"ШАПАЛАҚТЫҢ" БИІК БЕЛЕСІ

Уақыты: 11.12.2024
Оқылды: 241
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жетісулық «Шапалақ» командасының ойыншыларымен кездесіп, аймақтың мәртебесін асқақтатып жүрген азаматтарға құрмет көрсетті. Jaidarman TOP жоғары лига ойындарында чемпион атанған жігіттерге аймақ әкімінің Алғыс хаты мен 1000 000 теңгенің қаржылай сертификаты табысталды.


Осы жылдың қараша айында өткен Jaidarman TOP жоғары лига ойындарының ақтық сайысына Талдықорғаннан «Шапалақ», Семейден «Қыздарский», Жаңаөзеннен «Не хабар?», Алматыдан «Эверест», Оралдан «Талант», Жамбыл облысынан «Жуалы» командалары қатысып, чемпиондық үшін бәсекелескен еді. Бұл ретте бағы мен бабы қатар шапқан жетісулық «Шапалақ» командасы 1-орынға ие болып, 50 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Жерлестеріміздің Jaidarman TOP жоғары лига ойындарының 25 жылдық тарихында алғаш рет жеңіске жеткені көпшілікке үлкен қуаныш сыйлағаны ақиқат.

– Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы әзіл беру. Әзілдерді түгелдей өзіміз жазамыз, бұрын-соңды сценарист көмегіне жүгінбедік. Ниетіміз таза, әділ чемпиондық еді. Сол ниетімізге қарай берді. Көрерменге күлкі сыйлап, жүректеріне қуаныш дарыту негізгі міндетіміз болса, біз сол үдеден шықтық деп ойлаймын, – дейді «Шапалақ» командасының капитаны Орынбасар Серікбай.

Кездесу барысында Диас Рахметұлы жігіттердің еңбегі елеулі екенін, болашақта да сан белесті бағындыратындарына сенім білдіретінін атап өтті. Жетісудың көркеюі үшін бірлесе жұмыс істеспек ниетін жеткізді.

– «Шапалақ» командасының тарихын жақсы білемін. 2014 жылы құрылып, бүгінде облыстан шыққан тұңғыш чемпион болып отырсыздар. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, тәжірибелеріңіз өңіріміздегі жас командаларға үлгі. Жаңа бастау, болашақ чемпиондарға жол ашады деп сенемін. Біз Жетісу облысының әкімдігі әрдайым Жайдарман қозғалысын қолдаймыз. Өздеріңіз білесіздер, тұрақты түрде облыстық лига, әкім кубогі, Алакөл алаулары, республикалық басқа да турнирлер өткізіліп жүр, алдағы уақытта бірлескен жобаларымыз артады, – деді ол.

Ясин ОРАЛБЕК