Ер мен әйел һәм бала. Осы үшеудің басын қосатын отбасы құндылығы қай қоғамның да байлығы. Шаңырақтың беріктігі мен толық отбасы мемлекет үшін маңызды стратегиялық нысан. Бұлай деуге толық негіз бар.
Баба жұрт – «Отан – отбасыдан басталады» дейді. Ажырасқан отбасы, жанжалдасқан ер мен әйел, жауапкершіліктен жалтарған ерлі-зайыпты, жарты шаңырақтың тәлімін алған бала көбейсе қоғамның өркен жаюы екіталай. Еліміздің дін өкілдері де көздегені «шағын мемлекет» алдындағы екеудің жауапкершілігін нығайту, тірі жетім, некесіз бала болдырмауды басты нысанаға алған. Сондай жиынның бірі жуырда Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында шымылдығын түрді.
«Ислам және отбасы құндылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция Жетісу жеріне сапарлай келген Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Өтеповтың келуіне орай өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Дін және қоғам қайраткері, ғалым, профессор Шамшәдин Тұрсынұлы, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің ұстазы, отбасы тақырыбындағы бірнеше діни кітаптардың авторы Шәмшат Әділбаева сынды қоғамдық пікір иелері қатысты.
Алғаш болып сөз тізгінін тартқан облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов ұлттық кодымыз сақталған отбасы институтын сақтау маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін сөз алған Наурызбай қажы Өтепов отбасы мен ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі төңірегінде әңгіме өрбітті.
– Ислам дінінде отбасы құндылықтарын сақтау жолдары өте нәзік суреттелген. Ислам әйел адам мен ер адам бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп, қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер» – деген. Адамзат атаулының бәрінің бойындағы адамгершілік, имандылық, әдептілік, кішіпейілділік сынды көптеген қасиет осы отбасында қалыптасады. Отбасы іргетасының беріктігі – оның мүшелерінің өз міндеттерін біліп, өз межесінде орындауында жатыр. Белгілі бір заңдылыққа мүлтіксіз бағынған отбасында тыныштық орнайды. Перзент – отбасының жемісі, ұлттың болашағы. Баланың отбасыдағы басты міндеті – ата-ананы сыйлап, құрмет көрсетуі, – деді бас мүфти.
Жиынға қатысушылар ұлтты сақтау үшін отбасының беріктігін қалыптастыру қажет екенін, сол үшін әрбір қоғамдық ой иесі белсенділік таныту керек деген ұйғарым жасады.
Дастанбек САДЫҚ