«Тарих – шыңырау. Оның түбіндегі маржандар шайқалса ғана бетіне шығады» деген пікір келтіре отырып қазақтың мыңжылдықтар мұғдарындағы тарихын, шежіресін, тұлғаларын талдап, тереңнен зерттеп жазған Тұрсын Жұртбай «Шығыстан батысқа қарай лықси қотарылған тағылар ордасы жалғанды жалпағынан жайпап, бет алысындағы кездескен кедергілерді аяғының астына таптап, тып-типыл ғып, жермен-жексен етіп жіберді», – деген әумесер тарихшылардың сөзіне бұрқан-талқан ашуға мінеді. «Жабайы скифтер», «тағы хұндар», «шошақ бөрікті сандалған сақтар» деген бір ұлтты тұтастай қаралаған білімі шанақты тарихшыларды, әсіресе орыс жазбасын тұтасымен паршалап, жіліктеп тастайды.
Қаһарына мінді ме, шамырқанып-шамданып жазды ма, ол тұсын нақты айта алмаймыз. Десе де Тұрсын Жұртбай «Дулыға» 4 томдық еңбегінде көшпелілер әлемі мен түркі жұртының екі мың- жылдық тарихын жеке тұлғалар арқылы талдап, заманның заңғары болып көрінген әлем тарихшыларының денін сыбап, қателігін айшықтап береді. Дәл осылай Таласбек Әсемқұлов та «Бастырма» атты ғылыми мақаласында орыс тарихшыларын терістеген болатын.
Біз дәстүр мен тарихты байланыстыра алғанда ғана өз өремізден, биігімізден көрінеміз. Мың- жылдықтар көшіне зердемен зейін қойғанда ғана тектілігімізді тани аламыз. Жоғарыда атап өткен ғалым-жазушы Т. Жұртбай: «Дулыға» – «түрік» деген сөздің баламасы» десе, ендігі бір толғамында тұңғыш патшасы билік құрған заман мен олардың Дарийдің жеріне шабуыл жасаған жорығына дейінгі мың жыл аралығын межелеген скифтерді жазбасына түсірген Геродот тәмсілін алға тарта отырып Скифтің алғашқы патшасы Тарғытай туралы: «...Тарғы ханды тілге тиек етсе де жетіп жатыр. Оған «Ер Тарғынды» қосыңыз. Ал, тарғын, «түрген» деп тасқыны қатты, қысаң жақпарды тіліп ағатын өзенді айтады. Қалай да «тарғын» сөзін басқаша мағынада түсіндіріп беретін түркі тілінен басқа ұлт тілі жоқ» деп өрнектей келе айбарлы скифтердің алғашқы ханының задын, болмысы мен есімінің мағынасын соғұрлым нақты, қанық етіп бедерлейді.
Бізде мыңжылдықтан бері қалыптасқан түсінік бар, сол секілді өмір көшінде жүріп икемделген, танымға сіңген түсініктер бар. Қайсысын алып қарасаң да ұлттың тарихы мен шежіресіне хатталып, санаға сіңіп кеткен. Сондықтан да олардан қашып, «бұл сөзді қолдануға болмайды», «мұның пайдасы жоқ» деп безуге келмес. Десе де рухшылдық дерті асқынып тұрған бүгінгі уақытта жүзге бөлініп, өз руының сойылын соғатындар көбейгені, орның салдары өмірге, болашаққа әсер етіп жатқаны жасырын емес. Сондықтан да дәстүр қалыптастырған даналықтың кері әсері де бар екенін мойындауға міндеттіміз.
Рас, журналист болған соң, ел ішінде өз руының адамын өзгеден биік қоятын кейбір кейіпкерге ұшырасып жүрген соң кейде мақала арасында елдің ымырада, бірлікте болғанын қалап, жүзге, руға бөлінбесе екен деген тілектес, ниеттес көңілмен «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген тәмсілді алға тартамыз. Алайда, мұның мәні білместікте (?) жатыр екен...
