АЛАШТЫҢ АЛМАХАНЫ

Уақыты: 10.01.2025
Оқылды: 1365
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көктем аңсап кісінеген кермедегі тұлпардың таңасты жарау хәліне қызығып, жонының құлпырғанына сүйсінген «Кішкене жігіттің» екі көзі бұлдырлап, өңешіне өксік тығылған. Жанар сығындысын сылып тастап құла түзге телмірген. Осыдан екі-үш жыл бұрын бақиға бет түзеген әкесі Нұрпейістің арда болмысын, тұрпатын көз алдына келтіріп, тұлпарын тайпалта қырға беттеп бара жатқанын елестетіп тұр. Әкеге деген сағыныштың салмағы жүрегін солқылдатса, жаңадан келген мұғалімнің «шашыңды алып кел, болмаса қидалап тастаймын» деген қатаң ескертпесі де бүйіріне шаншудай қадалған. Екіұдай сезім сергелдеңіне түскен 12-13 жасар өрімдей жанды өмір осылай тығырыққа тіреген. Құдай маңдайына жазған қос зайыбын аялап, екеуінен бір-бір қыз сүйген, тату тірлік түтінін түтеткен әкесі Нұрпейістің осы бір құлыншағын ағайындары еркелетіп «Кішкене жігіт» атап еді, енді шашыңды алып кел деп бұйырған жаңа мұғалім бар сырды әшкере ететінін ойласа көңілі байыз таппай кетеді.


...Зады қыз болса да бесігінен ұлмын деп ұмсынып тұрып, азаматтарша намысын жанып өсіп келе жатқан Кішкене жігітке сын-сынақ осылайша тосыннан келген. Тәрбиесі мығым ол замандағы мектепте шашы өскен бала көрсе ұстаздары қатаң ескертіп, тіл алмағанның тұлымынан да түк қалдырмайтын әдеті. 
Төбе шашы маңдайына төгілген ақсары бала үйіне келіп, қос шешесіне шашымды қиыңдар деген. Екі ана­­сының «Жарайды» деп келіскен рай танытқандары–  ­алдарқату екен.

– Нұрпейісов, егер ертең алдырып келмесең, қайшымен қиқалап тастаймын! Айттым ғой саған, төменгі кластың балаларына шаш қоюға болмайды, – деп екінші күні әлгі мұғалім Кішкене жігітке тағы да шұқшиған. 

– Апам ертең алдырам деді, – деп мұрын астынан борсия міңгір еткен Кішкене жігіттің бар сыры сол сабақ бітпей мәлім болған. Туысының қатар оқитын баласы: «Ол қыз, бірақ ұлдарша киінеді» деп айтыпты. Мұны естіген Кішкене жігіт өзге сабақтарға қарамай үйге қашып, шаңырақ табалдырығынан аттай сала ебіл-дебілі шыққан, етбетінен түсіп ұзақ жатқан. «Білмейді» деп сеніп келген сырын бүкіл ауыл білетініне, ол түгілі бірге оқитын сыныптастарына мәлім екеніне өкпелеген.

Міне, осылайша жастық шағын ұл бала секілді бастаған, еркекше киініп, жігіттердің арасында жұдырықтасып, орайы келсе боқтасып алғашқы мүшелге келген Алмахан кейін күллі қазақтың мақтанышына айналар тұлғаның бірі атанарын сезді ме екен?! Азаматтық үнін білдіріп, қоғам алдында  қос білегін түріп өнердің өкпек желін өңменінен өттіріп күрескер жан боларын білді ме екен?! Байыптай алмаймыз. Десе де: «Әкем екі әйел алған, бәйбішесі  Дәнақан апамыз. Ол кісіден Алтынхан деген әпкем болып еді, 20 жыл ілгеріде дүние салды. Артында ұрпақ қалды. Ал анам Гүлбаршыннан мен тудым. Екі шешей бір шаңырақ астында тату тірлік кешті. Әкейдің мұрагері болмаған соң  менен кейін ұл ерсін деген ырыммен ер балаға тән киім мен бұйымды менің үстіме жауыпты. Ер балаша киіндіріп, тәрбиелеген.  10 жасымда әкеміз дүние салған соң да «кішкене жүре тұрсын» деп менің қыз бала екенімді айтпаған. «Кішкене жігіт» атанған менің шалбардан көйлекке ауысуымның өзі – драма. Екі шеше бауырында ер балаша намыс қарпып, жалын шарпып өскенім де сораптап айтар сом дүние», – дейді жүзіне жылулық ұялатқан Алмахан Кенжебекова сәл жымиып.

