Тағдырдың темір есігі

Уақыты: 20.08.2016
Оқылды: 2213
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Журналистік зерттеу жұмысым жан-ға жағымсыз «жын» сөзінен бас­тал­ды. Иә, жал­пақ жұрт «жынды­» деп атап кеткен жүй­ке ау­руына ұшы­раған жан­дар­дың жай-күйін білгім келді. Сөй­­тіп, Еңбек­ші­қазақ ауданының Есік қала­сын­да ор­наласқан «Ама­­нат» ар­нау­лы әлеу­мет­тік қыз­мет көр­сету орталығының ди­­рек­торы Гүлсара Еген­бае­вамен телефон ар­қылы тіл­десіп, жолға шық­тым. «Жын­ды­хана» де­ген қорқынышты сөзді ес­тігенім бол­­маса, көргелі тұрғаным бі­рін­ші рет. Алыс жолды артта қал­ды­рып, қаланың шет жағындағы кө­ше­нің ете­гінен орын теп­­кен темір есікті, сұп-сұр нысанның ал­ды­на аял­дадық.

Жол жиегінен жан баласы көрінбейді. Үрей билеген бойы қоршаулармен қор­ғал­ған сол маңның биік ғимаратына қарай бет­тей бердім. Алыстан байқап келемін, ай­наласына темір тартылып, тұтас бөлігі тұм­шаланған. Мен келе жатқан әлемнен ол жер­дің бөлек екенін сезетіндеймін. Иә, солай се­кілді, себебі есікке қолым тиген сәтте әл­де­бір белгісіз күш еңсемді бас­қан­дай болды. Ішке ендім. Күзет аймағынан өткенде шынымен де бөтен әлемге тап болдым. Темір­тор­лы терезеден көз сүзген сырқаттарды көргенде еңсем төмен­деп сала берді. Көңілімді қорқыныш торла­ды. Иә, олар да біз сияқты адамдар. Бірақ қоғамның сол жан­дар­ды бізден бөлектеп, өзгешелеу қылып көрсеткенінен болар, бойдағы қорқыныштың қадам сайын арта түскені. Рас, басқа бір әлемге енген­дей­мін.

Заман талабына сай жап-жаңа меке­ме­нің тазалығы да тәнті етеді. Аула­да­ғы гүл­дер сәні келіскен саябақты есіңе тү­сі­реді. Көз алдымда ары-бе­рі жөңкілген аурулар. Әлсін-әлсін әлде­кім­нің оқты жанары жел­ке­ме қадал­ғандай се­зіне беремін. Міне, сыр­қаттар да жетті жа­ны­ма. Кейбірінің шашы алба-жұлба болса, кей­бірі қы­рықтықтан енді шыққан­дай. Ал­ғаш кез­дес­кен қосақтасып келе жатқан жан­дарға қарап, ғашықтар болар деп пайымдадым. Сөйлесе үндемейін деп тұрған менің жаным­нан жаңағылар ләм-мим демей, тіпті көз қиы­ғын салмай өте шықты. Мүмкін әділеті мен зұлымдығы итжығыс қо­ғам­нан келгенімді сезіп, сырттан енген жанға назар аудармаған болар. Бол­жауым­ша аурухананың әкімшілік бөлігі әлі алыста. Кетіп барамын, бірақ асфальтке табаным тиген сайын бойым түршігуде. Алыстан көргенімде қозғалыссыз тұрған жігіт тура жанынан өт­кен сәтте маған бұ­ры­лып әл­денені айтып, жаным­нан қалыс­пай бара­ды. Ең бастысы – үндемеу. Бірақ сөй­ле­сіп, сыр­лас­саң жаман адам емес секілді. Тек біршама күн мен түнді арнау керек. Әйтпесе әлгі жанның әңгімесі бітер емес. Сырттан келгенімді сезіп, жаңа­лық сұрап жат­қан сияқты. Жолай бір орынды айнал­шықтап, аспаннан көз алмай тұрған ақ көйлекті әйелге көзім түсті. Тәңірден жақсы күн тілеп, тағдыр сынына қапаланып тұрған­дай. Иә, көктен көз алар емес. Қолын жайып, бірдеңелерді күбірлегенінен дәл солай екенін сездім. Кенет алдымнан қолында салынған небір суреттері бар, абақтыда жүргендей киініп алған орыстың жігіті шықты. Қасынан өтіп кеткен­ше асықтым.

