Болашақта ақын-жазушы атанған қай қаламгердің өмірдерегіне үңілсек те, көбісінің әдебиет әлеміне «ақын бала» атанып келгенін байқаймыз. Мәселен, балалар әдебиетінің бағбаны Бердібектің оқушы кезінде томпылдатып редакцияларға «шабуыл» жасайтынын оқып-өстік. Тұңғыш кітабының «Бұлақ» атты өлеңдер жинағы екенін екінің бірі біле бермес. Бердібектің жерлесі бала Шерубай да бұл жайттарды бастан кешті. Алғашқы өлеңдері Отан, ана, мектеп, табиғат жайында болғанын білеміз, бұл кепті «бала ақын» атанғандар түгелдей дерлік көрді. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған Шерубай өлеңдерінің өзіндік әлемі бар, ізденісі де тәп-тәуір. «Қазақстан пионері» газетінің 1981 жылғы 6 маусым күнгі санында топтама өлеңдері жарық көрген екен. «Туған жер», «Ақын деген кім?», «Шалкөдем менің» деген өлеңдерінде өмір құбылыстарына, тіршілік тынысына ақын көзімен қарауға ұмтылған албырт сезім, ақеділ көңіл бар. Мұқағали жырға қосқан Қарасазды, Шалкөдені ол Шерубайша жырға қосады. «Ыстықсың туған жерім Қарасазым, Сенде өткен жастық шағым, қысым, жазым...», деп тебіренсе, енді бірде «Төскейіңде шапқылаған ұлың мен, О, Шалкөде, аялаған анам сен!» деп ағынан жарылады. «Ақын деген жырлаушысы өмірдің, Қиял құсын шарықтатқан көңілдің, Сусындатқан шөлін әбден қандырған, Ақ жаңбыры мынау жасыл өңірдің» деп ақын жанын, табиғат түсіне алатын сезімін де селкеусіз жеткізуге тырысады. Ақиық ақын Мұқағали туған өлке, Аспантаулар аясы, тамылжыған табиғат бойында «желігі» бар адамды құр қалдырмайды. «Жақсы ақын бола алмаған, жаман ақын болғысы келмеген» (Әзағаңның сөзі) Шерубай да өлең жазуды қойып кетті. Есесіне қазақ поэзиясы алыптарының өлеңдерін жатқа соғатын. Сөз арасында айта кетейік, жас абайтанушы, мұқағалитанушы Шерубай кейінірек бұл тақырыпты ілгерілетуге атсалысты. Нәтижесінде «Абай тілінің ерекшеліктері» кітабы мен «Мұқағали тілі сөздігін» түзуге көп еңбек сіңірді. Серіктес авторлармен бірге Мұқағали Мақатаевтың 5 томдық шығармалар жинағында бар 13348 сөз бен 5035 тұрақты тіркесті түгендеп, ондағы тілдік бірліктердің әрқайсысына анықтама беріп, мысалдар келтірді. Мұқағалидың қазақ әдеби тіліне қосқан үлесі мен орнын айқындауға қажыр-қайратын жұмсады. Ақын өлеңін зерттеу мен зерделеуде олардың өлеңін түсініп оқыған, түйсініп жаттаған Шерубайдың өлеңнің жанрлық ерекшелігін, табиғатын, сөздік қоры мен тілдік бірлігін таразылаудағы ізденістеріне ақынжандылығы да әсерін тигізгені анық. Абайды, Қасымды, Төлегенді, Мұқағалиды, Қадырды сосын Абзалды төгілте оқитын. Студент кезімізде жастар театрында Райымбек Сейтметовтің режиссерлігімен Абай өлеңдері бойынша поэтикалық кеш өтіп, залда отырған Шерубайдың сахнадағы актерлермен жарыса өлең оқығаны да есте. Белгілі ақын Тынышбай Рақымның поэзия кешінде Шерубайдың атынан өзіне ескертпестен сұрақ жазып, онда Мұқағалиға арналған атақты өлеңін оқуды сұрап, соңына «ақын ініңіз Шерубайдан» дегенді қосақтап жіберіп, Шекеңді ренжітіп алғанымыз да бар. Мұқағалиды жатқа соғатын, өзі де жерлес, тумалас ағасына еліктеп өлең жазатын Шерубай үшін Мұқағалидың жөні бөлек еді. Бес жыл армансыз тыңдадық, мұқағалитанудың іргетасы біздер үшін студенттік кезеңде басталды. Қабырғада портреті ілулі тұрды. Сөреде, қолда кітабы, жүректе өлеңі жатталды Мұқағалидың, Шерубайдың арқасында. Ал Абзал Бөкеннің «Шыт көйлегін» нәшіне келтіре оқитын Шерубайдың ерекше қабілетін 1980-90 жылдардағы «казгуліктер», беріде әдебиеттанушы ғалым Бауыржан Омарұлының өзі де куә болып, сүйсінгені соншалық Шерубай және оның «Шыт көйлегі» (біз оны Шерубайдың өлеңі деп кеттік, түрлі себептермен нағыз авторын кеш білдік) туралы жазғаны әлеужеліде хит болды, ал өлеңнің авторы Абзал ағамыздың да ризалық танытып, мерейтойына Астанадан арнайы шақырып, «Шыт көйлекті» Шерубайдың орындауында тыңдағанын, шапан жауып қадірлегенін дүйім жұрт әлеужеліден оқып-білді. Ақынжанды Шерубайдың өлеңді мәнерлеп оқу шеберлігіне тәнті болды.