 Иә, Нұрпейістей әкелерге ұл болып жүрген мың сан жұмырбасты бар. Алайда, ұлттың ұлы, ұлық өнердің жүгін тартар қара нары атану – екінің бірінің маңдайына жазылмаған жазмыштың сыйы дер едік. Әкеге ұл, қыз яки перзент болу – мұрадым-мұрат болса, ондайлардың қарасы қалың. «Бәленшенің баласымын», «Түгеншенің тегіненмін» дегеннің бәрі сол санатта. Алайда, жастай кеткен Нұрпейістің ұлындай желкілдеп өсіп, сол ұлға тән ұжданды ұлт қызметіне жұмсаған Алмахан Кенжебекованың өмір жолына қарап сүйсінесің. Шым-шытырық орман кезгендей әсерленесің. 

Алмахан Кенжебекова шын мәнінде өнердің өтінде мылтықсыз майдан кешті. Шындық үшін күресті. Өнердің өміршеңдігі жолында талай шикі дүниені сахнаға жолатпай, көлін қорғаған шүрегейдей шырылдады. «Әкем ерте кеткен соң анам Гүлбаршын жастай жесір қалғаны түсінікті дүние ғой. Жас болса да елге етегін аңдытпай тік жүріп, тірлік кешті. Отбасына, сертіне берік! Қызын ешкімнің босағасында жаутаңдатпай, күйеуінен қалған шаңыраққа еге болды. Күні-түні еңбек даласында ерлермен қатар жұмыс істеді. Түн жарымда үйге келіп шылымын тартып-тартып жіберіп «Аһ» деп күрсінетін. Күрсінгенде күн күркірейтін. Кейде қолына домбырасын алып сабап-сабап тартатын да, бұрышқа қарай атып жіберуші еді. Жетпістің желкенін керген жасымнан бастап шешенің сол күрсінгенін, домбыраны сабап-сабап күй төгетінін енді түсініп жатырмын. Күйігін солай шығарады екен ғой», – дейді өткені жайлы ой сабақтаған өнер адамы. 

Ширек ғасыр бұрын-ақ қазақ театр және кино өнерінің жарық жұлдызына айналған, бүгінде өзі туған өлкенің елі «Жетісудың бренді» деп асқан құрметпен айшықтар әртістің әдемі де әсерлі өмір жолының бір тұсын осылайша тебірене баяндағанымызбен негізінен оның орамды ой, өткір пікірін оқырманға жеткізуді мақсат тұтқанбыз.

– Ғұмыр-дарияның  асқақ кеудесіндегі тау толқындарға қарсы жан қайығын жүздірген кейіпкердей күмілжіп, кейде қуана өмірімді көзге елестетемін. Көбіне барын базарда тауысып, еңбегін елге беріп, өзі құралақан қалған көпестей көрінетін кездер де болады. Дегенмен,  сан соғысты бастан кешіп, ақырында сүлдерін сүйреп жеңіспен жағаға жеткен майдангер-ардагердеймін деп толыққанды айта аламын. Барымды ел өнерінің манатты сүрлеу-сүрдегіне, жасыл мәуіт, көк шұғаға бөленіп, өрісінің кеңеюіне арнаған жанның бірімін. Ал бұл жолда талай майданды, рухани талас-тартысты бастан кештім... – деген толғанысын естіп отырып Алмахан Кенжебекованың жанарына үңіле түстік. Алмастан да өткір қарашығына қамалған бір тамшы жас мөлт етіп үзіліп, кеудесіне тамып түсті. 3 жарым сағатқа созылған сұхбат барысында үш мәрте жылап, үш мәрте мейірлене өзін жұбатқан өнердің өр тұлғасының сол кермек жасының әр бөлшегінде ұлы қазақ елінің талайлы тағдыры, тарихы, қасіреті мен қуанышы жатқанын ет жүрекпен сезіндік. Ұлтын ерекше сүйетін, халқын төбесіне көтеретін бекзат жүрек соғысы жанға ыстық қайрат құйғандай дене шымырлады.

