ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТАҒЫ ШЫРЫН ОЙ

Уақыты: 01.01.2025
Оқылды: 2168
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы кітапханасында «Қалам ұшындағы ғұмыр» атты қаламгерлер және өнер майталмандарымен кездесу өтті. Шара аясында шығармашылық жолдағы тұлғалардың туындылары, өмір жолындағы өнегелі істері жөнінде әңгіме өрбіді.


Мереке қарсаңында ұйымдастырылған кездесу кешіне жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков, баспагер, журналист, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы, театр және кино актеры, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ақын Әділғазы Қайырбеков қатысты. Шара тізгінін ақын Бақыт Беделхан ұстады.

Жиында жазушылар өз өмірінен сыр шертіп, оқырман жүрегінен орын алған шығармаларының жазылу тарихы мен мазмұны жайында кеңінен әңгіме қозғады. Алғашқы қалам тербеу сәтін, өміріндегі айтулы оқиғалар мен қызықты жайттарды баяндады. Сөз арасында жазушыға оқырман жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кештің көркін кіргізді.

Кездесуде әдебиет әлемі жайлы ғана емес, ұлт тағдыры, ел тыныштығы, жастар тәрбиесі жайында да тереңірек ой айтылды. Сөз соңында қаламгерлер жастарға аталық ақ бата берді.