ЖЕТІСУДЫҢ ТАРИХИ МҰРАЛАРЫ

Уақыты: 12.12.2024
Оқылды: 282
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тіл сарайында облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен «Жетісудың тарихи мұралары» атты облыстық конференция өтті. Онда облыс аумағында жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытынды есебі мен қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер таныстырылып, құнды мұралар Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Шара барысында «Дауылбай обалы қорымы», «Арқарлы петроглифтары» атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.


Конференцияны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жүргізіп, тарихи мұраларды түгендеу мен оны болашақтың еншісіне қалдыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан көрсетілген қолдауды айта келіп, облыстық басқарманың атқарған жұмыстарының ауқымын баяндады. Сондай-ақ, маңыздылығы зор жобалардың жалғасып, аймағымыздың тарихын түгендеп, болашаққа бағыт беретін іргелі істердің атқарылатынына сенім білдірді. 

– Жетісудағы археологиялық ескерткіштер бұрыннан елімізге белгілі. Олар жайлы Кемал Ақышов, Карл Байпақов сынды археолог ғалымдар зерттеп, бағалы тарихи мағлұматтар қалдырғаны белгілі. Бәрімізге таныс Бесшатыр қорымының, ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген Қойлық қалашығының тарихи құндылығы жоғары. Бүгінде сол үрдіс жалғасын тауып, 2021 жылы Оңтүстік тарихи-мәдени мұралар орталығының тапсырмасына сәйкес Кербұлақ ауданындағы Арқарлы ескерткіштеріне Әлкей Марғұлан атындағы археология институты тарапынан құжаттандыру жұмысы жүргізілді. 2023 – 2024 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің археологтары Қаратал ауданындағы Дауылбай қорымдарына қазба жұмыстарын жүргізді. Бүгін осы жұмыстардың таныстырылымы болмақ, – деді Қуаныш Сұлтанұлы.

Басқарма басшысының сөзіне дәлел болатын ең құнды дүние Қаратал ауданы аумағындағы Дауылбай обалы қорымына жүргізілген қазба жұмысы мен Арқарлы тауындағы петроглифтердің түгенделгені дер едік. Облыстық басқарманың тікелей қолдауымен жүзеге асқан қос жоба өлкеміздің өткен тарихын түгендейтін бірқатар құнды жәдігерлерді анықтады. Осы құнды дүниелер сақ дәуіріндегі мәдениет, өнер, тұрмыс-тіршілік, он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолтаңбасынан сыр шертеді. Сол қатарда Дауылбай обалы қорымынан табылған қола мен сүйектен жасалған бұйымдар, айдаһар-жылан бейнеленген алтын бұйым, алтын қапсырма мен қыш ыдыстар, жауырын сүйек, темір бұйымдардың бөлшектері, биконус пішінді қоңыраушалар, бала қаңқасымен бірге жерленген моншақтар, қола түйреуіш, алтыннан соғылған сырғалар, қола таға, обадағы ағаш қалдықтары, тіктөртбұрышты тастар жиынтығы көпшіліктің назарын аударды. Демек, бұл жәдігерлер біздің дәуірімізден бұрынғы өмір сүрген адамдардың қола, темір, алтын бұйымдарды шеберлікпен өңдеп, тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы етіп қолданғандығын нақтылайды. 

Дауылбай обалы қорымына жүргізілген қазба жұмыстары негізінде Досбол Байғонақов пен Хамит Айтқұлдың «Дауылбай обалы қорымы» атты ғылыми әрі танымдық кітабы жазылыпты. Археолог мамандардың айтуынша, Дауылбай обалы қорымынан табылған аң стиліндегі алтын әшекейлер Есік қорымынан табылған «алтын адамдағы» әшекейлермен дәуірлес.

Ал Арқарлы тауындағы петроглифтерді жалықпай түгендеген А. Горячев, Е. Казинов, Т. Егорова, О. Гумированың жетістіктері жинақталған «Арқарлы тауындағы петроглифтер» атты кітапта Арқарлы тауынан анықталған 412 жартас суретінің фотосы беріліп, ғылыми сипаттама жазылған. Айта кетерлігі, «Дауылбай обалы қорымы», «Арқарлы тауындағы петроглифтер» атты екі кітаптағы ғылыми сипаттамалар қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде берілген. Демек, бұл кітап еліміздегі және шетелдегі зерттеушілер үшін қолдануға қолайлы және зерттеу жұмысына пайдалануға тиісті терең ғылыми түсініктемелермен жазылған. Шара аясында қос кітаптың тұсаукесері жасалып, іргелі еңбек оқырмандарға жол тартты.

Конференцияға елімізге, алыс-жақын шетелдерге аты таныс археологтар қатысып, баяндама оқыды. Сол қатарда Әлкей Марғұлан атындағы археология институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Әсемгүл Қасенова «Жетісу облысындағы археологиялық жұмыстардың нәтижесі», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов «Қаратал өңірінің археологиясы», «Археологическая экспедиция» ЖШС-нің директоры Арман Умарходжиев «Исследование памятников пазырыкской культуры в области Жетісу» атты баяндама оқып, облыстағы тарихи орындарға жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесін жан-жақты таныстырды. 

Сол аралықта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов Дауылбай қорымына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерді Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаеваға тапсырып, жәдігерлерді музей қорына тапсырып беру және тапсырып алу келісімшартына қол қойылды. Енді бұл жәдігерлер облыстық музей арқылы көрермендерге ұсынылады.

Қажет АНДАС