– Мен елдің тарихы мен танымынан тамыр үзген жан емеспін. Үнемі шерлі ғасыр, қасіретті жылдарды, Алаш арыстары мен өнер майталмандарының өмірін ойға оралтып отырамын. Ел тәуелсіздігімен тұтасып, егемендігімен етене болып кеткен жанмын. Біреу үшін бұл айтқаным әшейін көпірме болып көрінер, алайда өз елінің қамын Едігедей жеген ерлердің намысы мен нарқы, азаматтығы мен парқын білер өнер деп соққан жүрегім барда  жалған сөйлемейтінім анық. Мен ұлттың ұлық өнерінің, театрдың жолына саналы ғұмырымды арнағандықтан әрбір мәселеге үңілемін, сол жайлы толғанамын, – дейді «Жан қайығын жарға ұрып» деп жырлаған Ілияс Жансүгіровтің текті тіркесіндей жан қайығын өмір өзенінің тау толқындарына қарсы салған Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының анасындай көрінген ардақты жан.

Иә, саналы ғұмырын театрға арнаған Алмахан Кенжебекова Би апа театрының алғашқы кірпіші болып қаланғандардың бірі. Осы құтты шаңырақта, өнер ошағында содан бері 50 жылға жуық тарих түзіп үлгерді.

Жарты ғасырлық шежіресі бар өнер шаңырағының отын маздатып, талай таланттармен бірге ел руханиятына олжа салды. Шығармашылығын дамытты, ізденді. Мұңайды, қуанды, жылады. Руханият үшін күресер тұста тартынбай алға суырылды. Терсіңді еңбек пен телегей төзім арқасында жетісулықтардың парасат-пайымында «Театр анасы» деген атпен айшықталып келеді. 

– Тынбай еңбектенбесе талант та тасырқайды. Өнерінің көгін асқақ тұтып, қанағат қылып, өзі дөң-дөңестен аса алмаған өнер адамдарын көрдік. Ал кеудесіндегі ұшқынын үдетіп жалын болып маздаған, жанартауға айналған талант-тақсырларын да кездестірдік. Театрға келген жас өренді үнемі сынға алып, өнердің салтанатты сарайына олардың кірпіш болып қалануын қалайтын жанның бірімін. Өнер еркелікті кешіргенімен жалқаулықты жаратпайды. Жастар болмысынан еңбексүйгіш, ұлтжанды, өнерге табанды болуы қажет. Мен осы жолда оларға бағдаршам болуды өзіме қатаң қағида етіп алғанмын, – деген кейіпкеріміз жақында театрға бір жас маманды ұжымның ақылдаса келе жұмысқа алғанын баян етті. Көзінде оты бар болғанымен  көңілінде алаң басым жас маманды сынап көріп, ақырында театр өнеріне қажетті деген барлық шарт бойынша бақылаған ұжым мүшелері арасынан Алмахан Кенжебекова «Поэзия оқышы» депті. Мұзбалақ Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың, жыламағын» өлеңін оқыған әлгі жас алдында отырған өнер майталманының жүрек қылын дөп тауып шерте алмаған сыңайлы. 

                                           

– Ғажайып ақынның шешесіне арнаған өлеңі жалын атқан жасында жазылған жыр емес, өмірінің соңына таман, ғазиз жүректі анасына басу айту, мерейлендіру үшін бедерленген кесімі бөлек кестелі туынды. Оны оқыған ақынның көкірегінде дерт, көмейінде өксік бар. Ал оны әсерлеп, бояуды қанық қылып оқу – түбірімен қате. Қазіргі жастар шығарманың желісін білсе де мәні мен мазмұнына сана жетелете алмайды. Өнердің лүпілдеп соққан жүрек қағысына құлақ тосуды білмейді. Бұл – ащы да болса шындық! Бұны былай қойғанда күллі қазақ театры Ақан сері, Біржан салды сомдайтын шебер актерға зәру. Бірі домбыра шерте білмейді, шанаққа саусақ жүгірте алатындары сал-серілердей асқақ әнді нақышына келтіріп айта алмайды. Бұл – өнерге үлкен соққы болған мысал, – деп қабағына қайғы қондырды. Мұның өзі «Театр анасы» деген атты арқалай білген кейіпкеріміздің шынымен де осы атауға лайық екенін танытар толғамы ғой деп топшыладық.

