Балқаш көліне дейінгі жаңартылған жол туристік маусым басталғанға дейін ашылады. Лепсі ауылынан Балқашқа дейінгі реконструкцияланған учаскенің ұзындығы 27 шақырымды құрайды. ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Лепсі арқылы Балқаш көліне жаңа жолмен көлік қозғалысы туристік маусым басталғанға дейін іске қосылады.
Облысқа жұмыс сапары барысында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Мемлекет басшысының туристік әлеуетті дамыту және өңірдің жол инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі тапсырмасы бойынша орындалатын Лепсі – Балқаш автокөлік жолын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты.
Бұл учаске Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағалауына апарады және облыстың жаңа туристік нысандарымен шалғайдағы елді мекендерінің көліктік қолжетімділігін жақсартуда шешуші рөл атқарады. Қайта жаңарту кезінде жолдың ені алтыдан жеті метрге дейін ұлғайтылып, санаты V-тен III-ке ауыстырылды. Мұндағы барлық жұмыс аяқталған, нысан өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Жол объектісі жергілікті атқарушы орган қаражаты есебінен іске асырылды.
Сонымен бірге Марат Кәрімжанұлы Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай автокөлік жолын қайта жаңарту барысымен танысты. Онда 110 шақырым қайта жаңартылады. Өткен жол-құрылыс маусымының қорытындысы бойынша жұмыстардың 87 пайызы аяқталып, 55 шақырым жолға асфальтбетонның төменгі қабаты төселген, ал 20 шақырымға жабынның төменгі қабатын жайластыру орындалған. Жергілікті әкімдік барлық жұмысты 2025 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Өткен жылы Қарағанды – Алматы автокөлік жолын қайта жаңарту аяқталды. Оның ұзындығы шамамен 300 шақырым Балқаш көлінің батыс жағалауымен өтеді. Бұл жобаны іске асыру еліміздің солтүстік және оңтүстік аймақтары арасындағы көлік байланысын нығайтып қана қоймай, батыс жағынан Балқаш көліне ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етті. Көлік министрі, сондай-ақ, Лепсі теміржол вокзалына барып, оны да жаңарту күтіліп отырғанын айтты.
Айгүл Байбосынова