ЖАС ТІЛШІДЕН БАС ТІЛШІГЕ ДЕЙІН
Мектепте жүргенде жас тілші атану екінің бірінің қолы жетпес арман екенін жазу-сызуға ебі бар қалам ұстағанның бәрі біледі. Жазғаны мектептегі қабырға газетінен асып, ауданға, одан әрі респуликалық басылымдарға жетсе, басылымның бетінен оймақтай орын алып жарияланса, төбең көкке екі елі жетпей қалатынын Шекең де басынан өткергені анық. Оған дәлел аудандық «Советтік шекарада» жарияланған тырнақалды дүниелері. Мектеп өмірі, ауыл тұрмысы туралы мақалалары, кейінірек республикалық «Өркен», «Жас алаш» газеттеріндегі жазбалары Шекеңді ширықтырғаны, қаламын ұштай түскені рас. Дәл осы қаламының төселуіне себі тиген жас тілші жазбаларының болашақта бас тілші-ғалым атануына да әсері тисе керек. Мақала, эсселерді Шерағаңша сілтемесе де, Шерубайша жазаты. Оны тек мерзімді басылымдардан оқып көру керек, ал дикторлық, жүргізушілік қабілетіне телерадио бағдарламаларын, подкастарын тыңдағандар, көргендер куә бола алады. Жорналшылықтың ілкі дүниесінің бастапқы қадамы ірі дүниелерге жол ашқанын жақсылыққа балаймыз. Студенттік кезеңде «Дегенде Шапибаяу, Шапибаяу, Атымды талға байлап келдім жаяу» деп сабақ басталарда, тіпті арасында әндететін Сапархан ұстазымыздың әншілік қабілетін, өзгеше айту мәнеріне еліктеп, қағып алып сабақтан тыс уақытта студенттер арасында да қайталайтындар кездесіп жататын. Дыбыс үндестігін, үйлесімін барынша сақтап айтатын ағайымызды айнытпай қайталаймын деп өздері де байқамай әнші атанғандардың қарасын әр курстан кездестіруге болады. Біздің Шекең де сол қатардан табылатын. Ал Шекеңнің бір ғажап жері, аудитория таңдамайды, күй талғамайтын, сабаққа дайындық үстінде де, спортпен айналысу барысында да, тіпті, кір жуып жатып та айта беретін. Ол әсіресе, халық әндерін ерекше жақсы көреді. Мұқағалидың жырымен оянып, Абай бастаған ақындардың өлеңіне жазылған және халық әндерін тыңдаумен талай таңды атырып, күнді батырған кездер де жадымызда. Өлеңді жатқа оқитын да, әнді шырқайтын да – Шерубай. Тыңдаушысы көбіне бөлмелестер (Жарқынбек, Дүйсен, Бижомарт, Өскенбай, Шардияр, Серікбай, Сәбит) немесе бөлмеге жиі бас сұғатын жатақхана тұрғындары, курстас қыз-жігіттер. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығының №8 жатақханасындағы 302, 311-ші бөлмелерде және №17 жатақханадағы 911-ші бөлмеде тұрдық. Студенттік жылдарда бөлме қабырғасында «5 сомдық» радио ілулі тұратын. Таңғы әнұраннан басталған ән шеруі «Қайырлы түн!» айтылғанша үздік-үздік беріліп тұратын. Шәмшінің, Әсеттің, Нұрғисаның, Ілияның т.б. әндері, оларды орындаушылардың табиғи, тұнық даусы көңілді баурайтын, тыңдарманын ләззатқа бөлейтін. Сізге өтірік, бізге шын, радиодан айтылатын әндердің біразы Шерубайдың да репертуарына берік орнығып, көрші бөлмелердің, қабаттардың «тыңдарманы» да қарық болып жататын. Би, биші, би өнері секілді ұғымдар әрине, таңсық емес. Біздің айтпағымыз, студенттік, жастық шақтағы би, би алаңдары және әуесқой бишілік жайлы. Әр дәуірдің өзіне тән биі, би үлгілері болмай ма? Студенттік және құрылысшыларға арналған жатақханаларда, саябақтарда ұйымдастырылатын дискотекалардың орны бөлек еді-ау, шіркін! Үйіріліп билейтінді де, шырқ айналып сәнін келтіретінді де көрдік. Шалт қимыл, үйлесімді әрекет жасайтындар да табылатын. Жатақханадағы би кештері мен туған күндердегі би жарысынан Шекең шет қалмайтын. Еркін күрестің тәсілдерін еркін меңгерген, физикалық тұрғыдан дайындығы мығым Шекеңе би элементтерін игеру қиынға соқпайтын. Шиыршық атып, шалт қимылдайтын, бірде шалқақ, бірде еңкіш тартатын әдіс-үлгілер көрсететін оның билеу стиліне, техникасына қызықпайтын қыз қалмайтын. Музыка ырғағымен дөңгелене, дене қимылымен үйлестіре шырқ айнала билейтін Шерубайдың қызды-қыздымен би-жарыста бірнеше футболка ауыстырған кезі болған. