«Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Білесіз бе, Талдықорған қаласында «Жунгарская» деген көше бар. Бойында 10 үй болса да қазақтың ата жауын ұлықтап тұр. Ал есесіне Алаштың маңдайына біткен жазушы Сайын Мұратбековке бір көше бұйырмапты. Қаламгерлердің шымбайына бататыны да сол. Өз туған топырағынан құрмет көрмеуі кімге болса да сын. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл классик жазушыға көше берілетінін ақжолтайлады. Жалпы, облыс орталығында 41 көше жаңа атауға сұранып тұр екен. Осы уақытқа дейін өзгертулерге мораторий кедергі келтірсе, биыл жетеуіне, 2028 жылға дейін қалғанына жаңа атау берілмек. Әкім сөзіне сенсек, осылайша Сайын Мұратбековтің есімі бір көшенің маңдайында жарқырайды.
Журналистерге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жоспарларын баяндауға келген қала әкімі брифинг барысын да жаңашалауға келгендей. Маңайына әр саланың жауаптыларын ерте келіпті. Мұндайда жауапты аумағы туралы сөз еткен қала һәм аудан әкімдері қарабасы жүруші еді. Бұл Ернат Дүйсенбекұлының ашыла да, көсіле де сөйлеуіне жасалған мүмкіндіктей көрінді. Туындаған сауалға тек әкім емес, салаға құзыреттілері де жауап беруге даяр деген сөз. Жаңашылдық мұнымен тоқтап қалмапты. Қала әкімі құр баяндауды жөн көрмегендей. Талдықорғанның дамуын бейнебаянда сөйлетіп, өзі сұрақтарға ғана жауап беруді жөн санапты. Құр сөзден іске дегендей ме?!
Сонымен, осы жылы Талдықорған қаласының дамуында оң динамика қалыптасыпты. Әдетте жиі айтылатын әңгімеге өте ұқсас болып тұр ма?! Шынында солай! Облыстың бас шаһарына 58 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіптік өсім 5,1 пайызды, ауылшаруашылығындағы өсім 3,4 пайызды құрап отыр. Қалада 251 өндіріс орны болса, оның 13-і ірі кәсіпорын. Жақында ғана олардың қатары толығып, «ASMA Industrial» ЖШС-нің баламасыз зауыты іске қосылды. Кәсіпорын директоры Серікбай Ажмағамбетов зауыт ашылуында жан-жақты қолдау білдірген қала әкіміне алғаусыз алғысын да жеткізген еді. Айтпақшы, келер жылы да қаладан тағы бір ірі өндіріс іске қосылмақ. Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың басында «Стальбетон» серіктестігінің газобетонды зауыты ашылады.
Қаланың келбеті сәулетімен айшықталуда. Әуелі жол салу жайына тоқталайық, «Бірлік», «Құлагер», «Жастар-1» шағынаудандары мен «Шығыс», «3-бөлімше», «Көктал» тұрғын аудандарында жол салу жұмыстары қарқынды. Бір ғана «Жастар-1» тұрғын ауданында 25,7 шақырымды құрайтын 53 көше жаңғыртылуда. Қала әкімінің жоспарына сенсек, «Солтүстік-Батыс» және «Жастар-2» тұрғын ауданында келер жылы жол жаңғырту жұмыстары үдейді. Тұрғындарды баспанамен қамтуда да қала әкімдігі құралақан емес екен. Ернат Дүйсенбекұлы жылына 1600-1700 пәтер өз иесін табуда деп сендірді. Орта есеппен жыл сайын баспана кезегінде тұрғандар саны 10-15 пайызға төмендейді екен. Мұншама қарқынды пәтер беру үшін де көпқабатты үйлер көп салынады. Жаңа аудандардағы құрылыстың қарқынды жүруі, осы аумақтардағы тұрғындар санының артуы әлеуметтік нысандардың да қажеттілігін тудырады. Қала әкімі облыс орталығынан 3 мектептің салынатынын да сүйіншіледі. Бір 900 орынды және екі 1200 орынды мектептің іргетасы «Жастар-2», «Батыс» тұрғын ауданында және «Көктал» шағынауданында қаланады.
Қаланың сәулеті тек ғимараттармен ғана толығып жатқан жоқ. Көркейту-көгалдандыруға да ерекше назар аударылып тұр. Биылдың өзінде 10 мың түп ағаш және 11 мың түп көпжылдық гүл отырғызылыпты. 2025 жылға жоспар да осындай. Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері ағаш егуде, бұта отырғызуда кетіп жүрген кемшіліктерді жиі айтып жүретін. Айтылған сөзден шыққан нәтиже, бірнеше жылда ғана саялы болатын қылқанжапырақты ағаштардан гөрі жапырақты көшеттерді отырғызуды қала әкімдігі қолға алыпты. Қаланы көгалдандыру үшін арық желілерінің де таза болмағы, жалпы судың келіп тұруы маңызды. Облыс орталығында 374,6 шақырым арық бар. Оның 195 шақырымы бетондалған, 178 шақырымы құр қазылған. Биыл 18,7 шақырым арық жаңғыртудан өтіпті.
Айтпақшы, қала әкімдігінің жеткен жетістігі – базар маңындағы жабайы сауда нүктелерін қалыпқа келтіру болды. «Әлдибек» сауда үйі маңындағы қалай болса солай орналасқан «бутиктердің» қазір бірде-біреуі жоқ. Әкім ажарды қашырған мұндай орындармен күрес толастамайтынын жеткізді.
Дастанбек САДЫҚ