Әсем ән мен тәтті күй көңілге түрлі ой салған кештің көрермені қатарында отырып не жайлы толғандық? Әуелгісі ұлы дала төсінде ерлігі мен өрлігін халқының азаттығы жолында мың мәрте сынаған, сақсыры қанға толса да тірлікте қағажу көрдім деп бір налымай өткен ер Махамбеттердің болмысы, Исатайдай бекзат баһадүрлер бейнесі елес берді. Соңыра сайын даланың сазын көкірегіне қондырған кешегі Сүйінбай, Жамбыл, Құрманғазы, Дәнеш, Нұрғиса секілді саңлақтардың ақық ажарын санада сайраттық.
Тірлікте адам деген ұлы жаратылыстың бағасын өнермен өлшеп, даналықпен пішкен текті жұртпыз десек те, біз өз құдіретімізді анық аңғармай келе жатқан секілді көрінеміз. Күй деген жалқы сөздің атауын саздың, әуеннің құйқылжып түскен туындысына қарата айтқанымызбен, адамның көңілінің ырғағы мен жан ділінің мөлт еткен жайын да «Күй» деп бейнелі түрде атамаймыз ба?! Сөздің өзі данышпандығын айғақтайтын осы жұрттың домбырасы мен қобызы, сырнайы мен сыбызғысына құлақ түріңізші. Нендей құдірет жанды қытықтайтын?! Қандай сиқыр аруақты қоздырып, арқаны шымырлататын?
Иә, күй дегенде көңілінің көкжиегін аспанмен астастыратын қазақтың ән дегенде әсерге бөленгіштігі, елтіп, елжірегіштігі ұнайды. Құлағының құрышын қандырар саз өнерінің саф туындыларына көңілінің пернесін де дөп келтіреді ғой, шіркін, қазақ!
Күні кеше Талдықорған аспанында қос саңлақтың сазы тербелді. Бірі – ықылым заманнан келе жатқан құдыретті күйді домбыра шанағынан түлетсе, бірі – көмейдегі киелі үнмен бабалардың асқақ әнін әуелетті. ҚР Мәдениет саласының үздігі Арафат Ысқақов пен халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Самат Жексенбаев тыңдаушысының жан сарайын зерлі еткендей өнердің шырағданын жақты.
Иә, «Әсем ән мен тәтті күй» аталатын лекциялық концерт талдықорғандықтарды тәнті етті. «Құрмет» орденінің иегері, ақын, журналист Жұматай Оспанұлы жүргізіп отырған рухани шарада Самат Жексенбаев күйдің шығу тарихына тоқтала отырып Құрманғазы, Махамбет, Нұрғиса секілді көптеген тұлғаның ғажайып шығармаларын домбыра шанағында сөйлетсе, Арафат Ысқақов Жамбыл мен Сүйінбайдың, Кенен мен Дәнештің әндерін асқақтатып, айыр қалпақты ағайын қырғыз халқының ұлттық әндерінен шашу шашты.
Күй құдіреті мен ән әсемдігі жан тербеген керім кеште көзайым болған жетісулық зиялы қауым, өнер өлкесіндегі таланттар мен ақын-жазушылар, қарапайым көрермен ерекше күйге бөленді. М. Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде жаңа форматта айшықталған рухани кештің жалғасын аңсаған көрермен екеудің өнеріне екі жарым сағат сусындаса да жалғасты дүние болса деген ниетпен тарқасты.
АРДА БИ