СӨРЕДЕ 39 МЫҢ КІТАП ТҰРАДЫ

Уақыты: 24.11.2024
Оқылды: 361
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жаннат мекен Жетісу жерінде орын алып жатқан жайдарман жаңалықтардың қатарында Қоғалы ауылында ашылған Мәдениет үйі де бар. Киелі Күреңбел өңіріне қарасты аталмыш елді мекендегі рухани ошақ күрделі жөндеу жұмысынан кейін қайта ажарланып, заман талабына сай қалыпқа келтіріліп, жаңарып-жаңғырып жұртшылық игілігіне берілді. Мәдениет үйінің құрылысы 2020 жылы басталғанымен шегіне жетпей жұмыс тоқтаған. Бастапқы мердігермен келісімшарт үзілген. Биыл осы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысы бойынша «ЖетысуКазСтройСервис» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, Мәдениет үйі заманға сай жаңғырып отыр. 


Мәдениет – ұлттың мәйегі, рухани қайнар көзі ғана емес, негізгі саланың бірі. Біз бұл саланы жаңғырту арқылы елдің рухын, өткені мен бүгінін жаңғыртамыз, ұлы мұраларды қалыптап, тың дүниелерді ұрпаққа мирас етеміз. Біздің жас өрендер сапалы білім, саналы тәрбие алып қана қоймай, мәдени, әдеби тұрғыда да таным көкжиегін кеңейтуі тиіс.

Осынау рухани орда ішінде кітапхана желісі жұмыс істейді.  Кітапханада  39 мың кітап қоры бар. 16200-і қазақ тіліндегі кітаптар. Кезінде Гвардия ауданы болғанда орыс тіліндегі кітап қоры көп болған. Қазір кітапханашылардың сұранысына орай қазақ тілді қор да көбейіп келеді. 

35 жылға жуық кітапхана тізгінін ұстап келе жатқан Райхан Байтаева ауылдағы Жылкелдиевтер отбасы кітап оқуда алдарына жан салмайтынын айтады. «Ауыл тұрғындары кітапханаға келіп, қалаған кітаптарын алып оқи алады. Тұрғындар үшін «Жылжымалы кітапхана» да ұйымдастырамыз. Жылдық жоспар жасау үшін біз облыстық «Jetisŷ» газетін парақтап, өзімізге қажетті тақырыптарды табамыз. Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған газет әрбір шаңырақта оқылуы тиіс», – дейді кітапханашы.  

Еңлік КЕНЕБАЙ