Талдықорғандық 19 көпбалалы отбасы «Береке» коттедж қалашығынан жаңа үйлердің кілтіне ие болды. Тұрғындарды қуанышымен қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы барып құттықтады.
– Коттедж қалашығында 204 үйдің құрылысы аяқталмай, тоқтап қалған еді. Облыс әкімінің қолдауымен қайта қалпына келтірілді. Былтыр басталған 97 үйдің құрылысын аяқтап, тұрғындарға баспана кілтін табыстаудамыз. Жыл соңына дейін қалған үйлерді тамамдап, жұртшылыққа пәтер кілтін береміз, – деп ақжарма тілегін ақтарды. Сонымен бірге аталған қалашықтағы осы уақытқа дейін қаңтарылып тұрған коттедждердің кезең-кезеңмен реттеліп, биыл толығымен қолданысқа берілетіні айтылды.
Көптен күткен үйді иеленген жандардың қуанышында шек жоқ. Қонысқа ие болған жақындарын құттықтап, шашу шашып, ақжарма тілек айтушылар қатары да аз болмады. Үйлі болғандардың бірі – Әсия Балбырова қуанышын жасыра алмады.
– 10 жылға жуық үй кезегінде тұрдық. Өзім колледжде сабақ беремін. Жолдасым зейнеткер. Баспана алуға мүмкіндік болмады. Қолы ашық, жомарт жандардың арқасында үйлі болдық. Бізді осында әкеліп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымызда шек болмады. Мұндай жақсылықтың шарапатын қиналып жүрген әрбір отбасы көрсе деп тілеймін, – деді ол.
Көпбалалы отбасыларға 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
Айдар Қалиев