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айт» дегендей, билесе, Шекең билесін. Әлі күнге дейін академик-бишінің той-жиында би қимылдарын еркін меңгергенін, акробатикалық сальто жасап немесе екі аяқты керіп, еденге отыра алатынын (шпагат жасап) көргендер таң-тамаша қалып жатады. Жарысам деп құлшынғандар шетке қалай ығыса кеткенін байқамай қалады.
ҮЗДІК ДИПЛОМДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ
Ол заманда оқуға түсу оңай емсе еді. Еңбек өтіліңнің құжаты тексерілетін, ер-азаматтарға екі жылдық әскери борышын өтеу міндеттелетін. Оның үстіне 3-4 сабақтан жазбаша, ауызша емтихан тапсырып, конкурстан құламай өтудің өзі кішігірім ерлікке пара-пар. Қалаған оқуына түсе алмай, конкурстан өте алмай, ауылға қайтуды ұят санап, келесі жылдың жазын күтетін. Қалаға жұмысқа тұру, жатақхана алу, пәтер жалдау т.б. қиындықтары өз алдына. Сондықтан көбі құрылыс алаңдарын жағалайтын. СМУ, ПМК деген мекемелерге жұмысқа тұрып, құрылыс саласының қиындығын да көруге мәжбүр болатын. Бұл жайтты Шерубайдың да бастан өткергенін, Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені үздік бітіріп, ағаш ұстасы мамандығын иеленгенін, тіпті Қаз ССР-нің еңбек сіңірген құрылысшысы, Еңбек Қызыл Ту орденінің, СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, сол заманда дүрілдеп тұрған әйгілі құрылысшы Қайырлы Шопанаевтың бригадасында әскерге кеткенше 1 жыл жұмыс істегенін білетіндер аз екені күмәнсіз. Оқуға түскенше бірер жыл құрылыста жұмыс істеп, құрылысшы мамандығын игеруге шақ қалған Шерубайдың ол кәсібінің «қызығын» жатақхана қыздары көретін. Бұзылған құлып, сынған есік, қисайған орындық, қираған шкаф жөндеудің қыл шебері болып алған Шекеңді шақырмайтын тұрғын аз, қасында бірде шегесін, бірде балғасын тауып беріп біз жүреміз. Сөйтіп Шекеңмен бірге талай бөлменің есігіне құлып орнаттық. Соңы жаймашуақ отырысқа, көңілді шайға ұласатыны және белгілі. Содан болар, тапсырыс берушілер, шақырушылар азайса, елеңдеп отыратынымыз бар, бұларға не болған деп?!
«Жігітке жепіс өнер де аз» деген текке айтылмаған-ау. Шеңенің Аспантау аясында спортпен қаншалықты айналысқаны өзіне аян, біздің курсқа дайын спортшы болып келді. Әскери өмір ысылтқаны тағы бар. Жарыстың сан түріне қатысып, алды болып келетінін диплом, алғыс хаттардан-ақ байқайтынбыз. Әскери қызметтестерінің бірі Марат Құдайқұловтың сөзіне ден қойсақ: «Шерубайдың турникте жасаған жаттығуларына бәріміз таң қалатынбыз. Ол тартылу, ішпен шығу, күшпен шығу сияқты жаттығулардың кез келгенін қиындықсыз әрі өте шебер орындайтын. Тіпті, турникте ілуде біреулер ғана жасайтын күн болып айналу (солнце) жаттығуын жасағанда оған бәрі қызыға қарайтын. Талай епті, шымыр жігіттер сол жаттығуды үйренуге қанша талпынғанмен Шерубайдан өзге ешкім оны жасай алмай-ақ қойды».
