АЛТАЙДАН ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР

Уақыты: 23.11.2024
Оқылды: 557
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Төрткүл дүниеге тарыдай шашыраған қандастарымыз еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары атажұртқа көш түзеді. Солардың қатарында Алтайдан Алатауға қанат қаққан қарлығаштардың бірі – Ақсұңқар Ақынбаба болатын.


Атажұртқа табаны тиген талантты қыз Талдықорған қаласындағы  І. Жансүгіров атындағы университеттің филология факультетін үздік бітіріп, қызыл диплом иесі атанды. Алғашқы еңбек жолын Қазақстан телерадио компаниясында, «Ақ желкен» журналында бастаған Ақсұңқар Ақынбаба  1999-2002 жылдар аралығында бұрынғы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып, өңірдің тыныс-тіршілігін қаламына арқау етті. Осылайша атақоныста жоғары білім алып, ақындық қуаты мен журналистік шеберлігін қос бұрымдай өрілтіп, руханиятқа сүбелі үлес қосқан көпқырлы талант иесі Ақсұңқар Ақынбабаның есімі елге ерте танылды. Осы жылдар аралығында ақынның «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар», «Жанартау» жыр жинақтары мен «Жарылыс» атты аударма кітабы жарық көріп, оқырман жүрегінен жылы орын алды.

Қара өлеңнің қаймағын қалқып, қоржынын тоғайтқан белгілі ақын, талантты әнші, аудармашы, педагог, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақсұңқар Ақынбабаның атажұртына оралғанына 30 жыл толуына орай Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Алтай – Алатау арасы» атты авторлық ән-жыр шығармашылық кеші өтті. Ақынның Алматының төрінде дүркіреп өткен кешіне  Қазақстан Жазушылар одағы мен Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығы да қолдау көрсетіп, атсалысты.

Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өткен  кеш шымылдығын әйгілі Құрманғазы атындағы оркестр ашты. Рухты жыр мен жүрек тербер әнге арқау болған кештің салтанатты басталуында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттары табыс етілді.

Біраз үзілістен кейін  көпшіліктің алдына қайтадан шыққан ақын шығармашылық кешін «Рух мәңгі!» деген өлеңімен және сазгер Бейбіт Оралұлы әнін жазған өзінің орындауындағы «Мен оралдым» әнімен бастады. 

«Жалпы Ақсұңқар Ақынбаба ақын ретінде 90-шы жылдардың басында келген буын өкіліне жатады. Оның ақындық әлеуетіне келген кезде, әсіресе, ақын қыздардың ішіндегі ең рухы биік, өлеңдерінде де, өзінің мінезінде де андағайлап тұратын бір ақын болса, ол Ақсұңқар Ақынбаба. Оның елге келгелі бергі 30 жылдың ішінде біраз кітаптары жарық көрді. Кейінгі жылдары сәл саябырсып қалғаны болмаса, бұл шығармашылықта ешқашан тоқтаған ақын емес.  Ақсұңқарды біз 2000-шы жылдың басында әнші ретінде мойындадық. Кәсіби әнші болмағанмен одан бір де кем түспейтін әнші деуге болады. Бұл – екінші қыры. Ал үшінші қырына келер болсақ, Ақсұңқар Ақынбабаның журналистикадағы атқарған шаруалары аз емес. Ол газетте, сондай-ақ Қазақ радиосында өте өнімді жұмыс істеді. Бірталай бағдарламалардың авторы атанды. Сол бағдарламалардың кейбірі шамасы әлі күнге дейін эфирден беріліп келе жатыр. Мысалы, кезінде «Ұйқым келмейді» деген бағдарламасын қалың жұртшылық ұйып тыңдайтын. Оған өзіміз куәміз. Ақсұңқардың жемісті еңбек етер кезі енді туды деп ойлаймыз. Бергенінен берері алда деген үміттеміз»,– дейді ақын, «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек.

«Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына еңбек етіп жүргеніме ширек ғасырдан асады екен. Ал атажұртыма келгеніме 30 жыл толыпты. Мектеп бітірген жылы келгенмін. Содан бергі уақытта әдебиетке, өнерге қосқан үлесімді, шығармашылықтағы жауһарларымды жинақтай келе «Алтай – Алатау арасы» деген жеке ән-жыр шығармашылық кешімді өткізуді жөн көрдім. Ән-жыр кешім деуімнің себебі, өлеңім мен әнімді қатар алып келе жатпасам да, бұл ақындық пен әншілік қатар қонған өнер. Сол себепті, домбырам мен қаламым – менің қос өнерім, қос қанатым іспетті», – дейді «Жыл адамы – Алтын Адам» атағының иегері, көптеген жыр мүшәйраларының жүлдегері Ақсұңқар Ақынбаба.

«Алтай – Алатау арасы» шығармашылық кеші, аты айтып тұрғандай, ақынның отыз жылда жинақталған шығармашылығы, яғни поэзия мен ән әлемінде шебер үйлестіре жеткізген жырларымен, әуелете салған тамаша әндерімен өріліп,  көрермен көңілін рухани серпілтіп, байыта түскені анық. 

Кеште Ақсұңқардың поэзиясынан арнайы қойылған «Азаттық Рухы», «Алтай жыры», «Романс» қатарлы поэтикалық қойылымдар көрсетіліп, танымал жас әншілердің орындауында «Мәңгілік ел» (әні: Б. Оралұлы), «Түркістаным-Тұраным» (әні: А. Сәндібайұлы) әндерінің тұсауы кесілді. 

Ұлбосын Бөрібайқызы,
журналист