Сырт көзге салқын, сұсты көрінер өнер адамының жанына жақындап, сырласа қалсаң көңілінің ақжайық екенін білуге толық негіз бар. Бұл ретте де Алмахан Кенжебекованың дарқан көңілінің күмбезі зерлі көрінді. Елдің жайы, жұрттың қазіргі хәлін толғанады. «Талғардағы Шерзаттың хәліне халық көңілі алаң. Мен де күйінемін, шерленемін. Тәуелсіз елде, заң мен тәртібі бар мемлекетте тұрып бір отбасын жер бетінен сетінетіп жіберу қаншалықты дұрыс? Жаның жылайды, жүрегің езіледі. Ақиқатын ашып айтар, елге жол нұсқар азамат іздеп жан-жағыңа алақтайсың. Жоқ қой! Бар болса қайманаға қайғысын арқаласа басу айтып, ақиқатты айшықтап, жалғанға жария етпей ме? Сол тақылеттес тақырыптарды толғасақ, елдің ертеңіне алаңдап күйінеміз» – деген жан сырын да жанарынан жас үзе толғаған Алмахан Нұрпейісқызы шын мәнінде кеудесі даңғыл өнер майталманы.

«Кеудесінің ділмарлар даналығына толы даңғыл, көңілінің ақжайлау болмысына табиғаты жіберер ме еді?» деп ойландық. Өйткені әкесі Нұрпейіс жылқышы болып Қамбарата төлінің асылын ерттеп мінген, өнерге зердемен зейін қойған адам. Әншілігі, күйшілігі бар. Ал Алмахан Кенжебекованың нағашылары түгелімен әнді әуелетіп, күйді көкірегіне сіңірген өнер адамдары екен. «Өнер маған екі жақтан да берілген деп ойлаймын. Әкемнің, анамның өнерсүйгіштігі бір төбе, нағашыларым он саусақ тұрмақ, бақайшағымен домбыра шанағын шебер басқан адамдар екен», – дейді мақала кейіпкері.

Тектілердің талантын тұғырға оздырған Алмахан Кенжебекова заманында ұлылардан дәріс алды, шеберлігін шыңдады. Ашаршылықта азаматы көшеде өлген жұрттың өлігін жинап, ұлттың мұраты үшін кеудесін қорғасын оққа тосқан тұлғалардан ділмарлықты, шешендікті, актерлік шеберлікті, елді сүюді, Отанды қастерлеуді толық жүрекке қотарды. Міне, осылайша бүгінге ел алқалаған аяулы жан, төрге озған кейіпкеріміздің әр сөзін тыңдай отырып, оның тұлғалық болмысын ашар дүниелерді де санамалағанымызды жасыра алмаймыз. «Біріншіден» деп бастаған мысалымыздың жалғасты тізбегі жиырма-отызға ұласқанда барып, жазар дүние ауқымданарын түсініп, қысқаша ғана атап өтуді жөн санадық.

Иә, біріншіден, Алмахан Кенжебекова дауылпаз актер. Ол 50 жылдық театр сахнасында 100-ден астам образ сомдады. Әрбір кейіпкердің диалог, монологын жүрегіне қондырды, солар болып жылады, ел деп қайғы жұтты. Қаһармандыққа негізделген образдарда елдің қайсар әйелі болып сахнаға шықты. Ана болып көкірегі қарс айырылды. «Қайран азаматтар, тау құламай неғып тұр, көл таусылмай неғып тұр? Сұбанқұл мен Қасымым, әкелі-балалы екеуі қандай диқан еді? Дүниенің тұтқасы осылар сияқты бейнеткерлер емес пе еді? Елді тойғызған да осылар, жау келгенде қолына қару ұстап, мекенін қорғағандар да осылар емес пе? Соғыс басталды екен, ол соғыста адам баласының ең асыл, он саусағынан өнер тамған азаматтары істеп жатқан жұмысын тастап, бірінің қанын бірі төгіп,  бірін-бірі өлтіруге мәжбүр болады екен. Ал енді мен бұған түк риза емеспін! Өміріме де риза емеспін!»,–  деп келетін ері Сұбанқұл мен баласы Қасым қатар қайтыс болғанда Жер-Анаға мұң шағатын Толғанайдың (Шыңғыс Айтматов «Ана Жер-Ана») трагедиялы монологы Алмахан Кенжебекованың да жан нілімен астасып кеткені анық. 100-ден астам осындай образ сомдап, жүз адамның жүрек сөзін, тағдырын бір өзі арқалап өмір сүрудің де салмағын осы жерден сезіне беруіңізге болады. Алмахан Нұрпейісқызы әрбір сахнада сомдаған образынан шыға алмай қаншама қасірет шекті, қанша рет қуанды, қанша мәрте көзінен мұң селдетті десеңізші...

