Биыл облыстық қоғамдық даму және білім басқармаларының ұйымдастыруымен оқушылар арасында мектеп парламентін дамытуға, білім алушылардың қоғамдық жұмыстарға араласуына, өз ойларын еркін және ашық айтып, идеяларымен бөлісіп, бастамаларын ашуды қолдау мақсатында арнайы жоба іске асырылды.
Оқушылар аймақ басшысы Бейбіт Исабаевпен еркін форматта кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарын қойып, көтерген тақырыптарына қолдау тапқан болатын. Сонымен қатар, облыс басшысының шешімімен мектеп парламентінің 1 өкілі, жас көшбасшы «Жастар мәселелері жөніндегі кеңеске» мүше болып енді. Жоба аясында оқушылар арасында жазғы, қысқы лагерьлер, оқыту курстары, семинар-тренингтер, интеллектуалдық ойындар сынды шаралар ұйымдастырылуда. Қорытынды шаралардың бірі ретінде Оқушылар сарайында балалар-жасөспірімдер қозғалысы көшбасшыларының «Әрекет уақыты» облыстық балалар құрылтайы өтті. Аймақтың аудан, қалаларынан келген белсенді жастар, жасөспірімдер қозғалысының 100 өкілі оқушылардың өзін-өзі басқару, көшбасшылық, медиация, ғылым, өнер, спорт саласындағы білімдерін кеңейту үшін жиналды. Мектеп парламентінің президенттері және министрлері жеткен жетістіктерін көрмеге қойылған жұмыстары ретінде таныстырды.
Дарынды жас көшбасшылар тренингтерге және кездесулерге қатысып, әртүрлі идеяларды талқылап, тәжірибе алмасып, бір-бірін жаңа жетістіктерге шабыттандырды. Айта кететін жайт, шараға қатысушы жастарға облыстық үш күндік қысқы лагерьге жолдама берілді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