Мейі­рімділік белгілеріне көзім түскенде қорқы­нышым бір-ақ сәтте сейіл­ді. Қолар­баға отырған өмірден күдерсіз қыз бала. Өмір­дің ешбір сәті сырқатты селт еткіз­бей­тін секілді. Себебі көңілінің жоқтығы кез кел­ген жанға бірден белгілі. Көзін төмен са­лып, асфальттың әр тасын аңдығаны бол­маса, басын көтеріп төңірекке қарағысы жоқ. Ал қоларбаны сүйретіп келе жатқан жанның да сипаты басқа. Ешкімде шаруасы жоқ. Бар міндеті арбадағы қызды сүйеп, соның көңілін табуға тырысу. Иә, солай екен. Жаңағы мүгедек арбасын сүйреген жігіт сәл жүріп, тоқтап, қызға күліп бірдеңені күбірлеп тұр. Ал қыз сезінбейді. Сонда да жігіттің қызға көмегі таусылар емес. Мені таңдандырғаны да осы. Арбада отырған қызға көмектесіп, көңілін табуға асыққан жігіттен үлгі алсақ дедім ішімнен. Жарым­жан түгілі он екі мүшесі сау адамға сезім сыйлау да қолымыздан келмейді көбіне. Міне, әкім­шілік­ке кіреберісте көрген көрінісім сол аулада өзімді еркін ұстауға септігін тигізді. Сырқат­тар­дан да көпті үйреніп, талайды түсінуге болатынын байқадым. Бірден басшының кабинетін іздеп, есік қағып кіріп бардым. Сырт көзге бір­ден қарапайым, кеңпейілділігі болмы­сы­нан байқалып тұрған жан жылы шыраймен қа­­р­сы алды. Бұл аталмыш меке­менің ди­ректоры Гүл­сара Қалиқызы еді. Сырқат­тар­дың сыр­ла­сындай болған Гүл­сара Қали­қы­зы мана­дан бергі үрейімді мейірімді жүзімен, жар­­қын әңгіме­сімен сейілтіп жіберді.

 

