Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Жыл басынан бері Текеліге 12,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қала экономикасын дамытудағы басым бағыттардың бірі де осы. Бұл ауылшаруашылық, өнеркәсіп, құрылыс және басқа да салалардың алға жылжуына үлкен мүмкіндік екені мәлім.
Брифингте моноқаланың әкімі елді мекеннің көркеюі үшін ең бастысы инвестиция тарту керек екенін, биылға 15 млрд. теңге жоспарлағанын айтты. Осы ретте шаһарда әлеуметтік нысандар салып жатқанын да сөз етті.
Қазіргі уақытта Текеліде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы қолданысқа берілмек. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында баспана сатып алуға қаражат бөлініп, 40 пәтерлі 20 жеке тұрғын үйдің құрылыстары аяқталуға жақын екенін атап өткеніміз жөн.
– Биыл біз 40 пәтерлі жалға берілетін 1 үй тапсырдық. Қазіргі таңда 40 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы бітті. «Отбасы банкі» арқылы ары қарай жұмыстар жалғасатын болады. Тағы 40 пәтер, 2 басты жер үй сатып алдық. Алда оны тапсыру мәселесі тұр. Осы жаңа жылға дейін жартысы беріледі. Келер жылдың басында тағы жартысын береміз, – дейді қала басшысы.
Қаланың су құбырлары 86%-ға тозғандықтан оларды ауыстыру қажеттілігі туындауда. Осы жылы «Қора» сүзгі стансысының жөндеу жұмыстары басталды, бұл тұрғындарға сапалы ауызсу беруді жақсартуға бағытталған. 2025 жылы Текелі қаласының магистральды су құбырлары желілерін реконструкциялау жұмыстары жалғасады, жоба бойынша 26,1 шақырым желі жаңартылады.
30 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы газдандыру жұмыстары әлі де жалғасуда. «Алия-Сервис» мердігер ұйымы газ тарату желілерін салып жатыр. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 194,2 шақырым газ құбыры салынуда, қазіргі уақытта 152,2 шақырым газ құбыры тартылды.
Медет ЖҰМАБАЙ