ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Уақыты: 26.11.2024
Оқылды: 549
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өміріңді ұрпақтың білім алуына, тәрбиесіне арнау ерлік, асқақ, абыройлы іс. Әрбір шәкірттің шамшырағын жағуға, тұлға болып қалыптасуына өн бойындағы күшін сарп ету ұстаздың парасаттылығын көрсетеді. ­Мейрамгүл Қасенова сан оқушыға бағыт-бағдар беріп, үлкен өмірде өз орнын табуына атсалысқан ерен тұлғаның бірі. Оны әріптестері де жоққа шығармайды.


Мейрамгүл Жұмақанқызы Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылының тумасы. Жастайынан мұғалім болам деген құлшынысының арқасында тың соқпаққа қадам басады. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң Жаркент педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешісі мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Білім ізде­ген жас талап кейін І. Жан­­­­сүгіров атындағы мемлекеттік университетін  педагог-психолог мамандығы бойынша тәмәмдап, еңбек жолын Қаспан ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Бар жиған білімін оқушы санасына сіңіріп, шәкірттерін жан-жақтылыққа үйретеді. Мектеп қабырғасында ізденісін тоқтатпай ізеттілікпен іс қылады.

Ізденімпаз ұстаз үзіліссіз еңбектенгенінің нәтижесінде  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Істеген жұмысы бағаланып аудан әкімінің Құрмет грамотасы, «Өрлеу» білім-ғылым технология порталының Құрмет грамотасы және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтың Құрмет грамотасы, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» республикалық байқауының төсбелгісімен марапатталады.

Кәсіби маман аудан көлемінде жоғары деңгейде жұмыс істеп, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту мақсатында «Ұлы Дала – батырлар мекені», «Ұлы Даланың  ұлы есімдері» тақырыптары негізінде Алматы қаласы мен Жетісу жерлерінің киелі орындарына саяхат жасауға ықпал етеді. Осы уақытқа дейін шәкірттерінің құқықтық сауаттылықтарын арттыруда құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс жасасып келеді. 
Мейрамгүл Жұмақанқызынан тәлім-тәрбие алған жастар бүгінгі таңда үлкен белестерді бағындырып, оқу оқып, лауазымды қызметте биік шыңдардан көрінуде. Олардың  бойына біткен асыл қасиет ұстаз еккен мейірім дәнегінен көктеген десек қателеспегеніміз.
Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы Күреңбел қазақ орта мектебінің ұжымы ұлағатты ұстазға бейнетінің зейнетін көруге тілектес. Түгесілмес күш-қуат, сыр бермес денсаулық, бақытты сәттерінің көп болуын тілейді.

Мақпал НҰРБОЛАТОВА,
Күреңбел қазақ орта мектебінің мұғалімі