ЖАНАЙҚАЙ

Тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуді қажет ететін мүгедектердің тұрақ­ты тұруына арналған мекеме 1978 жылы ашылған. Содан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратын науқастардың үйі болып саналып келеді. Облыс әкімінің қаулысымен ағымдағы жылдың тамыз айын­да интернат үйінің атауы «Аманат» болып өзгертіліпті. Бұл өңіріміздегі жоғары санатты үлкен мекеме. Ғимарат екі қабатты үш корпустан тұрады. Қазіргі таңда мұнда I және II топтағы 540 сырқат ем алады. Айналасына қауіп төндір­мес үшін барлық науқас қабылданбас бұрын дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Орталықта науқастарға қолайсыздық тудыр­майтын, керісінше, өзінің үйіндей сезінуге мүмкіндік беретін жағдай­лардың барлығы қарасты­рыл­ған. Әсіресе, өмірден күдер үз­ген­дердің көңілін табу үшін жүрген 331 қыз­мет­шінің еңбегі ерен. Менің бұлай деуіме себеп көп. Дирек­тордың орынбасарымен бірге мекемені ара­лауға кірісіп кеттік. Істі қызмет­шілермен та­нысу­дан бастадық. Басқарушы және шаруа­шылық, арнайы әлеуметтік қыз­мет көрсе­те­тіндер де жеткілікті. Сондай-ақ мә­дени, еңбек, құқықтық, педагогикалық бағыт­тағы сырқат­тар мәселесін шешіп бе­ре­тіндер де бар. Өз басым ең күрделісі тұр­мыс­тық және медици­налық көмек көрсе­ту­ші­лердің жұмысы деп сезіндім. Аурухана бас-аяғы жеті бөлімнен тұрады. Ең біріншісі жа­зылу мүмкіндігі бар, аса қауіпті емес аурулар жататын бөлім. Аталмыш орынға табан тіреп, есігін де аштық. Ғимарат ауласынан көрген бірен-саран сырқаттың көпшілігі іште екенін сездім. Бірінші бөлімнің расымен-ақ қауіпсіз екені көрініп тұр. Уақыт пен мезгілге қарай өршитін ауру түрлерін бойына жиған науқастар осында. Сырт көзге сап-сау адамдар секілді. Сөйтсем олардың сырқаты біршама уақыт кідіріп қайта басталатын көрінеді. Жатын орындары жинақы, тап-таза. Кәдімгі демалыс орталығы секілді. Әр бөлімнің өзінің асханасы, денсаулық сақтау бөлмесі, сондай-ақ теледи­дар қарап, бір уақыт тыныстайтын орындары бар. Ерлер мен әйелдерге бөлек қабаттар қарастырылыпты. Иә, бұл бөлімнен сырттан алған секемім сейіліп кетті. Келесі бас сұққан бөлім де солай. Науқастардың арлы-берлі жүрісі болмаса, ел айтқан жындыхана дейтін­дей түгі жоқ. Жатын орындары жинақы, бәрі кіребе­рістен күлімдеп амандасты. Қойған сауалың жауапсыз қалмайтын бірден-бір орта осы екен. Мүгедектігі болмаса, жүйкесі ауытқыды деген тұжырым жасау қиын.

Келесі бөлімге кірмес бұрын басшының орынбасары біршама жайтты есіме салды. Үшін­ші бөлімде сырқаттардың асқынған­да­ры жататын­дығын айтып өтті. Кіреберістен ғимарат кере­ге­сіне сіңіп қалған жағымсыз иіс қолқаны алып кетті. Содан-ақ өзінің не істеп қойғанын білмейтін аурулардың ортасына түскенімді топшы­ла­дым. Шынымен де бұл бөлім науқас­тары көзіме тік қарап, бейне бір мазамды ал­дың дегендей тіксірейеді. Жүріс­тері де суыт. Ұмыт бола бастаған қорқы­ны­шым бойыма қайта оралды. Не керек, ешбіріне көңіл аудармай дәліз бойымен жүре бердік. Бірақ артымнан қалмай келе жатқандарын байқап үрейленіп барам. Бөлмелері де шашы­раң­қы. Қазір жинаса араға секунд салмай ша­шылатын көрінеді. Қоғамда қалыптасқан түсі­ніктегідей ойнақтап, секіріп жүрген бірі жоқ. Бә­рі­нің көңілі түсіп, жабырқаған жанарлары ғана қалған. Ол аштықтан, немесе жағдай­дың жоқ­тығынан емес. Тағдырдың тезіне түсіп, өмірдің ең ауыр өткеліне тап болғандар жабырқамай қайтсін?! Көңілі жарымжан, жүрегі жетім жан­дар жыла­маса секірмейтіні белгілі. Дәліз бойы­мен тіктеп келе жатып темір торға көзім түсті. Жоқ, темір торға емес, оның ішінде отырған шашы алба-жұлба, қап-қара келіншекті байқап қалдым. Біресе күліп, біресе жылап есікті ашыңдар деп айғайлаған әйелдің дауысы құлағымды жарып, көзі өң­ме­німді тесіп барады. Сырттағы сырқат­тар бол­са оның сөзіне әзілмен жауап қайыруда. Бей­­небір келекетіп жүрген сынды. Жалбыр­шаш, кең көйлекті әйелдің артында отырған үшеуі­н байқадым. Менен сескеніп тұр ма, әйтеуір бәрі бір қатарға тізіліп алыпты. Сөйт­сем әр бөлімде осындай «К» деп аталатын жер бар екен. Оған ауруы асқынып, қиын жағ­дай тудырғандар жабылатын болып шықты. Сон­дай-ақ, бір-бірімен ерегесіп, жағаласып жұды­рықтасуға барғандардың да орны осы. Суық жүзді, өмір­дің сынынан сүрінгендерді арт­та қал­ды­рып, келесі бөлімге бет түзедік. Жетер жерімізге келіп, есігін ашқанда дәл бағанағы иіс мұрынға бірден келді.