Білместікпен айтылған ба, әлде елдің намысын қайрау, жігерін жану үшін бе, ол жағын ішкі пайым біледі. Алайда «жүз сөзі қайдан шықты?», «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» сөзінің несі қате? деген сауалдарға тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың толғамымен жауап беріп көрелік. Ж. Артықбаев «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығында: «...қазіргі күні газет-журнал бетінен анда-санда «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сияқты «мақалдарды» кездестіріп қалуға болады. Бұл мақал «жүз» мағынасын түсінбейтін бертіңгі заман адамының ойлап тапқаны» деп жаза келе, «жүз» Қазақ хандығының негізгі әкімшілік-территориялық бірлігін айқындап берген негізгі дүние екенін айтады. Осылайша толғана келе «Қазақтың дәстүрлі үш жүздік жүйесінің құрылуына Әз Жәнібек ханның сіңірген еңбегі зор» деген Құрбанғали Халидтің пікірін айшықтай отырып тарихи әдебиетте Қазақ хандығының жүздік бөліну жүйесі Хақназар ханның заманында қалыптасты деген пікір де барын, яни бұл дәстүр Алтын Орда кезеңінен келгенімен оның қазақ жеріне орнығуы алғашқы қазақ хандарының саяси реформаларының негізінде жүзеге асқанын мақұлдайды.
Қарап отырсаң ұлан-ғайыр атырапты саяси реформа, әкімшілік-территорияға бөлу арқылы көздің қарашығындай қорғау үшін үш жүзге бөліп басқару идеясы қалыптасқанын аңдаймыз. Мұның бастауы қай ханға барып тірелетіні маңызды емес, десе де дерек көп.
ХХ ғасырдың басында Құрбанғали Халид: «Өзбектен соң ұлы Жәнібек хан халқын екіге бөлді. Исламды қабыл етпегендерін «айын» діндерінде қалдырып, мұсылман болғандарына ислам шариғатын оқытуды бастады. Көшпелі мұсылмандарды үшке бөліп Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп ат берген» – деп жазады. осылайша «Жүзге» бөліну сөзінің тағы бір ұшығы ұстанымға барып тіреледі. Миды айрандай қылған сан мың ақпаратты ұсына отырып, оның ұшығын бәдіздеп, бедердеп, нақтылап айту қиын. Десе де осынау түсінікті алға тартып отырған Жамбыл Артықбаев: «Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің негізгі бөлігі ислам дінін Өзбек ханның және оның ұлы Жәнібек ханның билеген тұсында қабылдаған. Бұл деректерді «Шаджарат ал-атрак» кітабынан кездестіреміз. Белгілі зерттеуші Зәкәрия Жандарбек дала халқының исламға өтуіне де, үш жүздік құрылымның пайда болуына да Орта Азиялық қожалардың ықпалы болды деген дәлелді пікірді білдіреді», – деп атап өтеді.
Міне, осындай мың сан түрлі пікірді алға тартсақ әңгіменің ұшығына жету мүмкін еместей көрінеді. Аңыз бен әпсана, тарихи детальдар мен деректердің бәрін жекелей айшықтап, ғалымдардың пікірін алға тарта отырып та қайшыласқан түсініктердің түпкі төркінін нақты көрсету мүмкін емес. «Қазақ» ұғымының өзі туралы мың сан пікір бар. Десе де «Дулыға», «Тарғы» сөздеріндей «жүз» ұғымының да танымымызға бекер сіңбегенін, мұның астарында елдің мүдде жатқанын түбі бір дәлелдеріміз анық. Алайда, қоғамның дертіне айналдырып, жүзі бірлер (мәселен Орта жүз, Кіші жүз) жақын, жүзі басқалар жат секілді бөлінудің қажеті жоқ екенін, Абай айтпақшы: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген тұжырымға лайықты бауырмал, елжанды болу керектігін оқырман қаперіне салғымыз келеді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