Екіншіден, кейіпкеріміз үлкен күрескер жан. «Театрдың тынысы, өнердің жұмысы жолында балаларымыздың да тәрбиесіне, танымына мән бермедік. Өнер деп өре түрегелдік. Кендебай да, мен де өлмес өнердің отымен кірдік, күлімен шықтық», – деген сөзінен-ақ театр үшін тағдырын арнаған жанның бейнесін көзге елестетіп, болмысына сана жетелетуіңізге болады. Расында өнер үшін биліктімен де, иықтымен де, марғасқалар һәм можантопайлармен де рухани егеске түсті. Бір ғана мысал – министрліктен келіп жазған ортанқол жазбасынан «Ақын Сара» қойылымын қойғысы келген белді жазушымен де рухани шарпысып, «Мына дүниеңізде драматургия жоқ. Айып етпесеңіз, толықтырып, пісіріп-жетілдіріп алып келсеңіз екен!» деп айтқан Алмахан Нұрпейісқызы болатын. Сол секілді сан тараулы егеске ерлерше екілене барған кейіпкеріміз: «Рухани майдандасып, кейбір жанға жақпай, жақыныма сыйым кеткен күндердің бәрінде мен өнер үшін ғана сондай мінезге бардым. Жасықты асыл, асылды жасық дей алмаймын. Ол – менің болмысым! Қашанда асылды асыл, жасықты жасық деп келемін», – дейді алмастан өткір көзін жанарыма қадап.

«Үшіншіден» деп қайырып Үш жүзге аты жайылған атақты, құрметті жанның қасиетін түгел толғауға уақыт тар. Бастысы, Алмахан Кенжебекова бүкіл шығармашылық жанрды қамти алған тұтас тұлға, бірегей болмыс. Оның бір қырынан үңілсеңіз актер, ендігі бір қырынан қарасаңыз «Абай туралы аңыз» пьесасын жазған (Қойылым – М. Әуезовтің 100 жылдығына орай Алматыда (1997 жылы) өткен халықаралық театрлар фестивалінде III дәрежелі дипломға ие болған) драматург екенін танисыз. «Фариза», «Жас қайың» секілді Мұқағали бастаған қазақ ақындарының ғажайып өлеңдерін әнге айналдырған композиторлығына тәнті боласыз. Өнер мен өмірді өлеңге арқау еткен жырларына сүйсініп, ақын жүрегінің ақеділ толғамдарына тебіренесіз. Осылайша бір басынан бүкіл өнер табылған Алмахан Кенжебекованың әлеміне, әсерлі өміріне жанардың жалынымен сүйсіне көз тігесіз. 

«Ақын Сараның сахналануында өмірінің әсерлі көрініс табуын, жанды жазба, керекті драматургияның болуын қаладық. Сол жолда күш салдық. Бикен апамның атындағы театрда саналы ғұмырымды өткеріп, жарты ғасырлық тойына куә болғалы тұрмыз. Өмірдегі жеткен жетістікті, құрмет пен атақты ойлап жатқан мен жоқ. Егер қандайда бір белеске көтеріліп, ел алқауына, құрметіне бөленсем – Ақын Сара мен Бикен апаларымның  аруағының алқауы, өнерге барымды, нәрімді салып адал еңбек еткенімнен деп білемін», – деп толғанады театр майталманы. Кино әлемінде де өзінің образын ғажайып деңгейде сомдаған, «Көшпенділер» тарихи таспасында Шарыштың шешесі болып: «Жыла, қаншық, жыла! Көңілдің кірі жылағанда ғана аршылады» деп алапат образ түзген Алмахан Кенжебекованың 3 жарым сағатқа созылған толғамын, ел мен жер, өнер мен өмір тұрғысындағы ойларын түгел жазып біту қиын дүние. Сондықтан да азаматтық қуаты, тұлғалық қасиеті, батыр һәм анаға тән киесі мен жүйесі жайлы жарты ауыз толғанысымызды осымен тамамдауды жөн санадық! Бұл орайда да  қаңтардың    16-сы күні 75 жасқа толар ғазиз жанды мерейлі жасымен құттықтай отырып, ғасыр белесін бағындырыңыз деген тілекті де айшықтап өткіміз келеді. Би апа театрының жарты ғасырлық тарихы мыңжылдықтарға ұлассын!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