Жә, оны қойшы. Сәл жүргеннен соң бойың­ды үйретіп, ол иіске де дағдыланып алады екенсің. Бастысы, бұл бөлім жүрегіңді жібітеді. Иә, өмірді түсініп, күн кешіп жүргеніңе шүкір­ші­лік айтасың. Он екі мүшеңнің сау, аяқ-қолыңның барына тәубе дейсің. Мәңгілік төсекке таңылып, онысымен қоймай аяқ-қолынан айырылған жандарды көргенде көңілім күйреп кетті. Жана­рыма еріксіз жас ты­ғылып, өңешім өксікке тол­ды. Кембағал­ды­ғын қойғанда жүйкесі де сыр бергендердің дауы­сын естіп құлағым тұнып барады. Қиын. Қатал тағдыр дегенің осы екен ғой. Отыру, ол түгілі тұру жоқ, ол да ештеңе емес, бастысы, ыңғайлы жатуды да арман ет­кендер бұл бөлімде. Бұларды да­ла­ға төсекке салып көтеріп шы­ғып, қайтып ішке кө­теріп кіргізеді екен. Ал та­мақты төсек­те­рінде бе­реді. Бергенді шайнап, жұт­қан­нан басқа қызығы қалмағандардың қолынан түк те келмейді. Таңданғаным, дәл осылай 15-20, тіпті одан да көп жылды артқа тастап төсек тарт­қан­дар бар. Өмір мен өлімнің ортасында жат­қан науқастар маған өмірді түсіндірді. Кейбірі сөйлеуді де арман етеді. Ымдап бірнәрсе айт­қысы келеді. Әттең, тағдырдың соқпағы сырт­қа жанай­қайын шығарар емес. Жүрегім жылап, көңі­ліме мың сұрақты жинап бұл бөлімнен де шық­­тық. Әр­бірінің жатысы, іске икемделгісі кел­ген кө­ріністер көз алдым­нан кетер емес. Ау­ру­хана­ның әр бөліміне кірген сайын өмірдің әрқилы сынағын сезініп келемін.

Бесінші бөлім деп аталатын орында мейірімділіктің аса қа­же­ті жоқ. Қатулы қабақ пен темірдей тәртіп болмаса бұл бөлім нау­қас­тары тіптен қауіпті көрінеді. Расында да солай. Өзінің туған әке-ше­шесін өлтіріп, болмаса бауырларын жер жас­тандырып темір торға тоғытылып, кейіннен істе­ген ісі маза бермей жүйкесі жұқарғандар жа­татын жер бұл. Иә, түр­меде ауру болып, есінен айырылғандар. Сон­­дық­тан тәртіп керек-ақ. Бар­лығын бірдей сап түзетіп сыртқа шығарып се­руен­детіп, қайтадан сол әдіспен кіргізеді. Өз­дері де жұдырық­тас­қыш. Оны беттеріне түс­кен жара мен шеке­ле­ріне тиген ізден бай­қа­дым. Бірақ ол жүре­к­те­ріне түскен жараға қа­ра­ғанда түк емес. Же­тінші бөлімге жетке­нім­де беттеріне маска тақ­қан тәрбиешілер қарсы алды. Каран­тин ба деп таңданыспен сұра­ғанымда:

– Жоқ, бұл жерде туберкулезден айығып шық­қан аурулар жатады, – деді.

