ҚОС НЫСАН ҚУАНЫШЫ

Уақыты: 13.12.2024
Оқылды: 407
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тұғырымыздан талай саңлақ түлеп еді. Қасиетті топырақтың құнарынан ба, осы елді мекеннің кие дарып, құт қонғандығынан ба елдің, облыстың намысын өнер көгінде қорғаған небір жайсаңдар шықты. Бір ғана дәуірге даңқы жайылған Біржан салмен сөз барымтасына түскен Ақын Сара апамыздың есімін айтсақ, құсни мекеннің қадірі мен қасиетін одан әрі асқақтатып айшықтаудың қажеті қалмайды. Енді ауыл мәдениетінің ошағы болар жаңа клубтан кешегілердің көшін жалғастырар көшелі ұрпақ шықсын.


Дәл осылай деп тебіренген Ақын Сара ауылының қазыналы қарттары мен тұрғындары қос нысанның ашылу салтанатына көзайым болды.

Ескелді ауданына қарасты Ақын Сара ауылында блокты-модульді әкімшілік ғимараты мен клуб ашылып, ел игілігіне берілді. Алдымен әкімдік ауласына жиналған жұртшылықты құттықтаған аудан әкімі Елдос Ахметов:

– Бір күнде қос қуанышты бастан өткеріп жатырмыз. Елдің игілігі жолында атқарылар жұмыстар пысықталып, келелі мәселелер өріс табар, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдар әкімшілік ғимараты қаншалық керек болса, ұлт өмірінің айнасы болған мәдениетті мәйекті етер, өнер көкжиегін кеңейтер ауылдық клубтың да қоғамдық өміріміздегі маңызы айрықша. Сондықтан біз бір күннің еншісіндегі қос қуанышты тарихи сәт деп бағалауымызға болады, – деп тебіренді. Атқарылып жатқан іс пен өрісін табар жоспарларды да атаусыз қалдырмады.

Аудан әкімнің ақ тілегінен кейін ауыл имамы Қуатбек Тұрысбаев пен мәдениет саласының ардагері Ержан Әкімжанов сөз алып, ауылдастарына ақық ойын жеткізді.

Салтанатты түрде лентасы қиылған блокты-модульді әкімшілік пен клубты аралап, жаңа нысанмен танысқан көпшілік әсем әнмен тербеліп, керім күймен көңілін көкжиекпен астастырғандай болды.

Айта кетерлігі, 1876 тұрғын мекен ететін Ақын Сара ауылдық округ орталығында салынған әкімшілік 27 млн. теңгеден астам қаржыға, не бәрі 3 айдың ішінде бой көтерген. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Эснаф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл әкімшілікте жалпы саны 10 адам жұмыс істейді. Ал жалпы алаңы 400 шаршы метрді құрайтын 120 орынды блокты-модульді клуб 110 млн. теңгеге жуық қаржыға бой көтерілгенін де айта кетен жөн.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