Ал Марат Қылышбаев сымдай тартылған бозбаланың әскердегі өмірдерегін былайша толықтырады: «Шерубай спортқа өте жақын болды. Әскерде таңертең ерте тұрып жүгіруді, турникке тартылуды, гир көтеруді, басқа да түрлі әскери-спорттық жаттығуларды мен Шерубай бауырымнан үйрендім. Тек қана спортқа бейімдігі ғана емес, адамдармен шынайы қарым-қатынас жасау, сыйласа білу мен оның бойындағы адамгершілік ізгі қасиеттері мені өзіне баурап, жақындата түсті». Студент кезімізде байқағанымыздай, белтемірде бес айналып, бас айналатын қимылдар жасайтын оған тартылу, өрмелеу дейтіндерің түкке тұрмайтын. Шыр айлану, қос айлану, белгіленген жерге қос аяқпен топ ете қалу т.с.с. күнделікті, үйреншікті әдеттері-тін. Қысқа және ұзақ қашықтықтарға жүгіру де сәнге айналғандай. Сол ғадетті күні бүгінге дейін серік етіп келе жатқанын «Тәуелсіздік түлектері» атты ҚазҰУ-ды тәмамдағанымызға 30 жыл толуына орай жарық көрген кітабымыздағы Серік Бәкір досымыздың «Шерукеңмен шеру тарта шер тарқасу» мақаласынан оқып, таңдандық та, тамсандық та. Алпысты алқымдаған академиктің шабысына, спортқа деген адалдығына.
Сол кітаптағы Секең мен Шекеңнің екеуара сұқбатынан бірер үзінді келтірейік: «Шерубай курстасыммен қатарласа бергеніммен, Шәкең жорға жүгірісін тоқтатпады. Еріксіз мен де жүгірген болып келемін. Шерубай студент кезінен-ақ атақты спортшы, қазір де үстінде спорттық киім, аяғында кроссовкі, ал менің аяғымда «тәпішке» әрең ілесіп келемін. Шәкең тоқтар емес, ол аз дегендей, Ботаникалық бақтың жүгіру жолағымен екінші айналымға шықты»(Секеңнің сөзі), «5-сыныпта оқып жүргенде үйдің қасына турник орнаттым. Оған қапқа нығарлап салынған құм мен ағаш үгінділерін толтырып ілдім. Оным қолдан жасалған «боксёрская груша» ғой. Сосын ДТ-75 деп аталатын шынжыртабан трактордың темір доғалақтарынан зілтемірдің бірнеше түрін жасадым. Қолдан жасалған зілтемірлермен алысып, турниктен түспейтін едім. Сөйтіп жүріп, зілтемір, кіртас көтеруге әжептеуір машықтанып, турникте жасалатын түрлі жаттығуларды ерте үйреніп алдым. Мәселен, күшпен шығу (Выход силой на две рук), ішпен шығу (подъём переворотом), тартылу, иықты айналдыру, білекті бүгіп айналу (шынтақ ішімен), қылтамен ілініп тұрып секіру, тіпті күрделі жаттығу саналатын күн болып айналуды да мектеп жасында үйрендік. Біреу мен білмейтін жаттығу түрін жасағанын көрсем, соны үйреніп алғанша тыным таппаушы едім. Спорт маған өмірімнің барлық кезеңінде – оқуда да, әскерде де, қызметте де, ғылымда да серік болды, пайдасын тигізді» (Шерубайдың өзі).
Иә, бүгінде алпысты алқымдаған аға-достың көпшілік біле бермейтін өмірдерегінен бірнеше қырын ерекшелеп айтқымыз келді. Оның балалық, жастық, әскердегі өмірінің куәсіндей фотоальбомдарының 10-нан аса түрі болғанын, тәп-тәуір домбыра шертетінін, еркін күреспен айналысқанын, зілтемір көтерумен шұғылданып, бокс қолғабын да кигенін айтқамыз жоқ, еңбексүйгіш, өнерлі, әмбебап академиктің алда айналысар хоббилерінің аз болмайтынына сенгіміз келеді.
Жарайсыңдар жігіттер, жарайсыңдар,
Жүрсеңдерші, несіне қарайсыңдар.
Алынбай тұр әлі де нелер қамал,
Алдыңда бар әлі де талай сындар.
Ақиық ақын, жерлесі, қарасаздық Мұқағали айтқандай, алда алынар талай қамал бар, шаршама, тек шаршама, Ер Шерубай!
Шоқан ШОРТАНБАЙ,
ҚазҰУ-де бірге оқыған курстасы