Мұнда да кәдімгі аурулар. Бірінші бөлім­дегі­дей амандасып, күлімдеп, таңданып жү­р­гендер бәрі. Бұларды туберкулезден айығып шыққандары үшін ғана оқшаулап ұстайды. Бөлім ішін аралап жүргенімде тағы бір тәр­биешінің: «Ренжімесеңіздер шыға тұрасыз­дар ма?» – дегенін естідім. Сөйтсем науқастың бірі­нің сырқаты сыр берген екен. Оны көзіммен көрдім. Бөлімдерді аралап, іштегі науқас­тар­дың халіне қанық болып сыртқа да шықтық. Алғаш ғимаратқа енген сәтте музыканың дауысын естіген едім. Іштей мән бермегем ол кезде. Енді, міне, сол музыканың ортасына түстім. Сырқаттардың көңілін бұрып, уайымдап қа­мықпауы үшін таңнан кешке дейін әуен қосылып тұрады. Түстегі екі сағаттық ұйқы уа­қытында тынышталады. Аулада небір нау­қасты көріп қайран қалдым. Бірі шаттанып би­леп жүр, екіншісі жанына өзі секілділерді жиып алып өзінше бірдеңені жоспарлап ба­ғуда. Ал кейбірі өмірдегі сәтсіз махаб­ба­тынан сүрініп, орталықтан ғашығын тауып бақыттан бал-бұл жануда. Қол ұстасып, құшақтасып, зеңгір көкке көз тастап арманда­рын құрып бара жатқандар осыған дәлел болса керек. Музыкаға құлағын да түрмей, би дегенді жақтырмаған тағы бірі ағаштың түбінде шылымын ширатып қалың ойға көміліп отыр. Сан түрлі адам, сан түрлі тағдыр. Өрімдей 18-ден бастап, сары уайымды 86-ға дейінгі жасты қамтитын жандар маған жатырқай қарап, таңданыс танытуда.

 

ҚАПАСТАҒЫ ҚЫЗ

Орталықта науқастардың өмірге ұмтылы­сын күшейтіп, қызығушылығын арттыратын бө­лімдер жұмыс істеп тұр. Интернат-үйінің ауласында жылыжай бар, онда әртүрлі өнім­дер өсірілуде. Өнген көкөністерді қамқор­лық­тағы адамдар өздері күтіп-баптауда. Мекеме ауласы толық жарықтанған, әр бұрышында бейнекамера орнатылған. Ол науқастардың қауіпсіздігі үшін қажет. Аурухана ұжымы Белоруссияға барып, ол жақтағы дәл осындай интернат-үйімен тәжірибе алмасып келген. Сондағы жерден қазылған тағам сақтайтын қойма аталмыш мекемеде де жү­зе­ге асуда. Құрылыс жұмыстары басталып кет­кен. Әлеуметтік-тұрмыстық дағдыларды үй­ре­тетін, науқастарды өз-өзіне қызмет көр­се­туге шақыратын арнайы кабинеттер же­терлік. Ол жерде сырқаттар тамақ дайын­дау, қонақ күту, гигиеналық тазалықты сақтау сабақ­тарын үйренеді. Сондай-ақ, қамқорлықтағылар үшін қолөнер бұйымдарын жасау шебер­ха­насы да жұмыс істейді.

Сырқаттардың жасаған заттарын көруге қызығып, ішке ендім. Бір үйдің адамда­рын­дай қауқылдасқан бір қауым қарсы алды. Әп-әдемі әңгімелерін үзіп алдым ба деп ыңғай­сыз­дандым. Әзіл-қалжыңдары жара­сып, жұмыс­қа ден қойғандардың бәрі орнынан тұрып амандасып жатыр. Әрқайсысы өз қолымен жасаған бұйымдарын көрсетуде. Мен де көңіл­дерін аулап, қызықтап бақтым. Расымен де шебер жасалған дүние. Сау адамның қолынан келмейтін небір кере­мет бұйымдар бар. То­қыл­ған жемпір, мон­шақ­тан жасалған ыдыс түрлері таңдай қақ­тырмай қоймайды. Шебер­лік­теріне шын алғы­сымды айтып бұл ортадан да шықтым. Келесі бас сұққан орнымыз ауру­лар­ды ар­найы емдеу бөлмесі болды. Бұл жерде те­ле­дидар арқы­лы жарық белгісімен емдеу, суық бассейн, сондай-ақ, небір массаж түр­лерін жасайтын аппараттар тұр. Ой-са­наны жетіл­діру үшін арнайы есеп сабақ­та­ры мен сурет салу бөлімдері қызмет көр­се­теді. Ол жер­ге енге­німде 50 жас шама­сын­дағы сыр­қат салған суретін көрсетіп, мақ­танып қояды. Қуанышы кәдімгі бала тәрізді.

