ТЫҢ ИДЕЯ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 25.11.2024
Оқылды: 387
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өскелең ұрпақтың заманауи технологияларды меңгеріп, тың жобаларды жүзеге асыруы қашанда үлкен маңызға ие. Оларды қолдау, білімдерін жетілдіру игілікті іс. Осы ретте Жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған «Jetisu IT-Hub» технопаркінде өңір өрендері өз жобаларын қорғады.


Елімізде көп кәсіпкерлер жаңа идеяларды қолдауға ықылас танытып жататынын аңғарамыз. Олар көптеген тың жобаларды жастардың ойластыратынын біледі. Сондықтан өз ісіне мығым, ойы озат жеткіншектерге жәрдемін тигізіп, пайда әкелетін жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысады. Ұйымдастырылып отырған бұл шараның өнертапқыш жас буынға тиімді тұсы да осында екенін айта кеткеніміз жөн.

Шара шеңберінде дарынды білімгерлер топ-топқа бөлініп, бәсекеге түсті. Топ құрамындағы жеткіншектер бірлесіп жоба ойластырып, тың идеяларын әділқазы мен сарапшылар алдында қорғады. Мұнда қойылатын басты талап – ойластырған тың дүниелері іске асырылатындай болуы шарт. 

Білім додасына 30-ға жуық топ қатысты. Онда әр командаға өз жобасын қорғау үшін 3 минут уақыт берілген. Төрешілер тарапынан қойылатын сұрақтарға команда мүшесінің дәйекті жауап беруі де есепке алынды.

– Жеңімпаздарға наушник, ұялы телефон, дауыс ұлғайтқыш колонкалар сияқты, тағы да басқа бағалы сыйлықтар беріледі. Мұндағы негізгі ойымыз оларды ынталандыру. 5-орынға дейін жүлде қойып отырмыз. Бастысы, олардың жан-жақты қырын ашу, – дейді «Jetisu Digital» it-Hub директоры Талғат Абылаев.
Ұсынылған жобалардың ішінде білім беру, экология, денсаулық сақтау саласы, жаңа бизнес-модельдер мен цифрлық платформалар бар. Ондағы негізгі ой қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын стартап жобалар арқылы бағамдап көру.

Медет ЖҰМАБАЙ