Бұл бөлмеде сурет салдыру арқылы аурудың деңгейін анықтайды. Сонымен қатар, жаттығу залы да осы ортадан табыл­ды. Таңнан тұрып денсаулығына күтім жа­сай­тындар да көп. Би, домбыра үйірмесінің жұ­мысы да тәнті етті. Домбыраны серігіне айналдырғандар бар екен. Би десе ішкен асын жерге қойып, тек сонымен шұғылдануға ден қойғандар да осында. Ең кереметі, сырқаттар сауатын жоймасын деген ниетте кітапхана жұмыс істеп тұр. Кітапха­на­ға кірген бойда бос орынның жоғын байқадым. Көзіме сонау артқы орында жерге еркін жайғасып газет оқып отырған қарт түсті. Кідірместен қасына бардым. «Түсіне ме, оқи ала ма?» – деген сауал көкейімде тұрақта­ды. Сөйтсем ол кісі кітапхана ашылғалы шықпайтын оқырманның бірі болып шықты. Басқа ешнәрсе қызықтырмайды, күні бойы оқулық­тарға телміріп отыратын көрінеді. Алдыңғы орында отырған әйел адамның көк сиямен бірдеңені шимайлап жатқанын көзім шалды. Жанына барсам өлең жазып отыр екен. Оқуын өтіндім. Өлеңнің аты – «Тәуелсіздік». Ұйқасының мәз емес екені белгілі, бірақ тіркестері шымыр. Ең бастысы, ниетіне риза болдым. Өзі өмірдің қапасына түссе де елінің еркіндігін ойлап өлең жазға­ны жа­нымды жылытты. «Тағы да бар, тағы да», – деп келесі өлеңін бастай беріп еді, арт­қы орында отырған қыздың мен де өлең жазамын деген сөзі құлағыма жетті. Сол арада әңгімемізге тәрбиеші араласып: «Бұл Сахида есімді қыз. Өлеңдерін оқысаңыз өте тамаша. Біз оны жинақтап, кітапша ретінде құ­растырып та қойдық», – деді. Қыздың жа­ны­на бардым. Жер шұқыған жанарын жоға­ры көтерер емес. Басын төмен салып, сөзіме жауап беруде. «Өлең жазасың ба?» – деген сауалыма:

– Иә, кейде жаным қысылғанда, – деп жауап қатты. Бір жағы сырқат болған соң ойына келген бірінші сөзі осы шығар деп қабылдадым, бір жағы сөзі жүрегіме жетіп, әлдеқандай әсер етті. Қане оқышы деге­німде тәрбиеші:

– Ол өзі оқи алмайды, жаза да алмайды. Өлең жазғанда ойланып отырып, тек дыбыс­тай­ды. Ал жанында отырған Катя айтылған­дар­ды қағаз бетіне түсіреді, – деді.

Таңданысымды жасыра алмай себебін сұрағанымда тәрбиеші:

– Сахиданың жасы 26-да, ол ауруханаға кел­гелі көптеген жыл артта қалды. Екі жана­ры бірдей тас қараңғы. Қыз балаға тағдыр­дың сынағы ауыр-ақ, – деп күрсінді.

Жүрегім селт ете түсті. Жанарын жер­ден алмай отырғанын енді түсінген мен қыз­ды қатты аяп кеттім. Шимайланған дәптерді парақтаған Катя сиясы кеппеген жаңа өлеңді оқи жөнелді.

Уақыт өтеді, бәрі кетеді.

Маған да бақыт жетеді!

Қайда әкеліп тастады,

Тылсым тағдырдың жетегі?!

Аспанда жұлдыз, жерде гүл,

Жанып тұр бәрі, гүлдейді.

Белгісіз бірақ болашақ,

Жүрегім оны білмейді.

Жанардан жасым ағады,

Жүрегім, жаным жаралы.

Көрмесем де мен көзіммен,

Мен үшін өмір бағалы.

Жалғызбын, орным осы жер,

Мәңгілік мүмкін қаламын.

Қалсам қалайын, көрсе ғой

Жарық әлемді жанарым.

Болса, шіркін, жанымда демегенім,

Жалғыз досым – қаламым, өр өлеңім.

Туған күнді жыл сайын қарсы аламын,

Жалғыз өзім ішінде керегенің.

Жүректен толқып шыққан аяушылық сезім жанарыма жас болып тығыла берді. Тағдыр қинаған қыздың кіршіксіз көңілі өмірді сүюді үйретті. Көпті түйдім, осындай жерде жатқан, осындай кембағал қыздың қабілеті таңдандырды. Ойнап-күліп, өмірді өтпестей көріп, қадіріне жете алмай жүр­гендер ойыма оралды. Қапастағы қыз­дың қалауы – сол жерде қалса да жанары­ның көріп кетуі. Тәрбиешіге барып өлеңдерін жинастырып беруді өтіндім. Ақ қағазды тез арада ақтарып, қалғандарын өзім оқып шық­тым. Ех, өмір қатал-ақ. Жанарыма келген жас­ты байқатпай, қызға сәттілік тілеп, ол жер­ден де шықтым. Қол бұлғап тағы бір тағдыр қалды ту сыртымда.

Көпшіліктің түсінігінше жын бақсылықтан тар­қатылады. Көзіммен көріп, түйсігіммен сезгендей ауруханаға түскендердің басым көп­шілігі бел­гісіз елеске еліріп ауруға душар болған­дар екен. Ал тағдырдың соқпақ желіне шы­дас бермей сырқат болғандар өмірдегі өкініштерін мәңгілікке айналдырып, күйреп тынғандар көрінеді. Өкініштісі, біздің қоғам жүйке ауруына шалдыққандарға күлкімен қарайды. «Жындысың ба?» деп бір-біріне әзіл­деп жататындар да қаншама?! Жынды­лар жайлы әзілдерді де жиі-жиі құлағымыз шалады. Менің айтарым – ол әзілге айналды­ратын әншейін дүние еместігі. Кез келген адам жүйке ауруханасындағы жағдайды көзімен көрсе, бұлай жеңіл әзілге айнал­дыр­мас еді. Сыртқы әлемнен суықтық сезініп, тор­лы терезеден телміріп отырған­дардың тағ­дыры тіптен қиын. Олар – тағдырдың тезіне ұшырағандар.

Басшылыққа алғысымды айтып, мекемеден шығып барамын. Күзет бекетіне жеткенше санамды сан ойлар шырмап алды. Күзетшімен қоштасып сыртқа шықтым. Жап-жарық. Бөлек бір әлем. Еркіндік, өмір. Мен шық­тым, менің бұл ғимараттан шығуға құқығым бар. Ал іште жүздеген тағдыр қалды. Қаласа да, қаламаса да олар сол жерде өмір сүреді. Өйткені, олардың көпшілігінің толықтай жазылып шығуы екіталай. Жүй­кесі сыр берген 540 тағдырдың ауруынан айыққандары аз. Осы­ған дейін әлемде обыр дауасыз деп жеңіл түсініп келдік қой. Аны­­ғында, естің де емі жоқ екен. Артыма ұзақ қарап, ойға шом­дым. Темір есік, түйе бойынан биік қоршау мелшиген қалпы міз бақ­пай көз ұшында қала берді.

Еңбекшіқазақ ауданы.

Құралбек Сәбитов